10.2 C
Нарынкол
spot_img
ДомойЖаңалықтар | НовостиПрезидент Жолдауында Alatau City-ге арнайы мәртебе беру тапсырылды

Президент Жолдауында Alatau City-ге арнайы мәртебе беру тапсырылды

Алматы облыстық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы  Қуат Байғоджаев

Құрметті ағайын!

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын бастамаларды жариялады. Бұл құжат – уақыттың сұранысына сай туған тарихи бағдар. Әрбір сөзінде елдің болашағына деген жауапкершілік, әрбір тұжырымында халықтың қамын ойлаған парасат жатыр.

Президентіміз ең алдымен экономиканың тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқаты жайлы айтты. Шағын және орта бизнестің ел өміріндегі рөлі артып келе жатқаны қуантады, бірақ өндіріс саласына бет бұру қажеттігі де баса айтылды. Бұл – халқымыздың еңбек мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, экономикамыздың шынайы тірегін қалыптастыруға бағытталған қадам. «Әр теңге халық игілігіне жұмсалсын» деген сөз – біздің мемлекетіміздің түпкі идеологиясына айналуы керек. Бұл тек қаржы саясаты ғана емес, әділдіктің, адалдықтың өлшемі.

Жолдаудың ең өзекті тұстарының бірі – цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу. «Digital Qazaqstan» тұжырымдамасын әзірлеу туралы бастама – Қазақстанды нағыз цифрлық мемлекетке айналдыру жолындағы шешуші бетбұрыс. Әлемде білім мен ғылымды игерген, технологияны меңгерген ел ғана бәсекеге қабілетті болады. Біз де осы бағытта аянбай еңбек етуге тиіспіз. Жаңа дәуірдің басты капиталы – адам санасы, білім мен қабілет екенін Президент тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Осы ретте ерекше тоқталатын мәселе – Алматы облысының аумағында бой көтерген Alatau City жобасы. Мемлекет басшысы бұл қаланы еліміздің алғашқы толыққанды цифрлық орталығы ретінде дамыту қажеттігін атап өтті. Президент тапсырмасымен он күн ішінде қалаға арнайы мәртебе беріп, Үкіметке тікелей бағынатын құқықтық негіз әзірленбек. Алты айдың ішінде басқару жүйесі мен қаржылық моделін қамтитын жеке заң қабылданатын болады. Бұл – артықшылық емес, қайта барлық бастаманың қағаз жүзінде қалмауы үшін жасалған институционалды негіз.

Alatau City – біздің өңірдің жаңа тынысы, инновация мен бизнес өркендейтін аймақ болмақ. Қытайға жасалған ресми сапар барысында осы жобаны жүзеге асыруға әлемдік деңгейдегі компаниялар тартылды. Оның ішінде әйгілі Шэньчжэнь қаласының дамуында тәжірибесі бар инвесторлар бар. Президент атап өткендей, Alatau City – смарт-технологиялар мен криптовалютамен төлем жасауға дейінгі барлық мүмкіндікті қамтитын заманауи орталыққа айналады. Бұл қала – Қазақстанның болашақ бейнесін айшықтайтын, технологиялық прогресс пен жайлы өмірді үйлестіретін символ болмақ.

Әлеуметтік салаға қатысты айтылған ойлар да әрбір қазақстандықтың жүрегіне жетті. Артық жеңілдіктер мен жасанды көмек емес, шын мәнінде мұқтаж жандарға бағытталған әділ әлеуметтік саясат – қоғамдағы сенімнің кепілі. Зейнетақы жүйесін жаңғырту, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру – болашағымызды баянды ететін нақты шаралар. Осы ретте Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының бастамасы болып табылатын «Қарызсыз қоғам» жобасын» ерекше атап өтті. Өткен жылы бұл бағдарлама аясында 845 мыңнан астам азамат қарыз жүктемесін азайтуға, заңгерлік кеңес алуға мүмкіндік алды. Бұл жоба жалғасын тауып, халыққа шын мәнінде көмек көрсететін тиімді құралға айналып отыр.

Экология мәселесі де Жолдаудың салмақты бөлігі болды. Каспий теңізінің тартылуы – тек бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына әсер ететін аса маңызды мәселе. Президент осы бағытта мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді сезіну. Сол сияқты Аралды сақтап қалу тәжірибесі бізге үлгі болмақ. Табиғатты қорғау – тек Үкіметтің ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. «Таза Қазақстан» жобасы аясында миллиондаған ағаш отырғызылып, жүздеген мың гектар жер тазартылды. Бұл – халықтың ел тағдырына бейжай қарамайтынының дәлелі.

Жолдауда білім мен ғылымның рөліне ерекше мән берілді. Мектеп қабырғасынан бастап жасанды интеллектіні үйрету, ғылым мен инновацияны үйлестіру – келешекке салынған инвестиция. Жастардың бойындағы патриотизм енді тек дәстүрлі құндылықтармен емес, жасампаздықпен, жаңашылдықпен өлшенеді. Елін сүю – халыққа пайдасы тиетін іс бастау, жаңа жетістіктерге ұмтылу екенін жас ұрпақ жақсы түсінеді. Бұл – қоғам санасында болып жатқан оң өзгерістің айқын көрінісі.

Саяси реформаға қатысты бастама да тарихи мәнге ие. Президент бір палаталы Парламент құру идеясын халық талқысына салуды ұсынды. Бұл – асығыстықпен емес, қоғамның кеңінен қатысуымен шешілуі тиіс мәселе. Халықтың тағдырына қатысты қандай да бір шешім тек халықтың келісімімен қабылдануы керек деген қағиданы Президент тағы бір мәрте айқындап берді. Бұл – демократиялық даму жолындағы сенімді қадам.

Жолдау – халқымыздың болашағына бағытталған терең ойлы, салмақты құжат. Онда экономика да, әлеуметтік әділеттілік те, ғылым-білім де, экология мен мәдениет те – бәрі бар. Бұл – тұтас елдің даму стратегиясы.

Бірлігіміз бекем болса, еңселі ел боламыз. Жолдау бізге соны тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!

Жаңалықтар