26.3 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ - АУДАН ЖАСТАРЫНЫҢ ҚОЛЫНДА

ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ — АУДАН ЖАСТАРЫНЫҢ ҚОЛЫНДА

Жастар-қоғамның ең маңызды қозғаушы күші. Жастар — ел ертеңі. Еліміздегі жас буын өкілдерінің қуатты, парасатты, саналы болуы- еліміз үшін аса маңызды. Бүтін бір аудан жастарының игілігі үшін қызмет етіп жүрген, аудандық жастар орталығының басшысы Әбдірахман Ақерке Кенжебекқызымен  аудан жастарының бүгінгі келбеті мен жастар орталығының негізгі мақсат міндеттері аясында әңгіме өрбіттік.

— Қайырлы күн, Ақерке Кенжебекқызы! Мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында әр өңірден жастар ресурстық орталығы өз жұмысын белсенді жүргізіп, аталмыш орталық біздің де ауданымызда оң нәтижелі жұмыстар атқарып жүргеніне куәміз. Осыған орай, алғашқы сауал, жалпы жастар ресурстық орталығының негізгі мақсат-міндеттері қандай? Аудан жастары жастар орталығына қандай мәселелер аясында жүгіне алады?

— Сәлеметсіз бе? Біздің жаңа орталығымызға қош келдіңіз! Орталықтың басты мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларға мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау. Спортқа, шығармашылыққа баулу, патриоттық рухын арттыру, одан бөлек мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамту, баспаналы болуға дұрыс бағыт-бағдар беру. Жастарға арналған  жобалар мен бағдарламаларды іске асыру, бейресми білім беру, бастамаларды қолдау және жастарға консультация- лық қолдау көрсету, оның ішінде психологиялық көмек көрсету және жастардың өзін-өзі дамуы үшін ашық кеңістік құру арқылы жастармен жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар, жастар арасында құқықтық сауаттылық бойынша шаралар ұйымдастырылады және жастардың инновациялық және кәсіпкерлік қызметін жандандыруға жәрдемдеседі. Ең маңызды бір бағыт – жастар арасында волонтерлік қызметті қолдау және дамыту болып табылады.

Аудан жастары жастар орталығына келесідегідей мәселелер аясында жүгіне алады:

— Жұмысқа орналасу бойынша;

— Кәсіпкерлік пен стартап жобалар;

— Жастар өздерінің идеяларын жүзеге асыру үшін келе алады;

— Өз кезегінде орталық оларға коуч, басқа да мамандарды ұсынады. Жобаны қалай жасайды, гранттарды қалай алуға болатынына бағыт-бағдар береді.

— Ерікітілер ұсынатын көмек; былтыр орталық қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек беру пункттеріне аудан бойынша куратор болды. Пункттерге аудан халқы атынан жиналған көмекті бір орталыққа шоғырландырып, көмектің облыс орталығы Қонаев қаласына жетуіне, одан ары қарай су басқан аймақтарға жетуіне ықпал етті.

— Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар жайлы ақпарат, мәліметтер бойынша бағыт-бағдар алу бойынша жүгіне алады;

— Жуырда, жастар ресурстық орталығының жаңа ғимаратының лентасы қиылып, күллі аудан тұрғындарын қуанышқа бөледі. Әсіресе жастар жағы риза. Жаңа ғимаратта жастарға қандай жағдайлар жасалған?

— Ғимарат ең алдымен әдемілігімен адамды тартып тұрады. Заманауи жабдықталған орталықта жастар үшін барлық жағдай жасалған. Шахмат, шашки, тоғызқұмалақ ойындарына арналған бұрыштар, коворкинг орталығы,  кішігірім кітапхана, антикафе, киім ауыстыратын бөлмелері бар жаттығу залы,  проектормен жабдықталған конференц зал, сонымен қатар, облыс көлемінде жаңадан  ашылған жастар орталықтарында жоқ шағын футбол және волейбол алаңы жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін үлесі зор. Жаз айларында түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырып, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына зор ықпал ететініне сенімдіміз.

— Жастар орталығында қанша уақыттан бері басшылық қызметтесіз? Жалпы орталықта неше адам жұмыс жасайды?

— Жастар саясатындағы алғашқы жұмысымды Райымбек ауданы Кеген ауданынан бөлініп, өз алдына жеке аудан болып қалыптасқан 2018 жылы, аудандық жастар ресурстық орталығына маман ретінде қабылданып, 2023 жылдың қазан айынан орталықтың жетекшісі ретінде қызмет атқарып келемін. Орталықта 1 жетекші, 2 маман, 1 психолог маман, жалпы 4 адам жұмыс жасайды.

— Бүгін ауданымыздағы жастардың саны қанша? Жастардың ауылға келу, тұру белсенділігі қандай? Оларды жұмыспен қамту жағы қалай жүзеге асуда?

— Жалпы аудан бойынша 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 8708 адамды құрайды. Ауданымыз өз алдына жеке аудан болып қалыптасқалы жастарға жаңа жұмыс орындары құрылып, қалада жүрген жастарымыз ауылға келіп, мамандықтары бойынша және мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасуда. Қазір жұмыс істеймін деген адамға мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Тек ниет пен қажырлы еңбек қажет. ЖОО аяқтап, ауылға келіп мамандығымен жұмыс жасауға келгендерге үй мәселесіне көмек ретінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы, тұрғын-үй алуға арналған несие де жастар үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Ауданымыз ауыл шаруашылығына және туризмге бейім аудан болғандықтан, қазіргі таңда «Ауыл аманаты», «Бизнес бастау», «Жастарға арналған 2,5 пайыздық микрокредит» мемлекеттік бағдарламаларын пайдаланып, өз шаруашылықтарын дөңгелетуге болады. Солардың арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болып, ауданымыздың даумуына өзіндік үлесін қосып отыр деп есептейміз. Әлеуметтік жобалар бойынша кәсіп бастағысы келетін жастарға арналған жылына бір рет өтетін «Jas Project» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламалары арқылы грант конкурстарына қатыса алады. Одан бөлек «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Ұрпақтар келісім шарты», «Алғашқы жұмыс орны» сияқты мемлекеттік бағдарламалар жаңадан оқу аяқтаған немесе білімі мен тәжірибесі  жоқ жастар үшін мансап жолындағы алғашқы баспалдақ болады. 14 жастан жоғары мектеп оқушыларына және 35 жасқа дейінгі жастарға да маусымдық «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жұмыс жасауына болады. Жоғарыда айтқанымдай, жұмыс істеймін деген адамға тек ниет пен қажырлы еңбек қажет.

— Аудандық жастар орталығының осы күнге дейінгі жемісті жетістіктерімен бөліссеңіз

— Жастар орталығында қызмет атқарған, қазіргі кезде түрлі салада лауазымды орындарда отырған көптеген әріптестеріміз бар. Ол да үлкен жетістік деп білемін. Себебі, жастар саясаты – әрбір   қызметкер үшін мансап жолындағы трамплин деп білемін. Бұл салада жүрген әрбір жас әр саланың жұмысын атқарып үйренеді. Жоқтан бар жасап, қолдағы бар мүмкіндікпен түрлі бағытта шаралар ұйымдастырып,  аудан жастары үшін еңбек етіп келеді. Былтырғы жылы, аудан волонтерларының су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға берген көмектері үшін облыс әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, 2024 жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жұмыс маусымында 221 жас жұмыспен қамтып, «Жыл серпіні» номинациясының жеңімпазы деп танылды. Әлеуметтік жобалар бойынша кәсіп бастағысы келетін жастарға арналған жылына бір рет өтетін «Jas Project» жобасына Райымбек ауданынан өтінім білдірген Тұрдақын Зілиха жеңімпаз деп танылып, мемлекеттен қайтарымсыз 1 млн теңге грантын ұтып алды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында қайтарымсыз 5 млн тг грантын Қайнар ауылынының жас кәсіпкері Фариза ұтып алды.  Алматы облысы әкімінің «Заңғар-2024» жастар сыйлығының «Жас кәсіпкер» номинациясы бойынша жеңімпазы болып «Inser group» жарнама агенттігінің иесі Бекдәулет Іңкәр танылды. 

Алматы облысы бойынша 9 аудан 1 қала болатын болса, биылғы жылы аудан орталығынан жаңадан ашылған Жастарға қызмет көрсету орталығы ғимаратының біздің ауданда да, облыс бойынша алғашқы ашылған орталықтардың бірі болуының өзі үлкен жетістік деп білемін.

— Қазіргі заман жастарының сипаты қандай болуы тиіс? Бүгінгі жастарға көңіліңіз тола ма?

— Қазіргі заман-мүмкіндіктер заманы. Жастардың жан-жақты дамып, үздік нәтижеге қол жеткізулері үшін мемлекет тарапынан шексіз мүмкіндіктер қарастырылған. Сан сипаттағы ақпарат қолжетімділігі де қарастырылған. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, біздердің жастық шағымызда ауылымызда жастар басқосып, сейіл құратын саябақтар жоқ еді. Бүгінде аудан орталығында, әрбір ауылдық округтерде саябақтар бой түзеп, енді міне, арнайы жастар орталығы ғимараты салынды.

Бүгінгі заман жастары- бойында ерік-жігері бар, жаңалықтан қорықпайтын, жан-жақты дамуды қалайтын, өз ой-пікірін ашық жеткізе білетін жастар болуы керек. Таяқтың екі ұшы болатындай, көзінде оты, жүрегінде қайраты тасып тұрған, адамгершілік құндылықтарды айнытпай сіңірген жастар көз қуантады. Сондай-ақ, әттеген-ай деп өкіндіретін жастар да бар. Дегенмен, әр адам өзі жүретін жолды өзі таңдайды.

— Жастармен жұмыс барысында қандай да бір кедергі келтіретін факторлар барма?

Нарынқол ауылынан бөлек, өзге ауылдық округтердегі жастармен белсенді жұмыс жүргізу жағы сәл ақсап тұр. Қандай да бір шараларды өткізсек, мүмкіндігінше орталық жастарымен өткіземіз. Ал алыстағы ауылдағы жастардың жол мәселесі, шараға қатысуы тағы да қаражат пен жауапкершілік мәселесіне тіреледі. Ауылдық округтердегі жастар нұсқаушылары бар, дегенмен, олар тікелей ауыл әкімдігіне қарайтын болған соң, тікелей өз міндеттерінен өзге де жұмыстарды атқарып жататыны жастармен белсенді жұмыс жүргізуге кедергі келтіреді.

— Ашық әңгімеңізге рахмет, Ақерке Кенжебекқызы!

Сұхбаттасқан: Ақерке БИЖАН

Жаңалықтар