Жаңа Конституция заман талабына сай азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін айтарлықтай күшейтті. Еліміздің Басты заңында алғаш рет цифрлық құқықтарға кепілдіктер, дербес деректерді қорғау және зияткерлік меншікті сақтау нормалары конституциялық деңгейде бекітілді. Сондай-ақ, мемлекет пен азаматтардың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі экологиялық жауапкершілігі мен мемлекеттік органдардың заңсыз әрекетінен келген зиянды өтеу міндеті нақтыланды. Айта кетерлігі, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты енді Конституция күні жыл сайын 15 наурызда атап өтіледі.

