«Менің атым… Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады».
Қадірменді оқырман, Бердібектің Қожасы екен деп қалдыңыз ба? Тұра тұрыңыз, тұра тұрыңыз, бәрін басынан бастап айтып беремін. Абай атамыздың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегеніндей мен де ақ қағазға сырымды айтып көрейін. Сіз тек жайғасып отырып алыңыз.
Сонымен кеттік. «Әкел, досым, сен маған қолыңды бер»
Қайран, қайғысыз, қамсыз күндерім. Қазіргі көктемгі бәйшешектей қылтиып, қызғалдақтай құлпырып, бой жете бастаған шағымда қайран қайғысыз, қамсыз күндерім — балалық шағым туралы қанша жазсам да, ойласам да құмарым бір қанбайды-ау, қанбайды. Барлық жастағы адам баласының ішінде балалық шағын елжірей еске алмайтын адам кемде-кем шығар-ау. Қызығы да, шыжығы да көп, ес білмейтін кезімнің бірін еске алып еріксіз жылап қалам, ал бірін еске алсам жаным рахат табады.
Қайраан деп отырғаныма қарап мені үлкеен қыз деп қалмаңыз, жасым он төртке келді.
Әлқисса, мен Алланың уысында, ақ бастауларын құшағына басқан асқар таудың қуысында жатқан, біреу біліп, біреу білмейтін Талас дейтін жерде дүниеге келгенмін. Қарапайым ғана қоңыр тіршілігі бар, біреуден ілгері, біреуден кейін боп, құдай берген ғұмырын сүріп жатқан Құрманғали әулетінің Орман деген баласынан тараған кіші қызымын. Құдай қалағаннан болар, әкемнің он екі бауыры бар. Солардың бәрі де бір –бір үйдің отағасы, отанасы. Ал біздің үйде төрт қыз және бір ұл. Әпкелерім үлкен болғандықтан бәрі – қалада. Қызықтың бәрін мен көрем. Сол қызықтарыма сіздер де ортақ болыңыздар, құрметті оқушым!
Менің жарық дүниеге келуімнің өзі-ақ ауыз толтырып айтарлықтай, еске алуға да қызық болған. Ата-анам, бауырларым мен дүниеге келген соң бір ай бойы басқа атпен атап келген. Мен туған кезде үлкен әкем Мінетхан мен үлкен шешем Алтынай менің атымды қоюға таласыпты. Сонымен бірі менің атымды Гүлім, екіншісі Үміт деп қоямыз деп бәстесіпті. Әйел заты не дегенмен пысық емес пе? Алтынай шешем менің атымды әке-шешеме бірінші айтып, «Гүлім» деп қойдық депті. Ал Мінетхан әкем аудандағы таныстарына айтып, туу туралы куәлігіме атымды «Үміт» деп жазғызыпты. Мінетхан әкем мұны ешкімге айтпаған. Әке-шешем мені перзентханадан алып шыққаннан кейін менің жалғыз құжатыма да қарамай, Алтынай шешемнің айтуы бойынша Гүлім деп атап кете берген. Атым олай емес деп айтуға менде де тіл жоқ. Сөйтіп, әке-шешем бір айдан кейін менің қал-жағдайымды білу үшін үйге келген дәрігерлерден атымның Үміт екенін бір-ақ естіген. Әй, аңғал жандарым-ай!
Үлкен әкемнің менің атымды Үміт деп қойғаны да жақсылықтың белгісі болыпты, араға екі жыл салып артымнан бір емес екі ұл дүниеге келді. Сонда деймін-ау, менің атымды Үміт қойып Мінетқан әкем Аллаға үміт артқан екен де, Алла Тағала үміттерін ақтаған екен ғой.
Жарқыраған, жайнаған жаздың жасыл жайлауы жүрегіңе — жылу, жаныңа береке сыйлайды ғой. Малға да, жанға да жайлы қасиетті Шәлкөденің шалғыны жапырылмаған шақта менің әкем Орман мен анам Эльмира жылдағы әдетпен жайлауға көшті. Мен сабақ аяқтала сап Алматыға кеткен болатынмын. Алматыдан келе сала Шәлкөдеге жол тарттым. Неге екенін білмеймін, маған айтпай көшіп кетіп, мені жұртқа тастап кеткендей сезімде болған менің ішімде ата-анама өкпе бар.
Жайлауда маған ұнамайтын екі шаруа бар. Біріншісі — қой бағу. Қай қызға қой бағу ұнайды дейсіз? Екіншісі — күбі пісу. Тіккен үйіміз жолдың үстінде болғандықтан әрлі-берлі ағылған жолаушылар үйге жиі түсетін. Сол күні де үйге қонақтар келіп, қой бағып жүрген әкемді шақыртты. Әкемнің орнына қойларға бас-көз болу үшін інім екеумізді жіберді.
Әңгіме жүйелі болу үшін Шәлкөде жайлауына тоқтала кетейін. Шәлкөде жайлауы — басында Сарыбастаудың, аяғында Қошқардың малшылары жазда жайлайтын берекелі жайлау. Жайлауда тамыздың басында ит-құс шығады. Олар адамнан қорықпақ түгілі, сескенбейді де. Анда-санда бір отардың жас қозысын күн жарықта-ақ жымқырып кете салады. «Аш пәледен — қаш бәле» деген ел – жұрт ит құстарды ата да алмайтын.
