
Халқымыз қашаннан «Ақ мол болсын» деп, сүт өнімдерінің қадіріне ерекше мән берген. Сүт өнімдерін пайдалану көлемі жыл сайын артып келе жатқандығын ескерсек, бұл көрсеткішті бұдан әрі көбейту қажеттілігі туындайтыны айқын.
Киелі де қасиетті мекен — Райымбек ауданы өңірінде кәсіпкерлік саласы бойынша ұлттық табиғи өнімдерді өндіру арқылы бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырып, оны одан әрі дамыту жөнінде іскер азаматтар тарапынан нақты жұмыстар жасалуда. Ауданымызда экологоиялық сапалы табиғи таза сүт өнімдерін шығару бойынша Қарасаз ауылында орналасқан нәтижелі қызметімен өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген коммерциялық ұйымдардың бірі «QARASAZ FOOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің айтарлықтай үлесі бар.
Аталған серіктестік ауданымызда 2019 жылдан бастап қызмет атқарып келеді және оны абзал азамат — ұлт жанашыры Сәбит Төленұлы Әлиев басқаратын сүт зауытының жұмысы жыл санап кеңейіп, онда шығарылатын өнімнің де көлемі арта түсуде.
Бүгінгі таңда ірімшік, май, қаймақ, айран және басқа да экологиялық таза сүт өнімдеріне сұраныс артып келеді. Аталған сүт зауыты қазақстандық сүт өнімдері нарығын дамытуға және өңір экономикасына қомақты үлес қосып отырған бірден бір кәсіп екенін айта кеткен жөн.
Жаңа өндірістік кәсіпорынды құру жобасын іске асыру ауданымызда жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік дамуына оң әсер беретіндігі сөзсіз. Қазіргі таңда жалпы саны 20 қызметкерден тұратын серіктестік өзінің жоғары сапалы, табиғи сүт өнімдерін өндіру саласында Алматы облысы және Алматы қаласының нарығына жол тартып, бәсекелестік саласында лайықты орын алып келеді.
«Біз мамандарды таңдауда жергілікті тұрғындарға басымдық бердік. Қазіргі күнде ауылдың 20 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Бір қуаныштысы – жұмысқа қабылданған азаматтардың барлығы өз ісін жетік білетін мамандар. Цехта технолог, зертханашы, май дайындаушы, сүт қабылдаушы секілді мамандармен бірге әртүрлі жұмыстарды жүзеге асыратын қызметкерлер бар. Олар жұмысқа арналған арнайы киіммен қамтылған. Бастысы, санитарлық талаптар, техникалық қауіпсіздік ережелері қатаң сақталған. Қызметкерлердің өз ісіне жауапкершілікпен қарайтыны қуантады», – дейді кәсіпкер.
Иә, зауыттың бір бөлігінде құрт, енді бір бөлімінде сүзбе, ірімшік, май, айран жасап жатқан қызметкерлердің маңайына мойын бұруға мұршасы жоқ екендігі көрініп-ақ тұр. «Адал еңбек бәрін жеңбек» дегеннің мәнін осындай болар. Расында да технолог маманнан бастап, білек сыбанып тер төгіп жатқан өзге мамандарды көргенде жұмыс үдерісінің оңай еместігін бірден түсінесің. Сүт қабылдау кезеңінен бастап, сүт өңдеу үдерісінің басы-қасында жүретін мамандардың еңбегі адал.
Сәбит Төленұлы Әлиевтің басшылығымен «QARASAZ FOOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің кәсіби қызметінде тиісті принциптерді басшылыққа алатындығымен ерекшеленеді, атап айтқанда, серіктестіктің алға қойған миссиясы: «Тұтынушыларға заманауи технологиялар мен қатаң экологиялық стандарттарды сақтай отырып, жоғары сапалы табиғи сүт өнімдерін ұсыну». Серіктестіктің ұстанатын құндылықтары: «жауапкершілік, үнемділік, даму, сенім және серіктестік». Алға қойған мақсаты: «компанияны заманауи стандарттар бойынша дамыту, өнім сапасын арттыру үшін инновациялық шешімдерді енгізу». Коммерциялық ұйымның миссиясы, құндылықтары мен мақсатының айқындалуы дегеніміз – бұл серіктестіктің алдағы уақыттағы ұзақ мерзімге жоспарланған бағдарламасы бар әрі үздіксіз дамуға бағыт сілтейтін көрсеткіш болып табылады.
Жалпы «QARASAZ FOOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – жас, әрі жылдам дамып келе жатқан кәсіпкерлік субъектісі болып табылады. Алғашқы қызметін 2020 жылы Қарасаз ауылында өндірістік ғимаратты салудан бастап оның құрылысы екі қабаттан тұратын, жалпы аумағы 952,2 м² табиғи сүт өндіру цехы 2021 жылдың жаз айында пайдалануға тапсырылды. Сол жылы сағатына 5 тонна сүт өңдейтін жабдықтар жиынтығы сатып алынды. Аталған жабдық Кеден одағының «Сүт пен сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» және «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптарының барлық нормаларына сәйкес келеді. Кәсіпорын сүттің қауіпсіздігін басқару жүйесі бойынша СТ РК ISO 22000-2019 халықаралық стандартына сәйкес сертификатталған. 2022 жылы аталған кәсіпорын сүт өнімдерінің кең ассортиментін шығаруды қолға алған.
