







3 наурыз 2025 жылы Райымбек ауданында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ерекше шара өтті. Бұл басқосуды «Атамекен» ҰКП Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Райымбек аудандық Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ауданның нәзік жанды кәсіпкерлерін қолдау, олардың еңбегін насихаттау және мерекелік көңіл-күй сыйлау болды.
Іскер әйелдер басқосуында аудан әкімі Берік Фатықұлы Дүйсенбаев аудандағы іскер әйелдерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады.
Іскер әйелдер басқосуына бір қауым нәзік жандылар жиналды. Бұл ауданымыздағы іскер әйелдердің біршама екендігін көрсетті. Отбасылық міндеттерімен қатар, түрлі салада бағын сынап, кәсібінің нәсібін көріп жүрген қыз-келіншектердің көптігі қуантады.
Кездесу барысында аудан басшысы нәзік жандылардың қоғамдағы, әсіресе кәсіпкерлік саласындағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың аудан экономикасының дамуына қосып жатқан үлесіне жоғары баға берді. Сонымен қатар, кәсіпкер әйелдердің жетістіктерін мақтан тұтатынын айтып, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.
Аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлер мен сала мамандары аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұңқар Қыдырәліұлы Әбдіраманов өз марапаттарын табыстады. Жас кәсіпкерлер де назардан тыс қалмай, Жастар ресурстық орталығы дайындаған алғыс хаттарға ие болды. Бұл марапаттарды Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Райымбек аудандық филиалының директоры Гүлназ Бағашарқызы Тукмулдаева салтанатты түрде табыс етті.
Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Райымбек аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Бекдәулет Іңкәр Бекдәулетқызы және әр ауылдан сайланған Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері ерекше үлес қосты.
Шараға демеушілік көмек ретінде сыйлыққа сертификаттар беру арқылы қуаныш сыйлаған кәсіпкерлерге ұйымдастырушылар алғыс білдіреді!
Осындай игі бастамалар нәзік жандылардың еңбегін бағалап, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау білдіруге ықпал ететіні сөзсіз.
Басқосу кеші ерекше көңілді өтті. Кешті тізгіндеген Байжұма Медет жиынның жоғары дәрежеде өтуіне зор ықпал етті. Аруларға түрлі сыйлықтар сыйланып, көңілді ойындар ойнатылды. Қыруар шаруадан қолы босамай жүрген арулардың жан дүниесі ерекше қуанышқа бөленіп, жақсы бір жылы кеште қонақ болды. Мұндай игі бастама кәсіпкер арулар үшін аса маңызды. Іс-шара соңы жылы шырайлы әңгіме мен мерекелік дастарханға ұласты.
«ХАНТӘҢІРІ»