Домойhantengrigazeti.kz ақпаратӨНЕР МЕН ӨРЛЕУДІҢ ОРДАСЫ

ӨНЕР МЕН ӨРЛЕУДІҢ ОРДАСЫ

Шығармашылық орталықтың қысқыша тарихы

«Алматы облысы білім басқармасының Райымбек ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының оқу ғимараты 1960 жылы салынған. Нарынқол мектепаралық оқу — өндірістік комбинаты Халық депутаттарының Нарынқол аудандық Совет атқару комитетінің 20.05.1986 жылғы №193 шешіміне сәйкес ашылды.Содан бері 2023 жылдың тамыз айына дейін Нарынқол ауылындағы 3 мектеп және  6 ауылдағы филиалдардың 8-11 сынып оқушыларына  4 мамандық бойынша 639 оқушыға (авто ісі В, ВС1категориясына; аспазшы III разрядты; тігінші IІI разрядты; ЭЕМ оператор) мамандықтары бойынша бастауыш кәсіптік білім беріп келді.

2023-2024 оқу жылында  Алматы облысының әкімдігінің 06.12.2022 жылғы №386  қаулысымен «Алматы облысы білім басқармасының Райымбек ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Нарынқол ауылының техникалық  шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.        

2024-2025 оқу жылында Алматы облысының әкімдігінің 13.09.2024 жылғы №292  қаулысымен «Алматы облысы білім басқармасының Райымбек ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Нарынқол ауылының балалар-жасөспірімдер шығармашылық  орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.

Осыған сәйкес, жаңа оқу жылында тігін ісі, қолөнер, көркемдік ағаш шебері, суретші, жас даяшы, жас кондитер,  жас аспаз,  жас шахматшы, өлкетану, жас эколог, авто ісі, автомодельдеу, робототехника, ЭЕМ операторы және дизайнер, ағылшын тілі, жас натуралистер, жас химик, тоғызқұмалақ, үстел теннисі үйірмелері бойынша аудан көлемінде  шығармашылық орталықта қосымша  білім алуға 1955 оқушы  өтініш білдіріп, тіркелді.

Кәсіпорында 7 бағыт /ғылыми-техникалық, туризм-өлкетану, экология-биология, спорттық, көркем-эстетикалық, сәндік қолданбалы қолөнер, әлеуметтік-педагогикалық бағытта бағдар беретін, 20 үйірме /автоісі, жол қозғалысы ережелері, аспаз, ЭЕМ операторы, робототехника, өлкетану, жас эколог, ағылшын тілі, жас химик, шешендік өнер, қызықты математика, жас натуралист, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жас шахматшы, ағаш шебері, дизайн, суретші, қолөнер, тігін үйірмелері бойынша сабақтары жүргізілуде.

2025-2026 оқу жылындағы жалпы педагог саны- 58, оның ішінде: 16 негізгі мұғалім, қоса атқарушы  42 мұғалім, 11 техникалық қызметкерлер жұмыс атқаруда.

16 негізгі мұғалімнің біліктілік санаттары бойын-ша педагог сарапшысы-2, педагог модераторы-2, педагогтары-12.

42 қоса  атқарушы мұғалімнің біліктілік санаттары бойынша педагог-зерттеушісі-6, педагог сарапшысы-9, педагог модераторы-16 және  педагогтары -11 мұғалім қызмет атқаруда.

Шығармашылық серпін сыйлаған семинар

Нарынқол ауылындағы балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында өткен аудандық семинар білім саласы мамандарының басын қосқан маңызды алаңға айналды. Ауданның түкпір-түкпірінен келген ұстаздар, білім бөлімінің әдіскерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен қосымша білім беру педагогтері бір күн бойы тәжірибе алмасып, шығармашылық бағыттағы жұмыстармен танысты.

Семинарға жиналған қауымның жүзінен кәсіби кездесуге деген қызығушылық пен жаңа идеяларға деген ұмтылыс анық байқалды.

Семинардың ашылуында сөз алған “Алматы облысы білім басқармасының Райымбек ауданы бойынша білім бөлімі” мемлекеттік мекемесінің әдіскері Үшкемпірова Эльзира қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай кездесулердің ұстаздардың кәсіби дамуына ерекше ықпал ететінін атап өтті. Ал шығармашылық орталығының директоры Малаева Арай Бейсенбекқызы өз сөз кезегінде қосымша білім беру саласының бала тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, семинардың негізгі мақсаты тәжірибе алмасу мен шығармашылық әлеуетті арттыру екенін жеткізді.

