16.3 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратТабиғат байлығы - ел байлығы

Табиғат байлығы — ел байлығы

Су — тіршілік көзі

Ата-бабаларымыз ертеден-ақ түрлі  ауру-сырқауға шипалық емді табиғаттың өзінен тапты. Табиғаттың құшағында өмір сүре жүріп,  оның суының, асыл тастарының, өсімдігінің, минералды суларының  адам ағзасының сырқаттарына емдік қасиеттерін тани білді. Ағзаны тазартып, шынықтырудың және көптеген науқастан арылудың тиімді, қолайлы да, қарапайым және өзін іс жүзінде ақтаған түрлерінің бірі-сумен емделу. Өтейбойдақ бабамыздың кіндік қаны тамған Алматы облысы, Райымбек ауданы жеріндегі Кеген өзенінің сол жағалауында, Қарасаз ауылынан шығысқа қарай 14 км жерде орналасқан «Тұзкөл көлі» бар. Көл теңіз деңгейінен 1951 метр биіктікте жатыр. Аумағы 6,6 км, ұзындығы 5,7 км, тереңдігі 0,3 метр. Осы қасиетті көлдің тұзын ертеде Жетісу өлкесі тұрғындары пайдаланса, соңғы  жарты ғасырда оның сазды балшығын Алматының айналасындағы санаторийлер мен емдеу-сауықтыру орындары алдырып,  пайдалануда. Тұзкөл  көлінің  күн батысында «Елшенбүйрек»  тауы бар. Сол «Елшенбүйрек» тауының көлге қараған бөктерінен 9 бұлақ көзінен шыққан сулар көлге құяды. 1 бұлақтың суын ішсең терлетеді, ал 2 бұлақтың суын ішсең қанша ішсең де тоймайсың, ал 3 бұлақтан ішсең тәбетің ашылады деген ел ішінде аңыз бар.

Қазақ даласында қасиетті бұлақтар көзі өте көп. Мысалы, Алматы қаласының іргесінде тұрған «Әлмерек баба бұлақтары». Бұлақтар химиялық зертханада  зерттеліп, мемлекеттік рұқсат алынған бұлақ көздері. Біреуі қышыма-қотырға пайдасын берсе, екіншісі көз ауруларына, ал үшіншісі адамның ішкі ағзаларының ауруларына әсер ететін бұлақ көздері болып отыр.

Менің өзімнің көргенім бойынша (түс аяны) Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қаратоған ауылының күн батыс жағында 3 км жерде орналасқан «Айсабай және Жіңішке сай» тауларында кездесетін көптеген бұлақтардың көзін ашып, құрамын, адам ағзасына пайдасын зерделеп көрдім.  Алматы қаласына алып келіп, химиялық-лабораториялық зерттемеден өткізгенде, бұл бұлақтардың суының қасиетінің зор екенін дәлелдеді. Бұлақ суының өте пайдалы, өте таза екендігі анықталды. Судың құрамында фтор элементінің жоғары екендігі анықталды. Ол фтор элементі адамның иммунитетін жоғарылатады екен.

Қазақ даласының тауының бұлағының, өзенінің, сарқырамасының, суының адам денсаулығына емдік қасиетімен қатар, ол сулардың тастан-тасқа секіре ыршып, баяулап аққанының өзі адамның жүйке жүйесін емдеуге таптырмайтын ем болып саналады. Назарларыңызға «Айсабай және Жіңішке сай» тауларының бұлақтарының суларының арнайы зерттеу нәтижелерін ұсынсам. (Қазақтың ғалым-шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (XV гасыр) атты VI-Халықаралық Конгресі. Тараз қаласы. 24-26 шілде, 2009 жыл.)

Туған өлкеміздегі пайдалы

 өсімдіктер дүниесі жайлы

Аспан таулар аясында орналасқан Райымбек ауданы табиғаты әсем, жері көрікті, биік таулары қайың мен шыршаға толы, өзен бойы тал мен терекке, бозқараған мен шырғанаққа, тау беткейлері арша мен қылшаға толы көрікті мекен, Бағзы заманнан-ақ, ата-бабаларымыз өсімдіктерді зерттеп, танып біліп, оларға ат қойып, жеміс-жидектері мен дәнді дақылдарын азыққа, жапырақ, сабақтарын, гүл тамырларын дәрі-дәрмекке, тері илеуге пайдаланған.

Сондай-ақ, өсімдіктер оттегін бөлуші, табиғат көркі, дәрілік шикізат және мал азығы, тағамдық өнім болып табылады. Осы әмбебап пайдасына орай, адам баласы уақыт ағынымен өсімдіктерді жіктеп, танып-біліп, түрлі мақсатта пайдалана бастаған. Тіптен, халық арасында «Өсімдіктер-оттегі фабрикасы»,  «Өсімдік-басқа пана, жанға сая» деген тұрақты тіркестер жиі айтылып, өсімдіктің маңыздылығын салмақтай түседі.

Адамның ас қорыту жүйелеріне ғана емес, жалпы жан-дүниесіне өсімдіктерді емдік мақсатта жиынтық түрде пайдалану мүмкіндігі қазіргі кезде кең өріс алып отыр. Дәрілік шөптердің қасиеті көптеген ауруларға шипасы бар, олардың өсетін мерзімі, жинау уақыты, кептірілгендегі емге пайдалану уақыты әрқалай, оны жеке меңгеру аса сауаттылықты талап етеді.

Осынау пайдалы өсімдіктердің бірқатарына  тоқталып өтсек. Біздің аймақта кең тамыр жайған қара қарақат (черная смородина). Қара қарақат орман ішінде, сай-салаларда өседі. Тамыр қабығы мен жемісі денсаулыққа аса пайдалы. Көктемде, күзде тамырын қазып алып, қабығын сыдырып тастап кептіріп пайдаланады. Күзде жемісі үзіп алып кептіріп, қақ қатырып, қайнатып сақтайды. Қара қарақат жемісінің татымды дәмімен ғана емес, денсаулыққа пайдалы поливитаминдерді жидек ретінде пайдаланады. Қара қарақаттың жидегінен жұқпалы және сәуле ауруларына қарсы емдік әрі профилактикалық мақсатта қолданады. Жемісінің шырынын қан аздық, көк жөтел, тамақ ауруларында пайдаланады.

Қазақ емшілері табиғат дүниесінің қалыптасуы жан-жануар, өсімдіктердің тіршілік етуіне сай ауру-сырқаудың пайда болуы осы экологиялық ортада болатын өзгерістермен тығыз байланысты деп қараған. Өсімдіктердің өсу барысындағы әрбір бөліктерінің, мысалы, тамыр, сабақ, жапырақ, гүл, жеміс, тұқымдарының дәрілік мөлшері бір-біріне ұқсамайды.

Шырғанақ (облепиха) денсаулыққа аса қажет, әралуан биологиялық сергек заттардың мол болуы жөнінен шырғанақ көптеген жемісті және жидекті өсімдіктердің бәрінен асып түседі. Емдік қасиеті жағынан қышқылдау, денеге жиналған сұйықтықты айдап, несепті көбейтеді. Сонымен қатар, қан қысымын төмендетеді. Шырғанақ майымен асқазан жарасын жазуға болады. Терінің бүрілуіне, жатыр мойнының қабынуына пайдаланады.

Бүлдірген (земляника) — ең ерте пісетін жидек дақылы, жемісі дәрумендердің бай қоры. Асқазан-ішек жұмысын жақсартады, тағамға деген тәбетін ашады, ас қорыту органдарының қабынуын басады. Бауыр, бүйрек ауруларына ем. Бүлдірген жемісі анемияға бірден-бір ем, жүйке жүйесінің жұмысын жақсартады. Жапырағы қызыл-сары түске боялғанда жинау қажет. Жапырақ тұндырмасы сары ауруға, туберкулезге, қуық ауруына, ісінуге, жара, бөртпелерге қолданылады.

