«Жасыл ел» – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып, ұлан-ғайыр мекеннің барлық аймағында бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді. Аталмыш бағдарлама он екі жыл ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды.
Биылғы жылғы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының Қонаев қаласында 8 тамызда ашылу салтанаты болып өтті. Ауданымыздан жастар еңбек жасағына 14-17 жас аралығындағы 200 жасөспірім тіркеліп, туған жердің экологиялық проб- лемасын шешуге үлес қосумен қатар, өз қажеттіліктеріне өздері қаражат тауып, еңбекақыға жұмыс жасауда. Жастарды президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Адал адам — Адал еңбек-Адал табыс» қағидасына жетелейтін бұл бағдарламаның игілігі мол. Жалынды жастарды қол еңбегіне баулып, өз қабілеттері мен күштеріне негізделген еңбек нәтижесінде табыс табуға үйрету — аса маңызды. Сондай-ақ, жасөспірімдер үшін өз күштерімен табыс табу — жасөспірімдік басты қызығушылықтардың бірі болып саналады. Осы тұста, еңбектің жас талғамайтынын айта кеткен жөн. Еңбекке ерте араласудың зияны жоқ.
Аталмыш бағдарлама тек жастарды еңбекке баулуды мақсат етпейді, Олардың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға ықпал етіп, Таза Қазақстан қалыптастыруға септіктерін тигізуге мүмкіндік береді. Ауданымыздағы «жасыл ел» еңбек жасақшылары аудан орталығындағы саябақтар мен қоғамдық орындарды көгалдандыруға, қоқыстан тазартып, ретке келтіру мақсатында екпінді еңбек етуде, жұмыс барысын аудандық жастар орталығының мамандары арнайы қадағалап, оқушылардың жұмыс кезіндегі қауіпсіздіктерін бақылайды.
Жасыл ел- жастардың оң имиджін қалыптастыруға, оларды адал еңбек пен адал табысқа үйретуге бағытталған аса маңызды бағдарлама, жастардың уақытын тиімді өткізуге таптырмас мүмкіндік.
Ақерке БИЖАН

