26.7 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ САНАҒЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ САНАҒЫ

Ауыл шаруашылығы санағының қысқаша тарихы

Кеңестік тұстағы алғашқы жалпы халық санағы 1920 жылғы 28 тамызда өткізілді. Жалпы халық санағымен қатар, 1920 жылдың қыркүйек-қазан айларында Қазан төңкерісінен кейін ауыл шаруашылығында орын алған өзгерістер туралы қосымша деректер алу мақсатында ауыл шаруашылығы санағы жүргізілді. Алайда объективті және субъективті себептерге байланысты бұл санақ ел аумағын толық қамтымай, тиісінше толық мәліметтер бере алмады.

Санақ негізінен екі бөлімді қамтыды:

1. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын: крестьян қауымдастықтарына кіретін шаруашылықтарды, коммуналарды, артельдерді, кеңшарларды және басқа шаруашылық түрлерін тіркеу;

2. Үй шаруашылықтарын есепке алу, яғни ауыл шаруашылығы тұрғындарының, егістік және үй жанындағы жерлерге себілген дақылдардың, мал басының түрі, жынысы мен жасы бойынша есебін жүргізу, ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтары, өнеркәсіптік және сауда орындары, тұрғындардың қосымша кәсіптері мен табыс көздері және басқа да мәселелерді қамту.

Санақ аясында крестьян шаруашылықтарының бюджеттік зерттеулері, астық қорын есептеу, мал басының жас ерекшелігіне қарай санын анықтау, ауыл шаруашылығының күнделікті өзгерістерін зерделеу (астық өнімділігі мен жалпы жиналымының жай-күйі), халықтың астықпен қамтылуын есепке алу,  жұмысшылар мен қызметкерлердің саны мен жалақысы, негізгі сауда орындарындағы бағаны қадағалау, ауыл және қала халқының тамақтану жағдайын зерттеу, 1924 жылғы Бүкілресейлік жер зерттеуін әзірлеу және жүргізу, халықтың табиғи және механикалық қозғалысы бойынша деректерді өңдеу, Қазақстан карталарын және оның жекелеген өңірлерінің диаграммалары мен картограммаларын жасау сынды жұмыстар атқарылды.

Қазақстанның статистикалық органдары орталықтан берілген барлық статистикалық жұмыстарды ағымдағы да, зерттеу-талдау сипатындағы да толық көлемде орындады. Олардың қызметінде көшпелі халықты отырықшыландыру мәселесін шешу үшін қажет жер және ауыл шаруашылығына қатысты статистикалық зерттеулер басты орынға шықты. Бұл жұмыстар көбінесе нысанды тікелей зерттейтін экспедициялық әдіспен жүргізілді.

Қазақ АССР-інің Статистика басқармасына есепке алу мен статистикаға жалпы басшылық жасау, мемлекеттік деңгейдегі статистикалық жұмыстарды ұйымдастыру, статистикалық зерттеулердің жоспарлары мен бағдарламаларын бекіту, демографиялық және моральдық статистика, денсаулық сақтау және санитария, еңбек, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы, тұтыну мен тарату салаларындағы статистика, жыл сайынғы жинақтар мен басқа да мерзімді басылымдар, шолу мен жинақтарды шығару міндеттері жүктелді. Жергілікті статистика органдары губерниялық және уездік статистикалық бюролардан және жергілікті ерікті статистикалық тілшілерден тұрды.

Алғашқы картографиялау жұмыстары 1926 жылғы жазда өткізілген ауыл шаруашылығы санағы барысында жүргізілді.

Казақстанда бірінші ұлттық ауыл шаруашылық санағы 2006-2007 жылдары өткізілді. Сол кезде 2,5 мың ауылдық, кенттік округтері қамтылып, 7,5 мың елді мекенде жүргізілді. 9 мыңнан астам заңды тұлғалар, 194 мың шаруа (фермер) қожалықтары және 2,2 млн үй шаруа қожалықтарында, 560 мың саяжайларда санақ жүргізілді.

2025 жылғы Ұлттық ауыл  шаруашылығы санағы

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 2023 жылғы 20 маусымдағы №3 бұйрығына сәйкес, ауылшаруашылығы санағы – бұл, ауыл шаруашылығының құрылымы мен жай-күйі туралы деректерді жинау, өңдеу, талдау және ресми статистикалық ақпаратты тарату үдерісін қамтитын статистикалық бақылау. Ауыл шаруашылығы санағы кемінде он жылда бір рет өткізіледі.

