1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Қонаев қаласындағы «Шарапат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мерекелік шара өтті
Іс-шараға «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының басшысы Данияр Қасқарауов, партия өкілдері және жастар қанатының белсенділері қатысты.
Кездесу барысында орталық тұрғындарына арнап концерт ұйымдастырылып, мерекелік сыйлықтар берілді. Қонақтар қариялармен әңгімелесіп, олардың өмір жолы, еңбек тәжірибесі мен бүгінгі қоғам туралы пікірлерін тыңдады.
Данияр Қасқарауов аға буын өкілдерін Қарттар күнімен құттықтап, қарттарға қамқорлық тек мерекелік шаралармен шектелмеуі керектігін айтты.
«Қарттық – адамның қоғамдағы орнын жоғалтатын кезең емес, керісінше өмірлік тәжірибе мен ақыл-парасаттың қадірі арта түсетін кезең. Біздің түсінігімізде қарттарға қамқорлық тек мерекелік құттықтаумен шектелмеуі керек. Қарт адамның өзін жалғыз сезінбеуі, қоғамға қажет екенін сезінуі – ең үлкен қолдаудың бірі. Сондықтан аға буынға жағдай жасау, олардың тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу әрдайым маңызды», – деді Данияр Қасқарауов.
Ол сондай-ақ «Шарапат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне алғыс білдірді. Оның айтуынша, ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарға күнделікті көрсетілетін қамқорлық пен жанашырлықтың маңызы зор.
Шараға партияның жастар қанаты да атсалысты. Жас белсенділер қариялармен бірге уақыт өткізіп, әңгімелесіп, мерекелік бағдарламаның өтуіне көмектесті.
Кездесу соңында аға буын өкілдеріне денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп, естелік сыйлықтар табысталды.

