16.4 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратБОЛАШАҚТЫҢ СҰЛБАСЫ!

БОЛАШАҚТЫҢ СҰЛБАСЫ!

Жастық шақ бүгінгісін ғана ойласа, кемел жас бүгінгісін де, бұрынғысын да, болашағын да ойлайды. Бүгінгі күннің әр сәті — ертеңгі күннің естелігі. Болашақ әр күн, әр сәт, әр минуттан құралады. Ертеңгі күнге етек жайып, жас шыбықтай жан алып келе жатқан өскелең ұрпақ үшін, соның кемелді болашағы үшін жасаған әр ісіміз бен әр қадамымыз бүгіннен басталады. «Бүгінгі күн болашақтың сұлбасы»-деп Уильям Гибсон айтқандай әрбір азамат өскелең ұрпағы үшін ұтымды қадам мен мызғымас болашақ жасауға міндетті. Ұлт болашағы-ұлдың қолында, ал ұлдың болашағы- әкесі мен анасының және де аяулы ұстазының қолында. Бүгінгі балапан бүлдіршіндердің ертеңгі күні еліне қызмет етер ұлан болуы үшін осынау мектептен басталған білім мен тәрбие желісі қанаттарына пырақ жалғап, алаңсыз бейбіт өткен өмірлері болашағына айтулы өзгеріс енгізбек.

Осы мақсатта, Хантәңірінің қанатының астында орналасқан Нарынқол ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепте «Балдәурен — балалар ойын алаңы» ашылды. Мектеп төрінде бүлдіршіндерге арналған шағын орталық болғанымен, сол бүлдіршіндердің еркін ойнап, құлын-тайдай шапқылап қуануына кішкене ғана ойын алаңы жетпей тұрғандай болушы еді. Ауыл баласы ерке келеді. Ерке балаға еркін дала мен қуатты күннің нұры ауадай қажет еді. Көк шөпке құшағын жайып, ыстық құмға ойыншығын ойнатқан, күннен қуат алып өскен бүлдіршін, ертеңгі күні дені сау, ойы бекем, денесі мығым болып өсері айдан анық. Бүлдіршіндердің осы жайы көптен алаңдатып, ұстаздар ойында жүрген үлкен сұрақ еді. Әр сұрақтың шешімі болар демекші, мектебіміздің басшысы Миятжан Сақанұлы осы бастаманы өз қолына алып, ұзын-кемі 10-15 күннің ішінде мектептің оң қапталынан өзгелер үшін кіші болса да, өзіміз үшін үлкен рөлі бар ойын алаңын тұрғызды. Басшы мықты болса қосшы табылады. Миятжан Сақанұлының салмақты тапсырмасымен Шағын орталық жетекшісі Жазира Қозыбақова осы орталыққа бүлдіршіндерін жетектеп жүрген барлық әкелердің басын қосып, ойын алаңына қажетті біршама заттарды жеткізді. Сонау Алматыдан сапалы әткеншектер келді. Ойын алаңының жан-жағына шыршалар мен балқарағайларды айналдыра егіп, мектеп шетінде бұзылып жатқан біршама дүниелер қалыпқа келді. Балалар көлеңкесінде демалып, танымдық сабақтарын өтсін деп алаң төріне үлкен шатырлы самалжай орналастырылды. Алаңның әр бұрышына балалар қуанар әр түрлі ойын әткеншектері қойылып, дәл ортадан құмға толы қалашық пен сырғанақ белдеуі орын тепті. Осы ойын алаңын орнатуда мектептің ер-азаматтары үлкен күш шығарып, өзіндік үлесін қоса білді. Шағын орталықтағы нәзік жанды апайларымыз болса әктеп, сырлау жұмыстарына белсене араласты. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ұжым болып ұйымдасқан толайым жұмыс өз нәтижесін беріп, ойын алаңы өз мәресіне жетті. Көктемнің мамыражай сәтінде, еліміздің ұлы мейрамдарымен қатарласа отырып мамырдың 12 ші жұлдызы күні Мектебімізде  «Балдәурен балалар ойын алаңы» салтанатпен ашылып, пайдалануға берілді. Салтанатты жиынға Білім бөлімінің бас маманы Ермек Бақытжанұлы  арнайы келіп құттықтап кетті. Алғашқы сөзді Мектебіміздің басшысы Миятжан Сақанұлы бастап, балалардың болашағы мен бүгінгі күннің ертеңге тарих болары жайлы ой толғап өтті. Сөз кезегінде Білім бөлімінің бас маманы Ермек Бақытжанұлы  осындай игі істерге ризашылығын білдіріп, алдағы күнге сәттілік тіледі. Балапандардың қуанышына шынайы қуанған қарт ұстаздарымыздың бірі Сайлаугүл апай да бүлдіршіндерге білімді болашақ тілеп, бастаманы көтерген басшымызға рахметін айта өтті. Шағын орталық басшысы Жазира апайымыз да игі істің біткеніне қуанып, ер-азаматтар мен ұжым мүшелеріне алғысын білдірді. Салтанатты жиын желісінде Миятжан Сақанұлы мен Ермек Бақытжанұлы бірлесе отырып ойын алаңын салтанатты түрде ашып, лентасын қиып, мойыл көз бүлдіршіндерімізді алаңға қарай жетелеп жол көрсетті. Қуаныштары қойынына сыймай жүгірген кішкентай бөбектеріміз ойын алаңын күлкі мен бақытқа бөлеп жібергендей болды.  Ауыл шетінде орналасқан кішкене ғана Ораз Жандосов атты алтын ұя мектебіміз бақытты балалықтың алтын қазынасына бөленіп тұрғандай еді.

Той соңы торқаға ұласады демекші ойын алаңының ашылуына күн өтпей жатып мектебімізге білім бөлімінің басшысы Саят Ерсайынұлы ат басын бұрып, арнайы келіп құттықтап кетті. Болашағы зор бүлдіршіндердің қуанышы үшін алтын уақытын бөлген Саят Ерсайынұлы «Балдәурен ойын алаңын» ерекше сезіммен аралай келе, ойынның қызығына берілген бүлдіршіндердің маңдайынан сыйпап, алдағы өміріне сәттілік тілеп, батасын берді.

Хантәңірі, жағатал өткелінде,

25-тің мамыржай көктемінде.

Бүлдіршіндер бұлаңдап ойнасын деп,

Ойын алаң ашылды мектебімде.

Бала деген болашақ-бал дәуренім,

Балапанмен жақсы ғой сән көргенім.

Ұрпақ үшін осындай белгі қалса,

Өміршеңбіз,  өсеміз,  мәңгі өлмедім.

Балапандар- ертеңгі ел болашағы,

Соларменен кемдігім толасады.

Бүгінгі күн ертеңге тарих болып,

Естелік боп мәңгіге жол ашады.

Серікбол СҰРАНШИЕВ,

О. Жандосов атындағы орта мектептің

педогог-ұйымдастырушысы

Жаңалықтар