Түс кезінде, күн ысығанда қойлар тықыршып, тыныш жатпай, әбден әбігерге салатын сәті болады. Інім екеуміздің тап осы бір беймаза уақта қойға келуімізді айтсаңызшы. Әншейіндегі момақан да момын қойларға ызаң келеді ғой. Қойларға өкпемді айтып жүргенде, ол аздай қиындықтың үстіне қиындық қосылып, алыстан бізге қарай не жын екені, не пері екені ағараңдаған белгісіз бірдеңе жүгіріп келе жатыр. Жүрегім атқақтап, іші-бауырыма бір қорқыныш кіріп, жанарыма жас та келіп үлгерді. Ана пәле жақындаған сайын бір қауіптің бар екенін ескертетіндей. Жаңағы нәрсе бір сәтте кілт тоқтай қалды. Ойбааай, енді қайттім?! Анау жылжыр емес. Сөйтсеем, домаланған аппақ қаңбақ. Қорыққанға қос көрініпті. Қорыққан мен қуанған бір деген сөздің мәнісін мен сол кезде түсіндім.
Ааал, қооош, бұл да өтті. Кеш түсе, қас қарая алдымыздан әкеміз шығып қойды үйге айдап апардық. Мазақ қыла ма деп манағы қорқынышымды жанымдағы ініме де, әкеме де айтпадым, ішіме бүгіп қалдым.
Мені енді үйде мені маған ұнамайтын тағы бір шаруа күтіп тұрғанын шығарманы мұқият оқыған адам біліп отыр деп ойлаймын. Иә, иә, дұрыс айтасыз, күбі пісу деген шаруа күтіп тұр ғой.
Сонымен анамның күні бойы күбіге жинаған қымызын пісу деген азап басталады. Ертерек ұйықтап қалудың тағы жөні жоқ, өйтсең аш қаласың, түннің ішінде қарның шуылдап, мазаң қашады. Менің бұл сөзімнің мағынасын жайлаудың таза ауасында тамақтанған адамдар ғана түсінеді деп ойлаймын.
Бір, екі, үш, төрт… Күбі пісу басталды. Қолың талады, санап пісемін деп аузың шаршайды. Бұл үйде шаршамайтын мен ғана, басқалар демалып жатыр, анамды қойшы, үйдің жыбыр-жыбыр тіршілігінен қолы босамайды. Анау жатқан әкем мен ініме тісімді қайрап мен тұрамын. Інім кішірек, тамаққа тойып ап, томпиып ұйықтайды да қалады. Әкем ше? Жооқ, ол мен жаққа тіпті қарамауға тырысып, бірдеңені оқиды да жатады. Жыларман боп, күбімен ұрсысып мен тұрам. Бір уақытта әкем басын көтеріп, қымыздың дәмін татып көріп, мені бұл азаптан құтқарады.
Бірақ осы азаптың керемет бір қайырымы бар. Ол – қымызды ішкен кісілердің қымыздың дәміне сүйсінген кездегі айтатын рақметтері, қымызды мақтаулары. Оо, бұл кезде мен ұшып кете сақтап жүрем ғой. Осы бал қымыздың бәрін осы қаршадай қыздың піскенін осыларға қалай айтсам екен деген оймен, өзімнен өзім күлімсіреп жүріп, қонақтардың кетіп қалғанын аңғармай да қалам. Осы өкпемді анама айтсам, сен пісті деп айттым деп қояды әйтеуір. Осыны енді ойласам, келіп, кетіп жатқан қонаққа алдындағы дайын қымыздың қаншалықты бейнетпен әрине, мен үшін келгенінің еш маңызы болмаған екен-ау.
Сөйтіп, көгалды қуып, гөлайттап дегендей жаз да бітеді, сұрқай күз кешке қарай өзінің келе жатқанынан хабар беріп, дірдектетіп жібереді. Жайлауы жапырылып, гүлдері тапталған айнала да бізге суық қарайтындай. «Тұр, тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетеді» дегендей өстіп жүргенде әкеміз бен анамыз бір күні көші-қонның қамын жасай бастайды.
«Артымызда — Москва, шегінерге жер жоқ» Бізге тек ауылға, үйімізге кетсек болды. «Шәлкөде, ыстықсың сен маған, Жайнай бер, жазира, кең далам!» — деп ыңылдап көшіп кете барамыз.
Балалығымның бал күндеріне саяхат жасата алдым ба, Сізге, патша көңілді оқырманым? Егер де жолыңыз түсіп, жайдары жазда Шәлкөдеге бара қалсаңыз Қошқардан көшіп баратын Орманның үйіне соға кетіңіз. Мен де, інім де есейдік. Қаңбақтан да қорықпаймын, күбіні де жыламай пісем. Сөз берем! Келіңіз, қонақ болып қайтыңыз!
Орманның Гүлім, жооқ Үміт деген қызы шақырған дерсіз.
Үміт ОРМАНҚЫЗЫ,
Ш. Уалиханов атындағы орта
мектептің 9-сынып оқушысы
Талас ауылы