ДомойЖаңалықтар | НовостиБалалардың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

Балалардың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

Алматы облысында балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Басты назар – балаларға қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың алдын алуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Алматы облысының Балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Дәулет Шайтұрсынның айтуынша, әрбір баланың қауіпсіздігі – мемлекеттік органдардың ғана емес, ата-аналар мен бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан профилактикалық жұмыстар оқыс жағдай орын алғаннан кейін емес, оның алдын ала жүргізілуі маңызды.

Балалардың қауіпсіздігі ең алдымен олардың күнделікті өмір сүретін ортасынан басталады. Осы бағытта өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Алматы облысы ТЖД Өрт бақылау басқармасының бас маманы Айғаным Мусекенованың мәліметінше, жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде өңірде өрт оқиғалары 13,3%-ға төмендеген.

Жылыту маусымына дайындық барысында мамандар 5 мыңнан астам ауланы аралап, 10 мыңнан астам тұрғынға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді. Әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне 1 024 иіс газын анықтайтын датчик орнатылды. Мұндай шаралар балалардың үй жағдайындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Балалардың жолдағы қауіпсіздігі де тұрақты бақылауда. Алматы облысы Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу, балалардың жол қозғалысы ережелерін сақтауын қамтамасыз ету және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Мектептерде түсіндіру кездесулері өткізіліп, балаларға жолдан қауіпсіз өту, жол белгілерін сақтау және көлік құралдарының жанында абай болу талаптары түсіндіріледі.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың теміржол аумағындағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері вокзалдар мен платформаларда патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, мектептерде теміржолдағы қауіпсіздік ережелеріне қатысты түсіндіру дәрістерін өткізуде. Балаларға теміржол жолдарына жақындамау, белгіленбеген жерден өтпеу және теміржол нысандарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертіледі.

Балалардың қауіпсіздігі – тек арнайы қызметтердің міндеті емес. Баланың қай жерде жүргенін білу, үйдегі қауіпсіздік талаптарын сақтауын бақылау, жолда және қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстауға үйрету – ата-ананың күнделікті жауапкершілігі.

Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік шаралары төтенше жағдай болғаннан кейін емес, оған дейін қолға алынуы қажет. Сондықтан балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, полиция, төтенше жағдайлар қызметі және ата-аналар бірлесіп әрекет етуі маңызды.

Жаңалықтар