Еліміздегі айтулы мерекелердің бірі, 12 тамыз — Жастар күні және 15 тамыз — спорт күні. Аталмыш мерекелерге жыл сайын аудан көлемінде ерекше назар аударылып, аталып өтіледі. Биыл да дәстүрден жаңылмай, аудан жастары мерейлі жастар күні мен спорт күнін жоғарғы деңгейде атап өтті.
Оттай маздап, жалынымен жанды баурайтын жастардың төл мерекесіне аудан орталығы Нарынқол ауылында Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақта ерекше форматтағы іс-шара өтті. Ашық аспан астында ерекше көңіл көтерген жастардың қуанышына ортақтасып, мерейлі мерекемен құттықтауға аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанарбек Жантөреұлы арнайы ат басын бұрып, жиналған қауымды спорт күнімен, жастар күнімен құттықтады, құттықтау сөз барысында ауданымыздағы жастар саясатын жүзеге асыруға жұмыла күш салып жүрген бірқатар жастарға марапат ұсынды.
Жастар-ел ертеңі. Көзінде жалын ойнап, күш-қуаттары тасыған, мүмкіндіктері шексіз жастардың әр күні мереке. Бүгінгі күні жастарға елімізде де ауданымызда да өз мүмкіндіктері аясында жетістіктерге жетуге шексіз мүмкіндіктер қарастырылған. Ауданымыздағы жастар санының артуы да көз қуантады. Қаладан білім алып, маман болып, алғашқы еңбек жолын ауылдан бастап, туған жерге туын тігіп жүрген жастар қарасы көбеюде. Жастар — дамудың негізгі күші, еңбектің негізгі күші. 1999 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы жастардың қоғамдағы рөлін айшықтап, олардың идеялары мен бастамаларын қолдау үшін 12 тамызды арнайы жастар күні деп бекіткен еді.
Жастар күнімен жуықтас, 15 тамыз — спорт күні. Спорттың адам өміріндегі, қоғам өміріндегі маңызы айтпаса да белгілі. Осы ерекшелігіне орай да, спорт күні ерекше маңызға ие мерекелердің бірі.
Мереке қатысушы қауымға ерекше көңіл-күй сыйлап, көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Өз тілшіміз