2023 жылғы 26 сәуірдегі Мемлекет басшысының тапсырмасы мен 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1248 Үкімет қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өткізу туралы шешім қабылданды.

Санақ нәтижесінде аграрлық сектордың нақты жағдайы туралы жан-жақты, әрі объективті мәліметтер алынып, ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер және олардың әлеуеті жөнінде толық ақпарат, сондай-ақ әрбір санаттағы ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастырудағы рөлі туралы деректер анықталады.

Санақтың мақсаты мен міндеттері:

• Ауыл шаруашылығының нақты жай-күйі туралы толық, әрі нақты ақпарат алу;

• Өндіріс тиімділігі мен өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеу;

• Таңдамалы бақылаулар мен бір реттік есепке алулар жүргізу үшін шаруашылық субъектілерінің жиынтығын өзектендіру.

Санақ өткізу тәртібі:

• 2025 жылғы 1 тамыз – 31 тамыз аралығында арнайы веб-портал арқылы өздігінен толтыру әдісімен жүргізіледі. Бұл кезеңнен кейін 20 күн ішінде сұралмаған респонденттер тізімі жасалады;

• 2025 жылғы 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында жеке сұхбат әдісімен, планшеттерді қолдана отырып, санақ персоналының қатысуымен жалғасады.

Санақ субъектілері:

• ауыл шаруашылығы саласында (мал шаруашылығы, егіншілік және балық шаруашылығы) қызмет жүргізетін заңды тұлғалар және (немесе) олардың құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері, жеке кәсіпкерлер, сонымен қатар шаруа немесе фермер қожалықтары;

• жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімдері (бау-бақша, саяжай, көкөніс егетін жерлер) бар және ауыл шаруашылығы жануарларын ұстайтын үй шаруашылықтары.

Санақ объектілері:

• жер және егістік алқаптары;

• ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының саны;

• ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары;

• мал шаруашылығы кешендері мен құс фабрикалары;

• ауылшаруашылығы жануарлары мен құстарын ұстауға арналған өндірістік ғимараттар мен құрылыстар;

• ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған құрылыстар мен қоймалар.

Санаққа 5 мыңнан астам санақ персоналы – нұсқаушы және интервьюерлер тартылады.

2024 жылғы пилоттық ауыл шаруашылығы  санағы

Өткен жылы ауыл шаруашылығы санағының пилоттық жобасы аясында жекелеген елді мекендерде санақ жүргізіліп, мүмкін болатын кедергілер мен мәселелерді алдын ала анықтау арқылы олардың шешу жолдары пысықталды.

Пилоттық санақ 2024 жылғы 20 тамыз – 30 қыркүйек  аралығында өткізіліп, 54 елді мекенді қамтыды. Оған 32,4 мың үй шаруашылығы қатысып, олардың 27,1 мыңы (яғни 83,5%) санақтан өтті. Онлайн   сауалнамаға 18,6 мың респондент қатысты, оның ішінде 13,3 мыңы ұйымдастырылған шаруашылықтар, 5,3 мыңы жеке үй шаруашылықтары болды. Жалпы алғанда, пилоттық жобаға 45,7 мың респондент  қатысты.

Үй шаруашылықтарының шамамен 2%-ы санаққа қатысудан бас тартты. Ал сұралмаған объектілердің 36%-ы иесіз немесе пайдаланылмайтын саяжайлар, ал 5%-ы – тұрғын емес ғимараттар болды.

Пилот аясында Ауыл шаруашылығы министрлігінің малдарды сәйкестендіру және ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу жөніндегі ақпараттық жүйелерінен әкімшілік деректер интеграцияланды, ауылшаруашылығы құрылымдарына SMS-хабарламалар жолданды.

Пилоттық ауылшаруашылығы санағының оң нәтижелері ретінде акиматтардың белсенді қатысуын, ауылшаруашылығы өндірушілерінің жоғары дайындық деңгейін және халықтың онлайн-сауалнамаға кеңінен қатысуын атап өтуге болады. Сонымен бірге, қалалық және саяжай аймақтарында сауалнама жүргізу қиындықтары, интервьюерлердің қажетті құрал-жабдықтармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі және жалған ақпараттың таралуы сияқты мәселелер анықталды.

Жаңалықтар