Расында, әлеуметтік саясаттың басты мақсаты тек қаржылай қолдау көрсетумен шектелмеуі керек. Әрбір азаматтың білім алып, кәсіби тұрғыдан дамуына, еңбек етуіне, өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау – әлдеқайда тиімді әрі ұзақ мерзімді нәтиже беретін бағыт. Бұл адамның мемлекетке тәуелділігін азайтып қана қоймай, өз еңбегімен табыс тауып, қоғамның белсенді мүшесіне айналуына ықпал етеді.Мақалада отбасы институтын нығайту, балалардың қауіпсіздігі, инклюзивті қоғам қалыптастыру, жастарды қолдау сияқты маңызды мәселелердің көтерілуі де ерекше назар аудартады. Бұл – бір ғана әлеуметтік саланың емес, тұтас қоғамның дамуына әсер ететін өзекті тақырыптар. Әсіресе, бала тәрбиесіне, сапалы білім мен қолжетімді әлеуметтік қызметтерге басымдық берілуі – келешек ұрпақтың жарқын болашағына жасалған инвестиция деп ойлаймын.Қазіргі таңда қоғамда әр адам өз мүмкіндігін толық пайдалана алатын жағдай қалыптастыру маңызды. Сондықтан әлеуметтік саясаттың жаңа бағыты азаматтардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, олардың өз күшіне сенімін арттырады деп сенемін. Мұндай бастамалар елдің тұрақты дамуына оң әсерін тигізіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді.
Аружан Бексұлтан