Өндіріс үдерісі тау етегіндегі шаруа қожалықтарынан жан-жақты сапалы сүтті жинаудан басталып, одан әрі жиналған сүт тасымалдағыштармен зауытқа жеткізіліп, қабылдану мен алғашқы өңдеуден өтеді, содан кейін ол терен өңдеулеуге жіберіліп, әртүрлі сүт өнімдеріне айналады.
Шикі сиыр сүті сапа стандарттарының және бекітілген санитариялық — гигиеналық нормалардың талаптарына сәйкес өңделінеді. Дайын сүт өнімдерінің барлық ассортименті тек табиғи сиыр сүтінен және Мемлекетаралық стандарттардың (ГОСТ) талаптарына сәйкес шығарылады.
Қазіргі таңда «QARASAZ FOOD» зауытында 15 түрлі сүт өнімдері өндіріледі, атап айтқанда, пастеризацияланған сүт, қаймақ, ірімшік, айран. сары май, құрт сияқты дәстүрлі ұлттық өнімдер.
Дайын өнімдер сақтау нормаларына сәйкес тоңазытқыш және мұздатқыш камераларда сақталып, одан ары, өнімдер халыққа сату орындарына арнайы көлікпен, температуралық режимді сақтай отырып жеткізіледі. Сүт өнімдерінің таратылуы негізінен шағын сауда орындарына («үй маңындағы дүкендер»), Қонаев қаласына және Алматы облысының аудандарына, сондай-ақ Алматы қаласының ірі сауда нарықтарына бағытталған. Өнімді дүкендерде жақсы тану үшін QARASAZ FOOD фирмалық таңбасы бар тоңазытқыштар орнатылған. Өңделген өнім көлемі жиналатын сүт мөлшеріне байланысты. Сүтті орташа тәуліктік жинау қазіргі уақытта тәулігіне 12 тоннаны құрайды, жазғы маусымда бұл көрсеткіш тәулігіне 16-18 тоннаға жетеді.
«QARASAZ FOOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Райымбек ауданы және Алматы облысының әлеуметтік өміріне белсенді қатысады.
Өндірістік қуаттылықты ұлғайту Райымбек ауданының шағын шаруа қожалықтары мен тұрғындарынан сүт жинауды көбейтуге мүмкіндік беруде — бұл тұрғындарды жұмыспен қамту және табыстың өсуі есебінен аймақтың әл-ауқатының өсуіне және әлеуметтік дамудың жақсаруына әсерін тигізуде. Одан бөлек, «Қонаев» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп табиғи өнімдерді мемлекеттен әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін нарықтық бағадан төмен, белгіленген баға бойынша сатылады.
«QARASAZ FOOD» серіктестігі облыс аумағында өткізілетін азық-түлік жәрмеңкелеріне үнемі қатысады. Қажетті консерванттарды қолданбай-ақ, Алматы қаласы және Алматы облысы тұрғындарын табиғи сүт өнімдеріне деген қажеттіліктерін қанағаттандырумен қатар, табиғи сүт өнімдерін орта мектептерде және санаториялық сауықтыру объектілеріне табиғи өнімдерді пайдалануда халықтың, соның ішінде жастардың денсаулығына оң әсер ететіні сөзсіз.
QARASAZ FOOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Сәбит Төленұлы Әлиев елеулі еңбегі арқасында 2022 жылы Райымбек ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, 2023 жылы «Үздік кәсіпкер» номинациясы бойынша Райымбек ауданы әкімінің «Жыл үздігі — 2023» дипломы табысталды. Сол жылы «Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» Қазақстан Республикасы Ауыл шарушылығының министрі Ербол Қарашөкеев Алғыс хат марапатына ие болды. 2024 жылы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Аймаққа еңбегі үшін» атты төсбелгісін абыройлы еңбегі үшін кеудесіне тақты. 2025 жылы «Азық-түлік тауарларын және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталып, оны «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталов салтанатты түрде табыстады. 2025 жылдың 29 қазаны – Қазақстанның кәсіпкерлері күні мерекесіне байланысты Алматы облысының экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алғыс хатымен марапатталып Райымбек ауданының өзге де кәсіпкерлеріне үлгі көрсетті.
Осындай нәтижелі қызметтің арқасында Сәбит Төленұлы ерен еңбегімен, ұлағатты істерімен және кәсіби біліктілігімен ел сенімін толық ақтауда.
Қорыта айтқанда, алдына қойған мақсатына қол жеткізіп, өзіне, отбасына ғана емес, қоғамға да пайда келтіріп отырған Сәбит ағамызды мақтан тұтуға әбден болады. «Еңбек пен бақыт егіз» демекші, адал еңбегі арқылы талай асуларды бағындырып, замандастарына үлгі болып отыр. Жүрегі «Отан» деп соққан іскер ағамызға еңбегіңіз жаңа берсін! Елге жасаған жақсылығыңыз еселеніп қайтатыны анық! демекпіз.
Гульназ ТУКМУЛДАЕВА,
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Райымбек аудандық филиалының
директоры

