Ұстаз — ұлағатты есім… Өмір атты үлкен жолда бағыт-бағдар беруші жан. Сананы білім нәрімен нұрландырып, жарыққа, биікке жетелейтін тағылымды тұлға.
Саналы ғұмырын адал еңбек пен тағылымды тәрбиеге арнаған үлағатты ұстаз Ақсақалова Тұрған Мамырханқызының өнеге толы өмір жолын оқырман назарына ұсынамыз.
Тұрған Мамырханқызы 1945 жылы 13 маусымда Алматы облысы Райымбек ауданы Текес ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Текес ауылындағы орта мектепті бітіріп, 1973 жылы Абай атындағы Еңбек Қызыл Ту Орденді Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, 1979 жылы аталған оқу орнын Тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Осылайша, педагог атты ұлағатты ұғымды жанына серік етіп, қызық пен қиындыққа толы Еңбек жолын Киров атындағы колхоздың Киров атындағы орта мектебінде сабақ беруден бастаған. 1970-71 жылғы оқу жылынан бастап Н.К.Крупская атындағы орта мектепте бастауыш сыныпта және жоғарғы сыныптарда тарих пәнінен мұғалім болып қызмет атқарады. Еңбек жолының осынау сәттерінде сынып жетекшілік, «халықтық педагогика» сабақтарын әдістемелік түрде насихаттап, қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, өнерді үйретуші, ұйымдастырушы ретінде таныла білді. Шәкірттері аудандық, облыстық деңгейдегі сөз өнері, халық жырлары, шешендік сөз байқауларында жүлделі орындарға ие болды. Еңбегі еленіп, ҚР білім және ғылым министрлігінің , облыстық білім басқармасының мақтау қағаздарымен марапатталды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Тұрған ұстаздың бірқатар шәкірттері еңбегін ақтап, бүгінгі күні де , осыдан біршама ілгеріде де мәртебелі қызметтер атқарған бірқатар парасатты тұлғалар болып қалыптасқан, атап айтсақ, мектеп директоры Утапова Р, әкім Шалов Серік, дәрігер Тайсариев, Көккөзова, Тоғайбаева, жоғары маман иелері Ө.Бұлтақбаев, А. Мусекеев, Ә. Құдайбергенова, Қ. Әлдибекова, Қ. Тастандиев, М. Жазықбаев, Иманбеков Мұрат, тағы да басқа ел сүйсінер азаматтар Тұрған апайдың төл шәкірттері болған.
Өмірінің басым бөлігін шәкірт тәрбиесіне арнаған Тұрған апайымыз тек шәкірт тәрбиесімен шектелмей, отбасындағы міндеттерін де, өз деңгейінде алып жүре алды. Дүниеге алты бала әкеліп, оларға тиісінше лайықты тәрбие беруге күш салды. Қызы Әкебаева Сәуле ана жолын жалғап педагогика саласын таңдап, бүгінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Ұлдары Сәулет орманшы болса, Дархан дәрігер, ұл-қыздарынан немере — шөбере сүйіп, мәуелі ағаштай кең қанат жайып, үлгілі отбасы өрнегін көрсетіп отырған Тұрған ұстаз бүгінде әулетінің берекесі болып отырған қазыналы Тұрған әжеге айналды. Дегенмен, жалқаулық пен қоғамнан тыс қалуды жаны сүймейтін әжеміз зейнетке шықса да, қоғамдық өмірден, ұрпақ тәрбиесіне негізделген түрлі шаралардан қол үзген емес. Белсенді өмір салтын өмірлік қағидасына айналдырған кемеңгер Тұрған апамыз Қайнар ауылдық әжелер кеңесінің төрайымы. Аудандық «Ене, келін, қыз» байқауында «Дана ене» номинацияына ие болды. Өз уақытында еліне ұстаздық қызметімен еңбегін сіңірген жан бүгінде, тәжірибелі, көпті көрген ана, әже, ұстаз ретінде ауылдағы, аудандағы аналар мектебінің нығаюына үлес қосып, ұрпақ тәрбиесіне ықпал етіп жүр.
Ұрпақ тәрбиесінде, отбасы құндылықтары күшейтуге, осынау өмірлік тәжірибесі зор, әжелер мен аналардың маңызы аса зор. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарының берекесіне айналып отырған Тұрған әжеміздей қаншама өнегелі әжелер бар.
Әр адамның өз сара жолы бар. Әр адам өзі жүретін жолды өзі таңдайды. Бастысы — адамгершілік қасиеттерді жоғалтпай, артыңда бір игі із қалдыруға тырысу, көрнекті өмір жолын қалыптастыру. Дәл осындай өмір өрнегін қалыптастырып, еліме, аядай ауылыма, жастарға жақсылығымды тигізсем деген ақ ниетінен айнымаған Тұрған Мамырханқызының алда әлі талай игі істердің бастаушысы болатынына сеніміміз зор.
Ақерке БИЖАН