12.3 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАДАЛ ЕҢБЕК АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

АДАЛ ЕҢБЕК АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Президенттің айтуынша, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Сондай-ақ, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалап, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттады. Президент өз сөзінде: «Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деп түйіндеді. Жұмысшылар жылы аясында ауданымыздағы ерен еңбегімен еленіп жүрген бірқатар жандар жайлы жазып, мерейлерін үстем етпекке бекіндік.

“Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға”. Хәкім Абайдың адал еңбек парасатты мінезбен өмірден ұтқаны көп адамдарға қатысты айтқан даналығы. Қалтарыс-бұлтарысы көп мына өмірде адам баласы таза еңбек маңдай терімен жеткен жетістіктің орны бөлек.  Хантәңірінің етегіндегі қазақи қаймағы бұзылмаған Қаратоған ауылындағы Нұрбапа Өмірзақов атындағы білім ордасында мектеп тарихында екпінді еңбек еткен, есімі алтын әріптермен жазылатын  ізгі жан – Устенбекова                       Дина Дәулеткелдіқызы.

Дина Дәулеткелдіқызы өз саласының білікті маманы ретінде абыройы биік, көркем мінезімен көптің көңілін табатын жайдарлы жан. 1964 жылы 12 сәуірде Текес ауылында дүние есігін ашып, балалық шағы Текес, Тегістік ауылдарында өтті. 1981 жылы 10 жылдық мектепті аяқтап, 1983 жылы Талғардағы СХТ-ға  есепші мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1985 жылы оқуды аяқтады. Оқуды үздік нәтижемен аяқтап, мамандығы бойынша 1985-1994 жылдары 19 Партсъезд атындағы колхозда жұмыс жасады. 1995-2008 жыл аралығында Нұрбапа Өмірзақов атындағы орта мектепте лаборант болып, 2008-2018 жылдары есепші қызметін атқарған. 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін  аталған білім ордасында кадр бөлімі  қызметінде.

Жұмабаев Кенжемұрат мырзамен отау құрып, 4 баланы дүниеге әкелген.           Кенжемұрат  мырза бірнеше жыл көлік жүргізушісі болған. Ауданымыз өз алдына жаңа аудан болып бөлінбей тұрғанда Дина Дәулеткелдіқызы 10 жыл көлемінде Кеген ауданына барып-келіп жұмыс жасаған. Дина апайдың еңбек жолындағы қиын жылдары осы болса керек, жол алыстығы, қолайсыз ауа райы отбасылы жан үшін расымен де қиын еді. Осы жылдары қажырлы еңбек жолында бірге жұмыс жасаған жандар Дина апайдың әлі есінде. Қасымова Кәмила, Мәретбаева Бейбітгүл, Алпысбаева Гүлжан, Алмабаева Мираш, Үміт есімді білікті есепшілермен істес болғанын еске алып, өткен күндерге шексіз алғысын білдіреді.

Әр мамандықтың өзіндік қиындықтары бар. Дегенмен, сан жылдық тәжірибе мен шексіз ізденіс, талмас еңбектің нәтижесінде Дина Дәулеткелдіқызы ұжымдастары арасында  биік беделмен зейнет демалысына аттанбақшы. “Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді” демекші, жұмысында бірқатар жетістіктерге жеткен жан отбасында да ардақты ана, кең пейілді әже рөлін ақсатпаған бақытты жан. Еңбегінің зейнетін көрер шақ та келіп жетті. Ендігі мақсат — бейнеттің зейнетін көріп, перзенттерінің қызығын көру, қыруар жұмыстан босап, өмірге басқа қырынан қарап, өнегелі ғұмыр кешу.

Ақерке БИЖАН

Жаңалықтар