Республика күні қарсаңында ауылымызда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға отандық өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік жасалды. Берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл жұртшылығы үшін бұл шара мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, жергілікті шаруалардың еңбегін көпшілікке танытқан игілікті бастама болды.
Жәрмеңкеге Нарынқол, Жамбыл, Қарасаз және Текес ауылдық округтерінен келген шаруалар мен өнім өндірушілер қатысты. Сауда сөрелеріне күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік түрлері қойылып, тұрғындарға мол таңдау ұсынылды. Атап айтқанда, қой, сиыр және жылқы еті, тауық өнімдері, сүт өнімдері, бал, картоп пен балық саудаға шығарылды. Табиғи әрі құнарлы азық-түлікке толы жәрмеңке ауыл шаруашылығы саласындағы еңбектің жемісін көрсетіп, жергілікті өнімге деген сұраныстың маңызын айқындай түсті.
Мұндай жәрмеңкелердің басты мақсаты – халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге ықпал ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге қолдау көрсету және өндіруші мен тұтынушы арасындағы байланысты нығайту. Сонымен қатар, төрт ауылдық округтің басын қосқан шара өзара тәжірибе алмасуға, жергілікті шаруалардың өнімін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Республика күні – елдігімізді айшықтап, тәуелсіздігіміздің қадірін ұғындыратын қастерлі мереке. Осындай мерейлі күннің қарсаңында ұйымдастырылған жәрмеңке ауылдағы еңбек адамдарының маңызын танытып, береке мен молшылықтың бастауы адал еңбек пен бірлікте екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Ынтымағы жарасқан елдің ырысы артып, еңбегі елене бермек. Ал ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген шаруалардың маңдай терімен келген өнімдері – ел дастарқанындағы берекенің кепілі.

