Биыл, 2025 жылы, Қазақстан Республикасының Конституциясына – 30 жыл толып отыр. Бұл – еліміз үшін ерекше тарихи кезең. Себебі дәл осыдан отыз жыл бұрын, 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Ата Заңымыз – тәуелсіз еліміздің құқықтық, саяси, әлеуметтік негізін қалаған басты құжат, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуының кепілі.
1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституция тәуелсіз Қазақстанның дамуына жаңа серпін берді. Конституцияда мемлекетіміздің негізгі қағидалары – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені нақты көрсетілген. Ата Заңның басты құндылығы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл қағида елде жүргізіліп отырған барлық әлеуметтік және мемлекеттік реформалардың өзегіне айналды.
Осы үш онжылдықта Қазақстан Республикасы өз Ата Заңының аясында түрлі салаларда үлкен жетістіктерге жетті. Саяси тұрақтылық, экономикалық даму, әлеуметтік қолдаулардың кеңеюі – бәрі Конституцияда белгіленген нормалардың өміршеңдігін дәлелдейді.
Атап айтқанда:
• Мемлекеттік басқару жүйесі реформаланды;
• Парламент пен жергілікті мәслихаттардың рөлі артты;
• Құқық қорғау жүйесі жаңғыртылды;
• Азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейі күшейтілді;
• Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары заңмен нақты бекітілді.
Қазақстан Конституциясы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың берік негізін қалады. Ол ел ішіндегі ұлтаралық татулықты, азаматтардың теңдігін, еркін пікір айту бостандығын қамтамасыз етеді. Бүгінде еліміздің Ата Заңы – Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерінің, тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі ретінде мойындалған.
Бүгінде елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік, саяси және экономикалық реформалар – Конституция нормаларына сүйене отырып жүзеге асуда. Атап айтқанда, 2022 жылғы реформалар нәтижесінде Конституциялық Сот құрылып, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілді. Бұл өзгерістердің барлығы – Ата Заңның өмірмен үндесіп отырғанының дәлелі.
Медико-әлеуметтік сараптама (МӘС) саласы да өз жұмысында Конституцияны басшылыққа алады. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау, оларды оңалту мен қолдау шараларын заң аясында әділ ұйымдастыру – біздің қызметіміздің негізі. Конституцияда көрсетілгендей, әрбір азаматтың қоғам өміріне қатысуға, еңбек етуге, әлеуметтік қолдауға құқығы бар. Бұл – МӘС жүйесінің басты ұстанымы.
Қазіргі таңда МӘС саласы цифрландыру, ашықтық, қолжетімділік, қызмет сапасын арттыру бағытында үнемі жетіліп келеді. Бұл реформалар – Ата Заңда белгіленген құқықтар мен бостандықтардың нақты жүзеге асуына бағытталған іс-шаралар.
МӘС саласы – азаматтардың денсаулық жағдайын бағалап қана қоймай, олардың қоғамда өз орнын табуына, әлеуметтік қолдау алуға, заңмен белгіленген жеңілдіктерге қол жеткізуіне көмектесетін маңызды тетік. Ата Заңдағы «әлеуметтік мемлекет» қағидасы – біздің қызметіміздің арқауы. Әрбір шешімде адамның құқығы мен қадір-қасиетін ескеріп, әділеттілікпен жұмыс істеу – біздің азаматтық және кәсіби міндетіміз.
30 жылдық тарихы бар Конституция – еліміздің өткені мен келешегін байланыстыратын маңызды құжат. Бұл мерейтой – әрбір азамат үшін Отан алдындағы жауапкершілігін сезінетін, заңға құрметпен қарайтын, құқықтық мәдениеті жоғары ел болуға үндейтін сәт.
Ата Заңымыз – елдің тірегі, халықтың үні, Тәуелсіздіктің тұғыры. 30 жыл ішінде Қазақстан Конституциясы ел дамуының берік іргетасына айналды. Болашақта да оның қағидалары бізге жарқын жол көрсетіп, бейбіт өмір мен қоғамдық тұрақтылықтың негізі болары сөзсіз.
2025 жылдың 30 тамызы – тек мерейтой емес, ел болашағына сеніммен қарау күні.
Конституция күні құтты болсын! Ата Заң аясында – жарқын болашаққа бірге қадам басайық!
Б. Т. АМИРОВА,
Халықты әлеуметтік қорғау
саласындағы реттеу және бақылау
комитетінің Алматы облысы
бойынша департаментінің
№3 МӘС бөлімінің басшысы

