Ұлт болашағы ұрпағында болса, ұрпақ тәрбиесі ұстаз қолында. Шығыс даналары «Егер алдағы бір жылыңды ойласаң күріш ек, он жылдығыңды ойласаң ағаш отырғыз, ал бүкіл өміріңді ойласаң-шәкірт тәрбиеле» деген екен. Бұл салада ауданымыздың озық мұғалімдерінің бірі, химия ғылымдарының кандидаты, А.Сәрсенбайұлы атындағы орта мектептің химия-биология пәндерінің мұғалімі Бостанова Жазира Ленсқызының еңбегі ерен. Ол 1975 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Шалкөде ауылында дүниеге келген. Ғылыми базасы мықты, талай ғалымдарды түлетіп ұшырған Шалкөде орта мектебінде білім алып (қазіргі Шәлкөде орта мектеп-лицейі), 1992 жылы Қазақтың Абай атындағы педогогикалық университетінің химия факультетіне түсіп, 1997 жылы тәмәмдайды. Ғылымға деген құштарлығын байқаған химия ғылымдарының докторы, профессор Несіпхан Бектеновтың жетекшілігімен аспирантураға түсіп, 2001 жылы негізгі жетекшісі химия ғылымдарының докторы,профессор, ҚР ҰҒА академигі Еділ Ерғожинның жетекшілігімен «Глицидилметакрилатаның кейбір сополимері негізінде алынған ионалмастырғыштар» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды.
«Ұстазы мықтының-ұстамы мықты» демекші, Жазира Ленсқызы тәрбиелеген шәкірттердің алды білікті дәрігерлер, химия-биология саласындағы ғалымдар болса, мектептегі шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда бой көрсетіп, белді жетістіктерге жетуде. Әрине, оқушының бойындағы дарынын танып, ғылымға қызықтыру оңай шаруа емес. Бірақ «химия қиын емес, оқысаң бұйым емес» деген ұстанымды ұстанған ұстаз білім беруде ерекше әдіс-тәсілдерді қолданып, озық тәжірибелерді үнемі пайдаланады. Соның арқасында шәкірттері ғылымға деген шексіз құлшыныс танытып, білім бәйгелерінен топ жаруда. Ұстазымның бойынан байқаған бір ерек қасиеті-оқушыларға деген іңкәрлігі, шәкірт жанына терең бойлап, дос әрі сырлас бола алуы Жазира апай қашанда бала пікірін ұйғарып, өзін баламен тең дәрежеде ұстайды. Бұл педагог бойынан табылған ең жақсы қасиет деп ойлаймын.
Жазира Ленсқызының ұстаздығы, ғалымдығы бір төбе. Ол аяулы жар, алты бірдей ұрпағын өрбіткен ардақты ана. Биыл ұстазымның елу жас мерей тойы. Еңбегіңіз еленіп, қанатыңыз талмай, қалықтаңыз ардақты ұстазым!
Береке Бақытжан,
Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы
орта мектептің 9 — сынып оқушысы