

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының Алматы облыстық филиалының төрағасы Әділет Айтқазы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Президенттің спорт саласына қатысты бастамалары жастардың өмір салтына серпін береді.«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңызын ерекше атап өтті. Балаларға арналған үйірмелердің қолжетімді болуы, ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен қарттарға арналған спорт клубтарының ашылуы – ұлт денсаулығына бағытталған нақты қадам. Сондай-ақ кәсіби спорттағы ашықтықты қамтамасыз етіп, футбол клубтарын жекешелендіру ісін жеделдету қажеттігі де дер кезінде көтерілген мәселе. Бұл қадамдар еліміздегі спорттың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады», – деді Әділет Айтқазы.Оның сөзінше, Мемлекет басшысы айтқан міндеттер – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға зор мүмкіндік. Осы тұрғыда Алматы облысынан бастау алған «Чемпиондық рух» жобасы бүгінде ел бойынша жүзеге асып жатыр. Жоба аясында жастар чемпиондармен бірге таңғы жаттығулар жасап, спорттық шараларға қатысып келеді. Мұндай бастама жас ұрпаққа мотивация беріп қана қоймай, олардың сергек өмір салтын қалыптастыруына ықпал етуде.«Жолдауда айтылған бастамалар жастарға ғана емес, бүкіл қоғамға серпін береді. Спорт – тәртіп пен мақсаттылықтың, бірлік пен сергектіктің кепілі. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарға белсенді атсалысамыз. «Чемпиондық рух» сияқты жобаларды кеңейтіп, Президент бастамаларының өңірде және ел көлемінде жүзеге асуына үлес қоса береміз», – деді Әділет Айтқазы.Айта кету керек, бүгінде «Чемпиондық рух» жобасына мыңдаған жас қатысып үлгерді. Чемпиондармен бірге өткен әрбір жаттығу жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, оларға жаңа серпін беріп отыр.