Семинарға ауданнан арнайы келген қонақтар қатарында Райымбек аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Қорабай Жұлдыз Табысқызы мен Үшкемпірова Эльзира Тоқайқызы, сондай-ақ Джабагиева Айжан Нұрланқызы мен Сығаева Әсел Бақтыбайқызы болды. Қонақтар семинар жұмысына қатысып, педагогтердің шығармашылық ізденістеріне жоғары бағаларын беріп, мұндай тәжірибе алмасу алаңдарының кәсіби дамудағы маңыздылығын атап өтті. Олардың қатысуы шараның маңызын арттырып, ұстаздар қауымына ерекше серпін сыйлады.

Ресми бөлім аяқталған соң қатысушылар практикалық бөлімдер мен шебер сыныптарға бағыт алды. Әр кабинетте өзіндік ізденіс, тың әдіс пен шығармашылық көзқарас байқалды. Педагогтар өздерінің күнделікті тәжірибесінде қолданатын әдістәсілдерін ұсынып, әріптестерімен пікір алмасты. Бұл бөлім семинардың ең белсенді кезеңдерінің біріне айналды.

Шараның келесі бөлігі шығармашылық орталық ұйымдастырған көрмемен жалғасты. Қолөнер, жас эколог, жас натуралист және жас химик үйірмелерінің тәрбиеленушілері жасаған жұмыстар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қарапайым материалдардан жасалған ерекше бұйымдар, ғылыми ізденіске негізделген жобалар мен шығармашылық жұмыстар оқушылар еңбегінің нәтижесін айқын көрсетті.

Түске қарай қатысушылар назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахнада өнер көрсеткен оқушылардың шығармашылық деңгейі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, шешендік өнер үйірмесі дайындаған «Төле бидің төрелігі» көрінісі көрермендердің ерекше назарын аударды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген қойылым жас буынның тарихи танымын байқатты.

Концерт барысында көркем сөз оқу, ұлттық және өзге халық билері, әндер мен сахналық қойылымдар көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. М.Мақатаев шығармасы желісімен қойылған «Соғыстың соңғы көктемі» сахналық қойылымы әсерлі эмоция сыйлап, көрермендерді терең ойға жетеледі.

Күннің қорытынды бөлімінде марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Ұстаздардың кәсіби еңбегі бағаланып, білім беру мен шығармашылық саласына қосқан үлесі үшін бірқатар педагогтер мен оқушылар марапатталды.

Сонымен қатар шығармашылық орталықпен тығыз байланыста жұмыс істеген ата-аналар да назардан тыс қалмады. Оларға арнайы алғыс хаттар табысталып, бала тәрбиесіндегі еңбектері атап өтілді.

Семинардың әсерлі сәттерінің бірі – ұзақ жылдар бойы шығармашылық орталығында еңбек еткен “Авто ісі” үйірме жетекшісі Елмирзаев Бақберген ағайды  зейнеткерлікке шығарып салу болды. Әріптестер тарапынан айтылған жылы лебіздер мен алғыс сөздер бұл сәтке ерекше мән берді.

Күн соңында қатысушылар бір пікірге тоқтасты: мұндай кездесулер тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, шығармашылық шабыт сыйлайтын маңызды орта. Өйткені білім беру саласындағы жаңашылдық пен кәсіби даму – осындай кездесулер арқылы қалыптасады.

Нарынқол ауылында өткен бұл семинар тағы бір маңызды дүниені көрсетті: тәжірибе мен шығармашылық қатар жүрген жерде нәтиже де, даму да болады.

Айта кететін, тағы бір маңызы, тарихи оқиға, биыл талай шәкірттің шығармашылық қабілетін шыңдаған шығармашылық ордасының аудан балаларының игілігіне қызмет еткеніне 40 жыл толып отыр. 40 жыл — аз уақыт емес, осынау үлкен уақыт аралығында талай шәкірт өз қабілетін дамытып, өмірлік таңдауына бағдар алды. Осы тұста шабыт ордасы- шығармашылық орталығының ұжымын 40 жылдық   мерейтоймен шын жүректен құттықтаймыз.

Жанерке АЙДОСҚЫЗЫ,

ХАТУ-нің 1 курс студенті

Жаңалықтар