7.6 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратЕРЛІК, ЕЛДІК, ӨНЕР – БАТЫР ТҰЛҒАСЫНЫҢ ҮШ ҚЫРЫ

ЕРЛІК, ЕЛДІК, ӨНЕР – БАТЫР ТҰЛҒАСЫНЫҢ ҮШ ҚЫРЫ

(Қарқара (Албан) көтерілісінде қаһармандық пен ерен ерлік көрсеткен батыр, Қожбанбет руының қолбасшысы әрі күйші Мергенбай Ерденеұлы).

Қазақ халқының тарихында елі мен жері үшін күресіп, артында өшпес рухани мұра қалдырған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – батыр, күйші, ел ұраны болған ерекше жан Мергенбай Ерденеұлы. Ол ерлігімен де, елдік пен руханиятты ұштастырған дара қасиетімен де ұлт жадында қалған.

Мергенбай 1843 жылы дүниеге келіп, 1929 жылы өмірден өткен. Тегі — Қожбанбет руының Сақау – Батырша – Қосқұлақ тармағынан. Атасы Байғазы дәулетті әрі әділ адам болса, әкесі Ердене Байғозыұлы Ресей империясымен келісім жүргізіп, Ұлы жүздің Ресей құрамына кіру туралы құжатқа қол қойған беделді би болған. Осындай текті әулеттен шыққан Мергенбай жастайынан ел қамын ойлаған, рухы биік, намысты азамат болып қалыптасты.

Мергенбайдың өмір жолы күрес пен ерлікке толы. Ол отаршылдық саясатқа қарсы шыққан халық қозғалыстарына қатысып, елінің еркіндігі үшін атқа қонған. 1916 жылғы Қарқара көтерілісінде ол көтеріліс басшыларының бірі ретінде елін бастап шықты. Бұл — Жетісу өңіріндегі ең ірі ұлт-азаттық қозғалыстардың бірі еді. Патша үкіметінің 25 маусымдағы «19 бен 43 жас аралығындағы қазақтарды майданның қара жұмысына алу» туралы жарлығы халықтың ашу-ызасын тудырып, ел көтерілген. Сол сәтте жетпістен асқан Мергенбай Ерденеұлы: «Біз бала бермейміз!» — деп, халқын ерлікке шақырды.

Тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тлеубаев өз еңбегінде Мергенбайдың есімін көтеріліс басшылары қатарында атап өтеді. Ал өлкетанушы-журналист Әлнұр Мейірбеков те «Қожбамбет елінен Айтбай мен сақау Мергенбай бастаған» деп оның ел арасындағы беделін ерекше көрсетеді. Бұл деректер Мергенбайдың ұлт тағдыры үшін өмірін тәуекелге тіккен тұлға болғанын дәлелдейді.

Көтеріліс аяусыз басылып, жазалаушы отрядтар елді қырғынға ұшыратқан кезде Мергенбайдың әулеті амалсыз Қытай асып, босқын атанады. 1917 жылғы төңкерістен кейін ол туған жеріне қайта оралады, бірақ кеңестік саясаттың қыспағы мен қуғыны оны тағы да туған топырағынан айырды. Өмірінің соңғы жылдарын Қытай жерінде өткізген Мергенбай ұлт азаттығының ақ арманына жете алмай дүниеден өтті.

Алайда ол тек батыр ғана емес, күйші-композитор ретінде де халық жадында қалған. Жетісу өңірінің дәстүрлі күйшілік мектебінде Мергенбай Ерденеұлының есімі ерекше аталады. Әкесі мен атасынан дарыған өнер оның бойында терең тамыр жайған. Ол шаңырағында балаларын күймен тәрбиелеп, домбыраны рухани мұраның өзегі деп ұғындырған. Мергенбай өз ұрпағына күй тартқызғанда, «кім қалай тартты?» деп сын айтқызу арқылы олардың есту, сезіну, және бағалау қабілетін жетілдірген. Осы дәстүрдің арқасында оның әулетінен жеті бірдей күйші шықты.

Мергенбайдың өмір жолынан сыр шертетін ең танымал туындысы — «Арман» күйі. Аңыз бойынша, ол осы күйді он алты жасында шығарған. Жас батыр жаумен жекпе-жекке түсіп, қалмақтың Бадыма атты батырымен шайқасқан. Өлім аузында жатқан қарсыласы: «Батыр болсаң, менің семсеріммен кес, нағыз ер болсаң, мені ая», — деген екен. Мергенбай оны өлтірмей, өмірін сақтап қалады. Сол күнгі сезім мен ойдың толқынын ол күй тілімен жеткізген. «Арман» — адамдық пен ерліктің, жеңіс пен мейірімнің нәзік үйлесімін бейнелейтін туынды.

Бүгінде Мергенбай Ерденеұлының ұрпақтары оның мұрасын лайықты жалғастырып келеді. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қазақстан ауылында Мергенбай Ерденеұлы атымен аталатын мешіт бой көтеріп, ол ел рухының нышанына айналды. Батырдың 30 ұл мен 30 қызынан тараған әулеті бүгінде 130 түтінге жеткен. Олардың арасында күйшілер де, палуандар да, ғалымдар да бар. Немересі Бауыржан Бекмұханбет «Батыр баба – Мергенбай» атты күй шығарып, баба есімін қайта жаңғыртты.

Мергенбай Ерденеұлы – елдік пен руханияттың тұтастығын бойына сіңірген тұлға. Ол — қолына қару да, домбыра да ұстаған нағыз қазақтың бейнесі. Ерлігімен де, өнерімен де ұрпаққа үлгі болған Мергенбайдың өмірі — халық намысының, ар мен рухтың шежіресі. Оның «Арман» күйіндей мұрасы да, батырлығы да ұлт жадында мәңгі жаңғырып тұрары сөзсіз.

Береке Бақытжан,

А. Сәрсенбайұлы атындағы орта мектептің

10-сынып оқушысы

Жаңалықтар