6.5 C
Нарынкол
spot_img
ДомойБас тақырып | О главномТаза Қазақстан келбеті аядай ауданнан бастау алады

Таза Қазақстан келбеті аядай ауданнан бастау алады

Қоршаған ортаның күл-қоқыстан таза болуы — бүгінгі күннің басты мәселесі. Еліміздің экомәдениетінің дамуы да аталған мәселенің ушығуынан ілгерілей алмай тұр. Әлемдік аренадағы дамыған елдерде қоқысты сұрыптау мәдениеті бастау алып, оң нәтижесін көрсетіп үлгерді. Ал біздің елімізде, өкінішке орай, қоқысты сұрыптамақ түгіл, жалпы жоюдың өзі бірқатар кедергілер арқылы жүзеге асады.

Қоршаған ортаның тазалығы — барша адамзаттың жауапкершілігінде. Еліміздегі экомәдениетті қалыптастыруды мақсат етсек, аталған мақсат аясында әрбір тұрғын өз үлесін қосуы керек. Күл-қоқысты бейберекет тастаудан тыйылмай, Таза Қазақстан болудың ауылы алыс екенін ұғынайық.

Жоғарыда, қоқысты сұрыптау мәселесін тілге тиек еттік. Дәл осы игі әдетті неге аядай ауданымызда, жүзеге асырмасқа? Күллі Қазақстанда жүзеге асырмаққа бекінген кез келген әдіс шағын ауылдар мен аудандардан бастау алғаны маңызды емес пе?! Ел көлемінде сөз қозғамастан бұрын, ауданымыздың экомәдениетіне назар салсақ, көңіл көншітпейді. Ауданымызда арнайы қоқыс полигондары жоқ. Арнайы белгіленген қоқыс алаңы болмаған соң, әр ауыл тұрғындары, қоқысты ауыл маңындағы ой-шұқырларға төгуге мәжбүр. Ал қоқыстың сан түрлі сипаты болатынындай, целофан, пластикалық бөтелкелердің бейберекет далада жатып, күнге шағылысып, әсерінен ауаға түрліше адам ағзасына зиян дүниелер тарайтынын айтып та, жазып та жүр. Ауыл тұрғындарының аталған қоқыс түрлерін құтылу мақсатында өртейтіндері де жиі кездеседі. Пластикалық бөтелкені өртегенде, түтінінен қауіптілігі жоғары улы заттар бөлінетінін ескерген жөн. Тұрғындар қоқысты өз бетімен осылайша жоюға тырысқанымен, бұның да зиянды тұстары ұшан-теңіз болды. Енді қайтпек керек?  Арнайы қоқыс полигондары аса қажет.

Қоқыс полигонына қажеттілік мәселесі, тиісті жауапты орындар арқылы шешімін таба жатар. Жас ауданымыз тиісінше дамып, жан-жақты ілгерілеп келеді. Қоқыс мәселесі де өз шешімін табары анық. Ал қоқысты сұрыптау мәселесі ше? Оқырмандарға қоқысты сұрыптау ұғымын толығырақ түсіндіре кетейін, жалпы бұл сұрыптаудың қажеті не?

Қоқыстың қоршаған ортаға тигізер залалы белгілі, ал қалдықтарды сұрыптап, бөлек-бөлек жинаса, зиянды азайтуға болады. Мәселен, арнайы қоқыс контейнерлерін орналастырып, оларға пластик қалдықтарды бір бөлек, әйнек ақлдықтарды бір бөлек, қағаз қалдықтарды бір бөлек, тағы түрлі сипаттағы қалдықтарды жеке дара сұрыптау. Бұл әдіс негізінен, елімізде 2017 жылдан бастап қолданылады. Бірақ, күллі ел көлемін әлі де қамти алмай келеді.  Иә, қоқысты сұрыптау, жинау, тасымалдау, қайта өңдеу мен пайдаға асырудың нақты жүйесін мемлекетіміз әлі жасаған жоқ.  Демек, экомәдениет қалыптастыру бір ізге түскен жоқ. Дегенмен, қоқыстан арылу мәселесін шешуден жалтарудың еш реті жоқ. Негізінен, тапталып жерде жатқан күл-қоқыстың өзі қалауын тапқан адамға әжептеуір табыс көзі. Жер бетінде адамзат өмір сүрген шақта, қоқыс- ешқашан таусылмайтын қор деуге болады. Олай болса, бұл кәсіптің де пайдасы тұрақты. Бір жағынан кәсібіңді дөңгелетіп табысқа кенел, бір жағынан қоршаған ортаға шарапатыңды тигіз.

Қалдық мәселесінің бүгінгідей күрделі жағдайда, шешімі күрмеулі халге түсуі, халықтың күл-қоқыстан келетін зиянды толық түсіне алмауында және, қалдықтарды өңдеу жүйесінің нақты жолға қойылмауында, оған қажетті ресурстардың тапшы болуында.

“Таза Қазақстан ” деп ұрандатқанда, жанұшыра белсендіміз, іс-әрекетке көшетін кез келді. “Таза болса табиғат, аман болар адамзат”, демекші, күнделікті бізбен бірге өмір сүретін қалдықтардың зиянына баса мән беріп, өзіміз үшін, өзіміз өмір сүретін Жер ғаламшары үшін қоқысты игерудің қарапайым тәсілдерін жүзеге асырайық.

Ақерке БИЖАН

Предыдущая статья
Следующая статья

Жаңалықтар