 Долана. Жүректің бұлшық еттерінің жиырылуын күшейтеді, қажығанда қуат береді. Долананы ас қорыту бұзылғанда, көк бауырды қуаттандыратын дәрі ретінде, іштегі желді шығаруға ем ретінде пайдаланады. Қан қысымы төмен адамдарға долананың сусынын ыстықтау күйде, ал қан қысымы жоғары адамдарға салқын күйде ішуі керек. Өйткені қан қысымы жоғары болса, ол одан да жоғары көтеріп жіберуі мүмкін.

Қалақай. Қалақай дене құрысуын жазады, қанды теңшейді, мамыр айында жиналған қалақайдың емдік қасиеті өз бабында, аса жоғары болып тұрады. Адам организмін тазалауда да қалақайдың орны ерекше.

Итмұрын. Бұл жемістің құрамында адам ағзасына керекті заттардың бәрі бар, поливитаминді қоспа деуге толық негіз бар. Итмұрын былай қолданылады. Бір стақан суға итмұрынның 5-6 жемісін және бір шай қасық қант салып, 5 минут қайнатып, тұндырып, сүзіп ішеді. Бір стақаннан күніне 2 мәрте ішуге болады. Ал итмұрынның гүлі жүрек ауруына бірден-бір ем.

Ермен. Дәрілік мақсатта ерменнің жер үсті бөлігі пайдаланылады. Ермен тұнбасымен бүйрек, бауыр, көк бауыр, сары ауру, шемен, безгек, астма, ревматизм, геморрой, экзема ауруларын емдейді. Ауыздан шыққан жағымсыз иісті кетіріп, асқазан ауруларын емдейді. Дегенмен, ермен дәмі жағымсыз ашты болғандықтан, тұнбаға бал қосып ішуге болады.

Жуа. Қаратоған ауылында, Байынқол өзендері бойында бозқарағанның арасында жуа өте жиі өседі. Кішкене күнімізде ата-аналарымыз жуа жесең, көзіңнің нұры қуаттанады дейтін. Тас жуа Үкірші бойындағы тау беткейінде көп өсетін. жұлынған соң көп уақытқа сақталмайды, жиналып алынған соң тездетіп пайдалану керек.

Қайың. Қайың шырыны өте пайдалы. Қайыңның бүршігін несеп жолдары ауруларында, бүйрек ауруларында пайдаланады. Әйел адамдарының ауруларына 2 ас қасық қайың жапырағын 200 грамм ыстық суға 5 минут қайнатып, 1 сағат тұндырып, осы қоспаны 50 грамнан күніне 4 рет ас алдында пайдаланған жөн. Емдік пайдалану уақыты 20 күнге созылады.

Арша. Халық емінде арша жемісі ежелден-ақ,   несеп айдайтын және қуықтың қабынуын басатын дәрі ретінде қолданылады. Аршамен тіс тазалау да пайдалы. Аршамен үйді аластау дәстүрі де ежелден көрініс тапқан, демек, аршаны халқымыз қастерлі өсімдік ретінде кие тұтады. Бұл дәстүр бүгінгі күні де жалғасын тапқан.

Аспантаулар мекені Хан Тәңірі баурайында дәрілік шөптердің, өсімдіктердің мыңдаған түрлері кездеседі. Дегенмен, Абай атамыз айтпақшы, «Әннің де естісі бар, есері бар».  Сол сияқты, шөптер мен өсімдіктердің де  улысы бар, пайдалысы бар. Сондықтан, әрбір өсімдікті түрлі мақсатта пайдаланар алдында мұқият зерделеп, абай болған жөн. Еліміздің табиғат байлықтары- баршамызға ортақ. Табиғат байлықтарын өз орынмен пайдаланып, табиғи байлықтарымызды бірге сақтайық! Әр адамның денсаулығы мен өмір сүру таңдауы өз қолында.

Тұрсынай ЖАҢАБАЕВА,

рухани сауықтырушы

Жаңалықтар