Жас та болса, талантымен ерекшеленіп, тұғырлы тіл болашағы үшін еңбек етіп, мемлекеттік тіл саясатын ауданымызда жүзеге асыруға ат салысып жүрген білікті маман, жас ұстаз- Оразхан Жасталап Бауыржанұлы.
Атына заты сай Жасталап Бауыржанұлы қасиетті қазақ тілінің болашағына алаңдайтын, тіл дәрежесінің тұғырынан түспеуіне, қажеттілігінің төмендемеуіне өзіндік ықпал етіп жүрген тіл жанашыры, талабы зор, ойы ұшқыр жас ұстаз. Жалынды жас 2000 жылы 20 қаңтарда Нарынқол ауылында дүние есігін ашқан. Бердібек Соқпақбаев атындағы орта мектепті аяқтаған. Мектеп қабырғасынан-ақ алысты аңсап, жоғары білім алуды мақсат еткен талапты шәкірт Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын ойдағыдай аяқтап шықты. Өз мамандығы аясында туған жерге шарапатын тигізуді мақсат етіп, алғашқы еңбек жолын Нарынқол ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектептен бастады. Бүгінде осы білім шаңырағында қазақ тілі мен қазақ әдебие- ті пәнінің мұғалімі. Жас келсе іске, демекші, бүгінде Жасталап ұстаз өзі білім беретін мектептің игілігі үшін үнемі жан-жақты ізденіс үстінде жүреді. Мамандық сәйкестігіне байланысты, аудандық «Тіл оқу-әдістемелік орталығында» оқытушы болып қосымша жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда, ана тіліміздің шашбауын көтеріп, оны өзінен кейінгі ұрпаққа дәріптеп жүрген бірден-бір жан- Жасталап Бауыржанұлы десек қателеспейміз.
Тынымсыз ізденісті жаны сүйетін жас маман өзін түрлі байқауларда сынап көруден жалықпайды. Оны тәжірибе жинаудың бірден-бір жолы деп санаса керекті. Қарымды қабілетін сынға салып, бірнеше сайыстарда үздік нәтиже көрсеткен. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы облыстық “Үздік оқытушы ” байқауында 2 орынды қанжығасына байлаған. Тағы бір жемісті жеңісі жуырда Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығына арналған республикалық жазба ақындар байқауында 2 орынды иеленді. Жоғары деңгейде өткен тартысты байқауда оза шауып, топ жарған жерлесіміз Жасталап 2 орынды иеленіп, аудан абыройын аспандатты. Республикалық байқауда алғашқы үздік үштікке кіру- қос қолдап қошеметтеуге лайық үлкен жетістік.
Таңдауы білім саласымен ұштасқан жас ұстаздың алдағы мақсаты — білімі мен тәжірибесін жетілдіріп, ауданымыздағы озық білім беру жүйесін қалыптастыруға үлес қосу және көшбасшы шәкірттер тәрбиелеу.
Жалынды жастық шағының әр сәтін игі істерге арнауды жөн көретін кейіпкеріміз бос уақытында спортпен айналысып, түрлі фильмдер мен кітаптар қарау арқылы өз білімін кеңейтуді көздейді.
Жасталап Бауыржанұлының жетістіктеріне жан сүйсініп, оның өмірлік ұстанымын білуге асықтық. Сондағы жауабы да ерекше: “Менің өмірлік ұстанымым- Бауыржан Момышұлы айтқандай, “намысты нанға сатпау”, ер жігіт атқа лайық болу, сертке берік болып, жақсы тұлға болып қалыптасуға талпыну және қалыптасу. Екінші бір ұстанымым, Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың “Өмірдің екі тірегі:үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау” осы екеуі менің өмірлік ұстанымыма негіз”, деп жауап берді. Түйгеніміз, алғашқысы ержігіттік, адамгершілікке негізделген ұстанымы болса, екіншісі өзі таңдаған ұстаздық жолдағы маңызды ұстаным іспеттес.
Жасынан ғылымды ескеріп, қоғамға пайдалы болуды көздеген, нағыз ер азаматтық сипаты басым Жасталап Бауыржанұлының бағындырар белестері алда екеніне бек сенімдіміз!
Ақерке БИЖАН