17-19 ақпан аралығында Есік қаласында Алматы облысы бойынша волейболдан “Ұлттық мектеп лигасы” жарысы өткен болатын. Дәл осы дүбірлі додада ауданымыздың намысын қорғап, өз шеберліктерін шыңдауға барған Тельман Жанұзақов атындағы орта мектептің 7-8 сынып ұлдарынан құралған команда жүлделі 1 орынды иеленіп, чемпион атанды. Жеңімпаз жеткіншектер республикалық жарысқа жолдама алды. Алдағы уақытта кішкентай чемпиондарымыз республика көлемінде аудан намысын қорғамақ. Командада ерекше ойын өрнегін көрсеткен үздік ойыншы Бейбітбекұлы Алихан болса, Әбу Асыл Мұрат, Зейрақын Алихан, Нұрданхан Арслан, Әлнұр Алмаз, Қанағат Мирас, Ербосын Әлібек есімді команда мүшелері де ерекше мақтауға лайық.
Команда жаттықтырушысы — Рысбеков Елнұр Айдарбекұлы. Жеткіншектердің дәл осындай олжалы болуының бірден-бір себепкері — Елнұр Айдарбекұлы. Елнұр ағай, осы салада 37 жыл екпінді еңбек етіп, үздік нәтижелерге жетіп, биылғы жылы зейнеткерлік демалысқа шықпақшы. Еткен еңбегінің нәтижесін көріп, бейнетінің зейнетін көрер шаққа да таяп қалды.
Ендігі тілегіміз — шәкірттеріміздің алдағы республикалық сайыстан жүлделі оралуы. Бұл шәкірттердің үлкен жетістіктерінің алғашқы қадамдары деген сенімдеміз. Білім алушылардың спортты серік етіп жеткен жетістіктері көңілге ерекше қуаныш сыйлайды. Жарайсыңдар, жас волейболшылар, сәттілік серіктерің болсын!
ТАЙЖЕНБЕТОВА Бағила Бижанқызы,
Тельман Жанұзақов атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі