Өмір- адам баласына берілген үлкен сый, берік табысталған аманат. Өмірге келген әр адамның басты миссиясы- межелі күнге дейін өмір сүру. Адам баласы ретінде өзіңе берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, адами құндылықтарды басшылыққа алып, ғибратты ғұмыр кешу. Дегенмен, өмір түрлі тосын сыйлар мен қарама-қайшылықтарға толы. Осындай салдары ауыр қарама-қайшылықтардың бірі — өз-өзіне қасақана қастандық істеп, өз өмірін қию. Ғылыми тұрғыда адамның бұл әрекеті — суицид ұғымымен сипатталады. Суицид ертеден-ақ, ғаламдық мәселелер қатарында. Бұл кесел жас талғамайды, осыған орай, жаһандық қауіпті сипат алған жасөспірімдер арасындағы суицид жайлы аз-кем қалам тербеп көрдік.
Жоғарыда аталғандай, суицид- өз-өзін қасақана өлтіру. Өлімнің бұл түрі өзге өлім сипаттарынан мүлде бөлек, себебі, мұнда өз өмірін қию туралы шешімді адам өзі қабылдайды. Бір мәрте ғана берілетін өмірді қиюға, жарық дүниемен қоштасуға адам баласының қалай батылы барады? Әлі оң-солын танып, өмірдің мәнін толық ұғынып үлгермеген жас жеткіншектер не үшін өлімге бел байлайды? Мынау тәтті дүниені қиып кетуге татитын қандай салмақты себептер болуы мүмкін?
Өкінішке орай, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, еліміз жасөспірімдер арасындағы суицидтен әлемде 19 шы орынға жайғасқан. Бұл көңіл қуантарлық көрсеткіш емес. Жас жеткіншектер мен ересек адамдардың өз-өзіне өлімге апаратын қиянат жасауын екі түрлі түсіндіруге болады. Себебі, жасөспірім- әлі кәмелет жасына толмаған бала. Ол өз әрекеттерінің салдарын дұрыс бағамдамауы мүмкін. Жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауына қоршаған ортаның, айналасындағы жандардың әсер ететіні белгілі. Осы тұрғыда жасөспірімдердің суицидке баруына бірнеше себепті зерделеп көрдік.
Халықаралық зерттеу нәтижелері жасөспірімдерді суицидке итермелейтін бірнеше факторларды топтастырды. Алдымен баланың суицидтік мінез-құлқына әлеуметтік жағдай мен отбасының әсер ету фактілерін қарастыралық, оның қатарында тұрмыстық-әлеуметтік жетіспеушілік, ата-анадан бөлек тұру немесе ата-анасының ажырасуы және ата-ананың психопатологиялық жағдайлары негізгі себептер тізбегі ретінде қарастырылған. Алғашқысы-тұрмыс таршылығы. Әлеуметтік аз қамтылған, жоқшылықтың қысымын көрген балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайы жиі кездеседі. Иә, тұрмыс таршылығы жасөспірімдер түгілі ересек адамдардың сағын сындыратыны анық, ал отбасындағы материалдық жетіспеушілік баланың мүмкіндігін шектейтіні мәлім. Өкінішке орай, кейбір жасөспірімдер бұл қиындықты жеңіп, жақсы өмір сүруге әрекет ету қажеттігін ескермей жатады. Өзі қатарластардан кем болғанша, бұл өмірден кеткен дұрыс деген келте түсінікті желеу етіп, қайғылы жағдайға ұшырап жатады.
Сонымен қатар, отбасында болып жатқан өзгеріс жасөспірім санасына үлкен ықпал ететіні айтпаса да белгілі. Бала өмірінде ол үшін аса қымбат әрі оларсыз өмір сүру мүмкін емес деп санайтын екі адам бар. Олар- әке мен ана. Бала үшін ересектердің ажырасу туралы шешімдері үлкен соққы саналады. Ата-ананың ажырасу үрдісінде балаға таңдау жасауға тура келеді. Бұл таңдау өз кезегінде бала үшін психологиялық қысым. Кейде жасөспірімдердің суицидке баруына ата- анасының ажырасуы да жеткілікті себеп болып жатады. Зерттеудің тағы бір нәтижесі жасөспірімдердің суицидке баруына ата-ананың психопатологиялық жағдайы әсер етеді деп тұжырымдаған. Ата-аналары қандай да бір зиян әрекеттерге әуес, депрессияға түсуге бейім жасөспірімдер де психологиялық әлсіз сипатқа ие болып, өзін өлтіруден қаймықпайтыны белгілі.
Кейде ата-аналар балаға тым ауыр жауапкершілік артады. Бұл жауапкершіліктер баланың іс-қабілетінен жоғары болып, бала оны орындай алмаса өзін түкке тұрғысыз сезініп, өмірде өзіне орын жоқ деп ұғынуы жиі кездесетін жағдай. Қарапайым мысал, еліміздегі білім саласындағы маңызды сынақ- ұлттық бірыңғай тестілеу кезіндегі жасөспірімдер жағдайы әрқашан ата-ана мен қоғамды алаңдатады. Ата-аналардың кейбірі оқушының аталмыш сынақтан сүрінсе, болашағының бұлыңғыр болатынын айтып, баласының бар өмірін шешуші сынаққа байлап қояды. осындай жауапкершілік жүгінен жалтарып, қателесіп көр. Оданда өлгенің артық. Мінекей, бар болғаны осындай көтере алмайтын жүкпен алысып-ақ, бала өмірден күдерін үзе салуға бейім.
