ДомойЖаңалықтар | НовостиБАЛАЛАР - ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ БАСТАУЫ

БАЛАЛАР — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ БАСТАУЫ

1 маусым – Балаларды қорғау күні – өскелең ұрпақтың құқықтары мен қауіпсіздігін, олардың жан-жақты дамуын дәріптейтін халықаралық маңызы бар мереке. Бұл күн балаларға қамқорлық көрсетудің, олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз етудің маңызын айқындай түседі. Себебі әрбір бала – елдің ертеңі, болашақтың иесі.

Осыған орай, Сарыжаз ауылдық Күншуақ балабақшасында Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама аясында тәрбиеленушілер ән айтып, би билеп, қызықты ойындар мен эстафеталық сайыстарға қатысты. Сонымен қатар, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған түрлі белсенділіктер өткізілді.

Шараның негізгі мақсаты – бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлау, достық қарым-қатынасты нығайту және балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру.

Мерекелік шараның өтуіне Сарыжаз ауылы жастарының «Қарекет» қоры да өз үлесін қосты. Қор мүшелері бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар мен тәттілер тарту етіп, олардың мерекелік көңіл-күйін көтерді. Жастардың бұл игі бастамасы балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамдағы қайырымдылық пен өзара қолдаудың жарқын үлгісін көрсетті. Осындай ізгі істер мерекенің мәнін арттырып, шараның мазмұнын одан әрі толықтыра түсті. Мерекелік атмосфера мен шаттыққа толы сәттер бүлдіршіндердің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Айтулы білім ордасында Сарыжаз ауылдық Күншуақ балабақшасы бүгінде ауылдағы мектепке дейінгі білім беру саласында өзіндік орны қалыптасқан мекемелердің бірі. Қазіргі таңда 140 тәрбиеленушіні қамтитын 6 топ жұмыс істеп, бүлдіршіндердің сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасалған.

Балабақша ұжымы жыл сайын түрлі байқаулар мен кәсіби сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2022 жылы балабақша ашылған кезеңде меңгеруші Мұқажанова Ботагоз Туринбековна «Үздік балабақша меңгерушісі» атанып, алғыс хатпен марапатталды. 2023 жылы балабақша тәрбиешісі Сәрсебек Әлия Еркінбекқызы «Жыл балабақша» облыстық байқауында Гран-при иегері атанды. 2024 жылы ұжым қоржыны «Жыл тәрбиеші» атағын иеленген Шүкірова Балауса Панарханқызының жетістігімен толықса, аудандық «Үздік балабақша» байқауында мекеме І орынды жеңіп алды. 2025 жылы Жұмағазиева Мөлдір Әлиғазықызы «Үздік жоба» номинациясының иегері атанса, 2026 жылы Манькеева Майнұр Ерасиловна «Үздік педагог» атағын иеленді. Бұл жетістіктер – білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Күншуақ балабақшасының басты байлығы – балалардың шат күлкісі мен олардың жарқын болашағына қызмет ететін білікті мамандар еңбегі.

Мұндай игі іс-шаралар жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, олардың бойында мейірім мен отансүйгіштік қасиеттердің қалыптасуына зор ықпал етеді. Сарыжаз ауылдық Күншуақ балабақшасында ұйымдастырылған мереке бүлдіршіндер үшін жарқын әсер мен қуанышқа толы күн болды. Мерекелік шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған ұйымдастырушы Мұқажанова Ботагөз бен музыкалық сүйемелдеуді қамтамасыз еткен Мақпал Сағатбекқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Олардың үйлесімді жұмысы шараның мазмұнын байытып, мерекелік көңіл күйдің жоғары деңгейде қалыптасуына ықпал етті.

Балалардың бақытты балалық шағын қамтамасыз етуде тәрбиешілердің еңбегі ерекше. Олардың күнделікті қажырлы жұмысы, кәсіби шеберлігі мен мейірімге толы қарым-қатынасы әрбір баланың дамуына негіз болып отыр. Ұжымның бірлігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде балабақша тек білім ордасы ғана емес, шаттық пен жылулық мекеніне айналған

Жанерке АЙДОСҚЫЗЫ,

Сарыжаз ауылы

Предыдущая статья

Жаңалықтар