11.4 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАДАЛ ЕҢБЕК АҚТАЛАДЫ

АДАЛ ЕҢБЕК АҚТАЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «Адал азамат» тұжырымдамасының бір тарауы сол еңбек адамынан басталады. Адал азамат дегеніміздің өзі – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын жан.

«Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Еңбек түбі – береке деген сөз бекер айтылмаса керек. Ерінбей еңбектенген адам ақыр түбі мақсатқа жетері анық. Адал еңбек, маңдай термен келген ас алтыннан да қымбат.

Бүгінгі біздің әңгімеміздің өзегі жерлесіміз Бертайұлы Серікбай болмақ. Тақырыбымыздың тұздығына айналған Б. Серікбай 1947 жылы 15 қаңтарда қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылдық округіне қарасты «Жолдықұлат» елді мекенінде дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын 1969 жылы Калинин атындағы колхозда бастап, 1976 жылға дейін автокөлік жүргізушісі болып қызмет атқарды. 1977 жылдан бастап 1981 жылға дейін К-700 тракторы мен комбайн тізгіндеп, колхоздың түрлі науқандық жұмыстарында белсене еңбек етті.

1982 жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласына маманданып, көмекші агроном-семеновод, ал 1985 жылы бас агроном қызметіне тағайындалды. Осы жылдары мемлекетке 4000 тонна астық өткізіп, Нарынқол ауданы көлемінде ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды.

Бертайұлы Серікбайдың колхоздағы 35 жылдық тынымсыз еңбегі елеусіз қалмады.

Ол: үш мәрте «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен,

1975 жылы ВЛКСМ-нің «Бесжылдықтың жас гвардиясы» төсбелгісімен,

1975 жылы «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен,

1976 жылы III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен,

1985 жылы «Еңбек Ардагері» медалімен марапатталған.

Сондай-ақ, Совпрофтың күміс белгісімен, Қазақ ССР-і Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының Құрмет грамоталарымен, аудандық партия, комсомол және кәсіподақ комитеттерінің мақтау қағаздарымен марапатталған. 1995 жылдан бері өзінің туған жерінде «Жолдықұлат» жеке шаруақожалығының төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді. 2008 жылы Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Бертайұлы Серікбай бүгінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге өз үлесін қосып келеді. Ауылдық деңгейде өтетін түрлі мәдени және әлеуметтік іс-шараларға қатысып, демеушілік көрсетіп, аз қамтылған отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетіп отырады. Адал еңбегі ақталып, көпке үлгі болып, ұрпағының мақтанышына айналды.

«ХАНТӘҢІРІ»

Жаңалықтар