Ендігі кезекте, суицидке баруға итермелейтін қоршаған орта мен жағдаяттық факторларға тоқталып көрелік.
Өз-өзіне қол жұмсауға бейім балалардың басым бөлігі- интернаттарда, балалар үйінде, түрлі түзеу мекемелерінде тәрбиеленетін кәмелетке толмаған жастар. Сонымен қатар, мектептегі қысым мен буллинг те өлімге бірден-бір себеп. Өзі үшін қолайсыз ортада, қатарластарынан шеттету көрген оқушылардың психологиялық өзгеріске ұшырап, мінез-құлқы тұйықталатыны белгілі. Өз-өзіне көңілі толмайтын жасөспірімдер, өкінішке орай, өз-өзімен жұмыс жасау қажеттігін түсінбей өлімге бел байлайды. Расымен де, қоршаған ортадан шетте қалу жасөспірімдерді ғана емес, ересек адамдардың да психологиялық қиындықтарына себеп болып жатады.
Тағы бір қызығы, жасөспірімдер арасындағы суицид үлкен қалалық аймақтарға қарағанда шалғай ауылдық мекендерде жиі орын алатын көрінеді. Ірі мегаполистердегі суицид деректері шалғай ауылдағы суицидтен екі есе аз екені дәлелденген. Дәлел орынды. Ойлап қарасақ, ауыл балаларының ұяңдығы, әртүрлі тақырыптарда ата-ана мен бала арасында ашық әңгіменің орын алмауы, уақытты тиімді өткізудің дұрыс жоспарланбауы да өз кезегінде жасөспірімнің суицидтік мінезін қалыптастыруы мүмкін. Әрине, бұл шалғай мекендердегі жасөспірімдердің баршасы дерлік өз-өзіне қол жұмсауға бейім деген сөз емес. Дегенмен, ғылыми зерттеулер нәтижесі көрсеткіші ауылдық мекендердегі жасөспірімдердегі суицид себептерін осылай түсіндіреді.
Суицид атты өлім түрі тұқым қуалайтынына сенесіз бе? Ғалымдар бұл сауалдың да жауабын тапты. Суицидтік жағдаяттардың едәуір жиі орын алатын түрі генетикалық факторлар әсерінен болып табылады. Яғни, суицидтік мінез-құлықтың қалыптасуы тұқым қуалауы әбден мүмкін.
Сондай-ақ, құлаққа түрпідей тиіп, талай ата-ананың зәресін алатын тағы бір дәлелденген тұжырым- суицидті ойға алған жасөспірім, тіпті ересек адам, оны ақыр соңында міндетті түрде жүзеге асыратын көрінеді. Бір рет ойға алған суицидтік жоспары орындалмай қалса, оны 6 ай көлемінде немесе бір жылдан кейін қайта қайталауы да әбден мүмкін. Осынау сипаттамаға қарағанда, бұл да адам санасын жаулаған дерт іспеттес.
Зерттеулер сонымен қатар жеке және генетикалық аспектілерді қоса алғанда, индивидуалдық-жеке факторлар мен суицидтік мінез-құлық арасындағы байланысты айқындады.
Алдымен, жеке факторлар жайын сөз етсек, өзін-өзі төмен бағалау, үмітсіздік сезімі, әлеуметтік қолайсыз мінез-құлық, өзін ештеңеге жәрдемсіз сезіну, ішкі санаға тәуелділік, ашушаңдық сынды жеке қасиеттер негізгі фактор болып табылады.
Көңілі таза жасөспірімдердің мезгілсіз ажалына сексуалдық бағдар да салмақты себеп бола алады. Зерттеулер соңғы жылдары гомосексуалдық, лесбийлік және бисексуалдық жастар арасында өзіне-өзі қол жұмсау қаупінің жоғары екенін анықтады. Мұның дәлелі қоғамдағы гомофобиялық көңіл-күйдің айтарлықтай әлеуметтік және жеке стрестік жағдайлар туғызатынында, бұл суицидтік мінез-құлықты арттыра түседі.
Аллаһ Тағаланың берген өміріне қиянат жасап, оны өз шешімімен тоқтату асыл дініміз исламда да- ауыр күнә саналады. Тіршілікте көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, уақытша сынаққа төзбей, өз-өзіне қол салу — Алла Тағаланың қаһарына ұшыратады, деген сенім бар. Осы орайда, өз-өзіне қол салудың тағы бір себебі өздігінген айқындала түскендей. Бұл- имани тәрбие жетіспеушілігі. Өмірдің қандай баға жетпес сый екенін дұрыс бағамдай білмегеннің әсері.
Жан-жақты зерттеу нәтижелері жалынды жасөспірімдердің осынау қайғылы жағдайға тап болуына бірнеше себептер барын көрсетті. Бала-ел ертеңі, егемен ел болашағы. Еліміздегі балаларды қорғау- күллі қоғамның міндеті болып табылады. Әрбір кәмелетке толмаған бала үшін — ата-ана жауапты. Сайып келгенде, барлығының шешімі- дұрыс тәрбие және қоршаған ортаның қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Жасөспірімдерімізді салмақсыз себептер әсерінен орын алатын мезгілсіз ажалдан сақтап, суицид атты қауіпті дертке тұсау салуға әрбіріміз қоғам игілігі, балғын балалар игілігі үшін ат салысайық!
Ақерке БИЖАН,
журналист