1.7 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ — ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ БЕРІК ДІҢГЕГІ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ — ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ БЕРІК ДІҢГЕГІ

Асқар таулар етегін ата-қоныс еткен біздің ауданның жұртшылығының негізгі күнкөріс көзі ауылшаруашылығы саласы. Бірі төр-түлікті төрт мезгіл асыраса, бірі ала жаздай жер анадан үміт күтіп диқаншылықпен шұғылданады. Осы орайда әр күні ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты ауданымызда Сабантой өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама — ең алдымен елдің тұтқасы, тіршіліктің негізі болып отырған қарапайым еңбек адамдарына, қолымен өндіріске жан бітіріп, жердің несібесін теріп жүрген ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне деген зор құрметтің көрінісі. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған берекелі де еңбекқор жұрттың қуанышы — дала төсіндегі думанға, ырыс пен молшылықтың мерекесі Сабантой Тегістік ауылында өтті. Бұл – еңбек адамын ұлықтайтын, ауыл тіршілігінің тамырын тереңінен танытатын ерекше мереке.

Бұл мереке — жердің дәмін, маңдай тердің қасиетін, еңбектің абыройын сезінудің күні.

Ауыл шаруашылығы — ел экономикасының берік діңгегі, ырыс пен бірліктің бастауы. Еңбектің қадірін білетін дала адамдары көктемде дән сеуіп, төрт мезгілдің тауқыметінен сүрінбей өтіп бүгінде маңдай термен тапқан өнімін ел игілігіне айналдырып отыр. Міне, сол еңбек адамдарына, шаруашылықты дөңгелетіп, берекелі тірлік кешіп отырған жандарға деген құрметтің белгісі ретінде «САБАН FEST – 2025» фестивалі өткізіліп отыр.

Мерекелік шара туралы айту үшін алдымен  ауданымыздың ауылшаруашылығы саласындағы жағдайы туралы айта кетейік. Ауданның түгін тартсаң майы шығатын дархан даласы, жанға жайлы  табиғаты, жердің ерекше құнарлығы ауданда ауыл шаруашылығын дамытып, жетілдіруге толық мүмкіндік береді.   

Ауданымыздың  экономикалық дамуы ауыл шаруашылығы саласына тікелей байланысты екені анық. Бүгінде ауыл шаруашылығын дамытудың тың жолдары қолға алынып, шынайы қамқорлықты сезінген  ауыл еңбеккерлері қарқынмен еңбектеніп, жетістіктерге қол жеткізуде. 

Атап айтқанда, «Altyn DAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024 жылдан бастап ауданда су үнемдеу технологияларын, соның ішінде жаңбырлатып суару жүйесін енгізуді қолға алды. Аталған жоба аясында ағымдағы жылы 500 гектар жерге, жалпы құны 500 миллион теңге болатын заманауи суару қондырғылары орнатылды. Жаңа технологияларды тиімді пайдалану нәтижесінде 150 гектар жерге егілген картоптың өнімділігі едәуір артты.  Бүгінде аталған шаруашылық Орталық Азияға танымал «PepsiCo Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 1200 тонна картоп өткізу туралы және елдегі ең ірі «Magnum» сауда желілерімен 2000 тонна тауарлық картоп жеткізу жөнінде келісім жасады. Сонымен қатар, фри мен чипсы өндірісіне арналған «Леди Клэр» және «VR 808» картоп сорттарын 78 гектар жерге егіп, жоғары сапалы өнім алуға бағытталған жұмысты бастап отыр. Бұл бастама – ауданның ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, экспорттық әлеуетті арттыру және су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытындағы нақты қадамдардың бірі болып табылады.

Ауданымызда Ірі қара мал саны – 66 мың бас, Қой мен ешкі – 267 мың бас, Жылқы – 42 мың бас. Қазіргі уақытта ауданда 2316 шаруа қожалығы тіркеліп жұмыс атқаруда.

Ауданда ірі қара малын асылдандыру және мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда ірі қара мал тұқымын асылдандырумен 12 шаруа қожалығы, ал асыл тұқымды ұсақ мүйізді мал өсірумен 6 шаруа қожалығы айналысуда. Бұл шаруашылықтарда «Ангус», «Герефорд», «Қазақтың ақ бас сиыры», «Қалмақ» тұқымды ірі қара малдары, сондай-ақ «Архар меринос» және «Иль-де-Франс» тұқымды қойлары өсірілуде.

Аталған асыл тұқымды малдардың еті мен сүтінің сапасы, көлемі бойынша  қарапайым мал тұқымдарынан екі есеге дейін жоғары.

Ал, жем-шөп шығынының деңгейі шамалас екенін ескерсек, алдағы уақытта аудан көлемінде мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын кеңінен қолға алу аса маңызды болып табылады.

Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында ағымдағы жылы аудан әкімдігі мен «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» арасында мал тұқымын асылдандыру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Бұл келісімнің нәтижесінде университет ғалымдары шаруашылықтарда мал тұқымын жақсарту ісіне ғылыми жетекшілік жасап, әдістемелік қолдау көрсететін болады.

Сонымен қатар, «Асыл түлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары ауданымыздан 13 азаматты қолдан ұрықтандыру ісі бойынша арнайы оқытып, оларға техник-осеменатор сертификаттарын табыстады. Аталған мамандардың қатысуымен аудан бойынша 10 000 бас қойды қолдан ұрықтандыру жоспарланып отыр. Бұл жоба — мал шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, өнімділікті арттыруға елеулі үлес қосатын маңызды қадам болмақ.

Елімізде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда.

Соның нәтижесінде бұл салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі жыл сайын артып, шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасы нығайып отыр. 2025 жылы Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында аудан шаруашылықтары жалпы құны 815 миллион теңгеге 50 бірлік трактор және   15 бірлік ауыл шаруашылығы агрегаттарын сатып алды.

Сабантойдың басы мерекелік шараның құрметті қонақтарын қарсалудан басталды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, өнерпаздар ән салды.

Су жаңа алынған ауылшаруашылық техникалары сап түзеді.  Асыл тұқымды төрт-түлік көрмесі қойылды. Ауылшаруашлығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды. Соның ішінде «TUR FERMA» шаруа қожалығының Иль-де Франс тұқымды, «BAI BOLAIQ» шаруа қожалығының Байсары, «САМАТ» және «ЕРІК» шаруа қожалығының Еділбай тұқымды, «АДАЛ ЕТ», «АЛИХАН» шаруа қожалығының Арашан тұқымды қошқарлары көпшіліктің назарын аудартты. Сонымен қатар, «ОЛЖАС», «АДАЛ ЕТ» шаруа қожалығының Ақ бас, «ҚУАН» шаруа қожалығының Ангус бұқалары таныстырылды. Сондай-ақ, таза қанды айғырлар көрменің көркін кіргізді. Ауданымызда өндірілген дәнді-дақылдар, көкөністер мен жемістерге көрме  төрінен орын берілді. Ұлттық қолөнер бұйымдары, тағамдар жәрмеңкесі қойылды. Естелік суретке түсуге арналған фотоаймақтар орнатылды.

Сабантойдың салтанатты шарасын аудан әкімі Құдабаев Дастан Сұлтанмұратұлы құттықтау сөзімен бастады. Аудан басшысы өз сөзінде «Бүгінгі салтанатты мереке — ауыл еңбеккерлерінің, жер-ананың ырысын терген, елдің экономикалық қуатын еселеп жүрген азаматтардың мерекесі.

Жермен тіл табысу, мал өсіру — оңай іс емес. Біздің шаруалар көктемнің желімен егіс егіп, жаздың аптабында тер төгіп, күздің салқынында өнімін жинап, ел ырысын еселеуге аянбай еңбек етуде.

  Бүгінгі шараға арнайы шақырумен келіп, ауыл шаруашылығы саласындағы  тәжірибиелерімен бөліскелі отырған қонақтарға,  аудан шаруа қожалықтарына үлкен алғысымды білдіремін»,-деді. Аудан әкімі ауыл шаруашылық саласындағы еңбек озаттары мен  ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан азаматтарды марапаттады.

Ауданымызда қажырлы еңбек етіп, еліміздің  өркендеп өсуіне орасан зор еңбек сіңірген, ел құрметіне бөленген «Еңбек ерлері» Шарғынов Шүйкебай, Дәркенбаев Өмірәлі, Диханбаев Қажымұхан, Нүсіпбек Әшімбаев аталарымыздың ауыл шаруашылығы саласындағы ерен еңбектері, ауданда шаруашылық басқарып, Бүкілодақтық орталық комитетінің ауыспалы «Қызыл туын» бірнеше рет жеңіп алған,  «Еңбек қызыл ту» ордендерінің иегерлері, еңбек майталмандары Байханов Кеңесбай, Исабаев Тельман, Қонаев Есен, Арипов Рауан, Құдабаев Сұлтанмұрат, Ботанбеков Амангелді,  Күлән  Әбдібаева, Бәшебаева Гулбара, Алтынбекова Гулдария,  Әлдибек Өміржанов, Жетен Ақтықалов, Даубай Мәнжуов, Байсерке Жүнісбаев, Бердіғожа Қоқымбаев аталарымыздың есімдері аталып, еңбектері ел алдында насихатталды.

Марат Себдайров, Елжан Бестібаев сынды тағы басқа шаруа қожалық иелері сөз кезегін алып жиналған халықты күзгі тойымен құттықтады.

Сабантой барысында қазақша күрес, арқантартыс, қошқар көтеру сынды ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар сый-сияпаттармен марапатталды.

Бұл той – нағыз еңбектің қараторысының тойы. Алдағы уақытта бұл шараны  жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда. Болашақта бұл шара тек салтанатты жиын ғана емес, сала мамандарының тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді талқылайтын, жаңа бастамаларды қолға алатын маңызды алаңға айналатын болады. Мұндай кездесулер арқылы ауыл шаруашылығын дамытудағы тиімді шешімдер қабылданып, шаруалар мен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастық нығая түседі деген сенімдеміз. 

Салтанатты жиынның соңында көрмеге қойылған төрт-түліктердің арасында жеңіске жеткен шаруа қожалықтар марапатталып ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Жиналған көпшілікке аудан өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.

Қазіргі таңда ауданда ауыл шаруашылығы  саласында атқарылған істер аз емес. Алда тұрған міндеттер одан да ауқымды, біздің алдымызда ел ырыздығын еселеуге бағытталған жоспарлар тұр. Біздің ортақ мақсатымыз — ауданымыздың, ауыл шаруашылығы саласын заман талабына сай жаңа деңгейге көтеру. Ол үшін мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жаңа технологияларды енгізіп, инновациялық тәсілдерді тәжірибеге айналдыруымыз қажет. Егер барлығымыз бірлесе жұмыс атқарып, тиімді шешімдерді ортақ ақылмен қабылдап, тек адал еңбекке сүйенсек, жер-ананың берекесі де, несібесі де бізге молынан бұйыратыны анық.

 «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып отырған «Сабантой» мерекесі көптің көңілін көтеріп, шаруаларды бір серпілтіп тастады.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Тегістік ауылы

Жаңалықтар