Мемлекеттік қызметші – мемлекет пен халық арасындағы басты дәнекер. Оның әрбір сөзі, әрекеті және азаматтармен қарым-қатынасы – биліктің беделін қалыптастыратын айна. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы – тек жеке мәдениеттің ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың абыройының өлшемі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде нақты көрсетілгендей, әрбір қызметші қоғам мүддесін жеке басының пайдасынан жоғары қоюға, әділдік пен ашықтық қағидаттарын ұстануға, азаматтарға құрметпен қарауға міндетті. Бұл – мемлекеттік қызметтің басты қағидалары.
Әдептілік – жай ғана сыпайылық емес, ол – кәсіби жауапкершіліктің, адалдық пен әділдіктің белгісі. Мемлекеттік қызметші азаматтардың өтінішін мұқият тыңдап, оларға түсінікті әрі дұрыс ақпарат беру арқылы халықтың сенімін арттырады. Сонымен қатар әріптестермен сыйластықта болу, өз ісінде бейтараптық пен әділетті сақтау – қызмет әдебінің маңызды бөлігі.
Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде айтарым – біз үшін басты мақсат: мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебін нығайту, қоғамда әділ әрі сенімді мемлекеттік аппараттың беделін қалыптастыру. Халық сенімі – ең қымбат құндылық. Сол сенімді ақтау үшін әрбір мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын қатаң сақтауы тиіс.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметшінің әдебі – мемлекеттің беделі, ал әдепке адалдық – халық сенімінің кепілі.
Г. КЕНЕБАЕВА,
Райымбек ауданы әкімі
аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл

