Домойhantengrigazeti.kz ақпаратРЕСПУБЛИКА КҮНІ – ЕЛДІГІМІЗДІҢ АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕСІ🇰🇿

РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ЕЛДІГІМІЗДІҢ АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕСІ🇰🇿

Еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі – Республика күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылып, елдіктің еңсесін көтерген айтулы күн кең көлемде аталып өтті. Ұлттық мерекеге арналған жиынға аудан басшылығы, мекеме және бөлім жетекшілері, ақсақалдар алқасы мен аналар кеңесінің өкілдері, білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, әскери қызметшілер, жастар мен мектеп оқушылары қатысты.

Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Салтанатты сап түзеген оқушылар мен жиналған қауым елге деген құрметі мен Отанға деген сүйіспеншілігін танытып, айтулы күннің мән-маңызын айшықтай түсті.

Жиын барысында Республика күнінің тарихи маңызына ерекше назар аударылды. 25 қазан – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы тарихи таңдауын айқындаған, мемлекетіміздің егемендікке бастар жолын белгілеген қастерлі күн. Бұл мереке елдігімізді дәріптеп, ұлттық бірлігімізді нығайтуға, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруге үндейді.

Салтанатты жиында аудан әкімі Дастан Сұлтанмұратұлы Құдабаев жиналған жұртшылықты Республика күнімен құттықтады. Мерекелік бағдарлама патриоттық әндермен жалғасып, Отанға деген сүйіспеншілік пен туған жерге деген құрметті ұлықтаған әуезді әуендер көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Республика күні – өткенімізді бағамдап, бүгінімізді қадірлеп, болашаққа сеніммен қадам басатын мереке. Еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын! Бейбіт өмір мен берекелі тірлік салтанат құрған Қазақстанның келешегі кемел, ғұмыры мәңгі болғай!

Жаңалықтар