13.3 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратҚҰТҚАРУШЫЛАР ҚҰРМЕТТЕЛДІ

ҚҰТҚАРУШЫЛАР ҚҰРМЕТТЕЛДІ

Мемлекет басшысы бейбіт күннің батырларына шынайы ризашылығын білдіріп, азаматтық қорғау саласының еліміз үшін стратегиялық маңызы ерекше екенін атап өткен болатын.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтау сөзінде « – Конституциямыздың алғашқы бабында «Адам және адамның өмірі – мемлекеттің ең қымбат қазынасы» екені анық көрсетілген. Азаматтық қорғау саласының әр қызметкері ел қауіпсіздігі және азаматтарымыздың амандығы үшін қажырлы еңбек етуде. Шын мәнінде, құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, ешқандай қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл – әрине, өте абыройлы іс, жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады. Сіздердің адал қызметтеріңіз – өскелең ұрпақ үшін өте жақсы үлгі-өнеге, – деді.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Райымбек ауданының әкімі Құдабаев Дастан Сұлтанмұратұлы ауданның төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерін арнайы құттықтады. Өз ісіне адал, ел қауіпсіздігін қорғап, адам өмірін құтқару жолында күн сайын өз бастарын қатерге тігетін құтқарушылар – қоғамның нағыз батырлары екені даусыз. Салтанатты шара барысында бірқатар қызметкерлердің еңбегі еленіп, марапаттау рәсімі өткізілді. Сондай-ақ «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Шалкөде ауылдық округіне жаңа өрт сөндіру автоцистернасының кілті табысталды. Аудан әкімі өз сөзінде: «Құтқарушы – ерлік пен батылдықтың символы. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен тәуекелге толы қызметтеріңіз ел қауіпсіздігі мен азаматтардың амандығы үшін аса маңызды», – деп алғысын білдірді.

Бұл іс-шара аудан көлемінде төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың одан әрі жандануына өз септігін тигізері сөзсіз.

Өз тілшіміз

Жаңалықтар