16.3 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА ТАРТЫСТЫ  ТУРНИР ӨТУДЕ

АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА ТАРТЫСТЫ  ТУРНИР ӨТУДЕ

Ауданымызда  спортты серік еткен ардагер спортшыларымыз тұңғыш рет  арнайы команда құрып, ардагерлер лигасында топ жарып, үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Райымбек ауданының өзіндік құрамасы саналатын “Хан Тәңірі” командасы 2025 жылы құрылған.  Ардагерлердің игі бастамасы жергілікті кәсіпкерлер тарапынан да қолдау тауып, ерекше қарқын алды. Аз уақыт ішінде команда жанкүйерлерінің саны да едәуір артты. Бүгінгі күні “Хан Тәңірі” командасы Алматы қаласындағы  Ардагерлер лигасында бақ сынауда. 

Жаңа футбол командасының  құрылуына дәнекер  болған спорт ардагері, КСРО спорт шебері,  қоғам қайраткері, ұлт жанашыры   Мұқи Жантелі мырзаның елеулі еңбегі мен игі бастамаға мұрындық болғанын айта кеткен жөн. Ілгеріде түрлі жауапты мемлекеттік қызметтер атқарған Жантелі мырза Райымбек ауданының Құрметті азаматы.

Ауданымыздан құрылған футбол командасына демеушілік білдіріп, аға буынға ерекше қолдау көрсеткен демеуші де бөтен емес, ауданымыздың абыройлы азаматы “Юсупов Т” ЖК директоры, Талғар, Райымбек аудандарының Құрметті азаматы, кәсіпкер  Юсупов Тілек мырза. Тілек мырзаның  осыған дейін де жерлестерінің түрлі бастамаларына демеушілік көрсетіп жүргені аудан тұрғындарына мәлім. Тағы бір айта кетерлік жайт, Тілек мырза жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыруымен “Ерен еңбегі үшін” медальімен марапатталды.

Команданың үздік нәтижеге жетуі бас жаттықтырушыға, команда капитанына тікелей байланысты.  “Хан Тәңірі” командасының капитаны, бас жаттықтырушысы, еркін күрестен  Спорт шебері, тәжірибесі мол жаттықтырушы, қазақ күресінен Қазақ ССР спорт шебері- Ержан Баймолда. Сондай-ақ, команда құрамында үздік ойын өрнегін көрсетіп жүрген Нарынқолдан — Құныпияев Жанболат, Сарыбастаудан — Еркін Сатылғанов, Қақпақтан — Еркін Телақынов, Сарыжаздан-Манат Бексұлтанов, Таңат Искаков, Қаратоғаннан — Асхат Сатыбалдиев сынды азаматтардың еңбегі ерен. Сонымен қатар, командадағы  «Үздік бомбардир» Құралбаев Нұрлан мырзаның есімін ерекше атап өткен жөн.

Қазіргі таңда жалпы саны 18 команда қатысып жатқан футбол лигасында  “Хан Тәңірі” командасы  11-ші  турда 5 орынға жайғасса, «Үздік бомбардирлер» сапындағы Құралбаев Нұрлан мырза алғашқы үштік құрамында. Жерлес спортшыларымыздың нәтижелері алдағы уақытта ілгерілейтініне бек сенімдіміз, қазіргі жетістіктері де көз қуантады.

Алматы қаласындағы аталмыш турнир жазғы және қысқы чемпионаттар сипатында өткізіліп, алдағы жылдың сәуір айында қорытындыланады. Турнирде кезінде Кеңес одағы кезіндегі арнаулы  құрама  командада ойнаған, Қазақстан құрама командасында ойнаған ардагер футболшылар қатысуда.

Турнирге қатысушылардың жасы егде тартқанмен қимылдары ширақ, ойынға деген, спортқа деген құлшыныстары ерекше. Иә, расымен де спорт жас талғамайды. Адам өмірінің қай кезеңінде де спорт-ұзақ өмір кепілі.  Алматы қаласында ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген “Хан Тәңірі” командасының мүшелеріне айтарымыз алғыс, тілеріміз сәттілік! 

Сонымен қатар, аудан абыройын қорғап жүрген азаматтарды қолдап,  арнайы жүздесіп қайтқан аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанарбек Жантөреұлының қолдауына команда мүшелері дән риза.

Ардагер спортшылардың Турнирді жеңіспен аяқтауларына күллі аудан болып жанкүйерлік етеміз!

Ақерке БИЖАН

Жаңалықтар