16.2 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпарат“БЕЛСЕНДІ  ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ” САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

“БЕЛСЕНДІ  ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ” САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

Нарынқол ауылында  Алматы облыстықБелсенді ұзақ өмір орталығымекемесінің филиалы  өз қызметін бастағанын хабарлаған едік. Бүгінде мекемеге келуші қарттар саны да едәуір өскен. Жұмысы белсенді қарқын алған мекеменің күні кеше ашылу салтанаты болып, ауданымыздың зейнеткерлері үшін ақ түйенің қарны жарылды. Ауданымызда тағы бір маңызды мекеменің лентасы қиылды.

Бүгінгі күні еліміздегі маңызды мәселелердің бірі — халық денсаулығының жалпы деңгейін арттырып, орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу мәселесі. Бұл мәселенің өзектілігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі нақтылап, Ұлттық жобаның негізгі мақсаттар қатарына қосқан.  Осы саясатты жүзеге асыру мақсатында жұмысын бастаған орталық-ауданымыздың қазыналы қарттары үшін аса пайдалы жылы мекенге айналды. Бейнеттің зейнетін көрер шақты пайдалы жоспарлау — аса маңызды. Орталықтың мақсаты-зейнеткерлік жастағы азаматтардың физикалық және психикалық денсаулығының ұзақтығын арттыру үшін белсенді, мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге әлеуметтендіру.

Ашылу салтанатының алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанарбек Жантөреұлына берілді. Аталмыш шараға алыстан арнайы ат басын бұрып келген құрметті қонақтар да бар. Осыған орай, келесі сөз кезегі  «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасының басшысы Ахметова Айгүл Матанқызына берілді. Айгүл Матанқызы аталмыш орталықтың маңыздылығын тілге тиек етіп, аудан зейнеткерлерін осынау орталықта уақыт өткізу мүмкіндігіне ие болғандарымен құттықтады.

Кезекті сөз кезегі  “Белсенді ұзақ өмір орталығы”  коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сакташева Жания Көпжүрсінқызына берілді. Жания Көпжүрсінқызы келген сөз орайын пайдаланып, орталықтың алда атқарар жұмыстарына қысқаша түсініктеме беріп, филиалдың алдағы мүмкіндіктеріне тоқталды. Орталық директорының айтуынша, алдағы уақытта филиалдың консультанттарымен арнайы семинар өткізіліп, алдағы 5 жылдық жоспар талқылаудан өтеді. Осылайша, игі орталық өз жұмысын әлі де жандандырады. Тек зейнеткерлердің келу белсенділігі артса болғаны. Осы мақсатта жүйелі жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Алматы облысының Аналар кеңесінің Төрағасы Жошибаева  Гульнар Сағатқызы да салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде сөз кезегін алып, ашылу салтанатына келушілерге құттықтау лебізін білдірді.

Айта кетелік, орталық Нарынқол ауылындағы спорт кешені ғимаратында орналасқан, орталықтың  кілт табыстау рәсіміне Кеген ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің консультанты Көнеева Бақытгүл Демежанқызы шақырылып, кілтті қабылдап алуға Райымбек ауданының «Белсенді ұзақ өмір орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің консультанты, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Омарова Балжан Әбуқызы шақырылды.

Осы орайда, орталықтың Райымбек аудандық филиалының консультанты Балжан Әбуқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Осынау орталықтың консультанты ретінде ашылу салтанатының жоғары деңгейде өтуін сауатты ұйымдастырып, жұмысына жан бітірген Балжан апайымыздың еңбегі жоғары бағаланатыны сөзсіз. Ұқыптылық пен мұқияттылықты, жауапкершілікті жақсы көретін жан өз командасымен бірге үлкен шаруалардың басын қайырып, орталыққа келушілер санының артуына күн-түн демей жұмыс жасап, бүгінде өз міндетін ойдағыдай атқарып, басшылық өкілдері алдында жұмыс нәтижесін жарқырата көрсете білді.

Айгүл Матанқызы орталыққа ерекше қолдау білдірген аудан әкімі Берік Фатықұлына, аудандық ішкі саясат бөлімі мен Балжан Әбуқызына ерекше алғысын білдірді.

Шараның ресми бөлімі өз мәресіне жетіп, енді «Белсенді ұзақ өмір орталығының» қызмет алушы ата-әжелерінің концерттік бағдарламасы көрермен назарына ұсынылды. Әжелердің белсенділігі жан сүйсіндірді. Олардың балаша қуанып, ширақ қимылдағанына қарай отырып, орталықтың маңыздылығына тағы бір мәрте көз жеткіземіз. Ән салып, бұрала би билеген әжелерді жасы егде тартқан зейнеткерлер деп айту да қиын. Көңілдері де көтеріңкі. Дәл осындай сипатта белсенді өмір сүрген зейнеткерлердің өмірінің ұзақ болары сөзсіз. Осы орайда, ауданымыздың өзге ауылдарынан да келушілер саны артса деген тілек бар, дегенмен, қарт кісілердің жол қауіпсіздігі, денсаулық мәселесі де бар. Дегенмен, ниет болса, ұмтылыс болса, барша мүмкіндіктер есігі ашық. 

 Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ

Жаңалықтар