
Жуырда аудандық білім бөлімінің «Мен сізді үлгі тұтамын» атты жобасы аясында атақты ақын бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан танымал, талантты жерлес-ақындарымыз, «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы мен Қазақ радиосы Алматы бөлімшесі редакторы Бақыт Жағыпарұлының шығармашылығына арналған «Қасиетіңнен айналайын, туған жер» атты кездесу кеші және оқушылар арасында жыр додасы өтті. Әдеби кеш Шалкөде мектеп-лицейінде мектеп директоры Мақсат Жігерұлы бастаған ұжымның ұйымдастыруымен, аудандық білім бөлімінің қолдауымен жоғары дәрежеде аталды. Бұл кештің басты мақсаты оқушылардың талабын шыңдау, өнерлерін ұштау, қос ақынның өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру болып табылады.
Қос ақынның 50 жасына арналған кездесу кештің басы ақындардың балалық шағынан сыр шертетін бейнероликтен басталды. Содан кейін мектеп ұжымының ұйымдастырған ақындардың балалық шағының бір күнін бейнелейтін көрінісі қос ақынның көзіне жас ұялатты.
Қос елуді арқалап туған жердің төріне шыққан қос ақынның кездесу кешіне аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанарбек Жантөреұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Саят Ерсайынұлы, ардагер ұстаздар Дариға Асылбекқызы, Нұрлан Жүнісханұлы, Мәулен Қайшыбекұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері, Қазақ радиосының ардагер дикторы Аманжан Еңсебайұлы, М. Мақатаев сыйлығының иегері ақын Даубай Мамытұлы, Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі, ақын, сазгер Камнұр Тәлімұлы, әнші сазгер Айтмұрат Төреғалиұлы, аудан тумасы, кәсіпкер Олжас Тұрсынғожа, Шалкөде ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұқатәлі Шамақсұтұлы, Шалкөде ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Алқанбай Қыдықұлы, Қазақстан үздік қызметкері медальінің иегері Жазира Ақбасқызы, Шалкөденің түлегі қолөнер саласында көптеген жетістікке жетіп жүрген ағаш шебері Айбол Нұрбақытұлы, Алматы облыстық мәслихат депутаты Нұрбол Мажитұлы арнайы келді.
Жыр додасының алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанарбек Жантөреұлына беріледі. Аудан әкімінің орынбасары қос ақынның иығына шапан жауып, аудан әкімінің алғысын жеткізді. Келесі құттықтау сөз Шалкөде орта мектеп-лицейінің директоры Кулмуханбетов Мақсат Жігерұлына беріледі. Сондай-ақ, ақындардың ұстаздары Саламатова Дариға, Өмекеев Маулен, Кулмуханбетов Нұрлан ағаларымыз да шәкірттеріне ұстаздық ақ тілегін арнады. Сонымен қатар, “Құрмет” орденінің иегері, Қазақ радиосының ардагер дикторы Аманжан Еңсебайұлын және М. Мақатаев сыйлығының иегері ақын Әбдісаев Даубай Мамытұлы да ақжарма тілегін айтты. Шалкөде ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұқатәлі Шамақсұтұлы мен Алқанбай Сухаев ауыл жұрты атынан ат мінгізіп, ақ батасын берді. Келесі сөздің кезегі керемет кештің куәсі қос ақынымыз Жұматай Оспанұлы мен Бағыт Жағыпарұлына берілді. Елінің алғысын арқалап жүрген Ж. Оспанұлы мен Б. Жағыпарұлы ұйымдастырушыларға шын жүрегінен алғысын білдірді.
Игі шараның екінші бөліміне де кезек келіп жетті. «Қасиетіңнен айналайын туған жер!» атты аудан мектептерінің оқушылары арасындағы жыр додасына кезек берілді. Жыр додасының кезеңдері мен ережелерін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұқан Ақжол Бауыржанұлы таныстырды.
Жыр додасына Орманқызы Үміт, Оралхан Айғаным, Қутан Назерке, Әбдімәлік Мерей, Малик Айтолқын, Қожан Еңлік, Бектұрсын Айдар, Жақсыбай Айтолқын, Дүйсебек Айжарқын, Ибрайм Еркеназ, Өмірғали Ақжол, Оңалбай Жазира, Қайыпберген Жанерке, Айыпжан Жұлдызай, Құрманбек Елдана, Ғабиден Алтын, Қасен Телібай, Айдосқызы Жанерке, Өмірболатқызы Інжу атты жас өрендер қатысты.
Жыр додасының бірінші кезеңі бойынша қатысушылар Б. Жағыпарұлы мен Ж. Оспанұлының өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқыды. Екінші кезеңде оқушылар қос ақынға арнап жазған арнау өлеңдерін оқыды. Үшінші кезеңде берілген тақырып бойынша өлең жазып, көркем сөйлеуден сынға түсті.
Жыр додасының екінші бөлімі «Айтыс- сөз өнері» номинациясы бойынша «Туған жердің әр тасы, біздің алтын тағымыз…» тақырыбында ақындықты жанына серік еткен 3 оқушы жыр додасына түсті.
Екі кезеңнен тұратын жыр додасы өз мәресіне жетті. Ендігі кезекте сөз кезегі әділқазылар алқасына берілді. Әділқазылар алқасы жалпы жарыс туралы ұсыныс пікірлерімен бөлісті. Жарыста топ жарған оқушыларды марапаттап сый-сияпаттар табыс етті.
Қос ақынның кездесу кеші өз мәресіне жетіп ақындар жыр додасына қатысқан оқушылармен естелік суретке түсті. Туған жер төрінде ел-жұртымен сағынысып кездескен Ж. Оспанұлы мен Б. Жағыпарұлының көңілі көкке самғады.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,
Шәлкөде ауылы