-3.5 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАлматы облысында «Ұстаздар күні» мерекесі аталып өтілді

Алматы облысында «Ұстаздар күні» мерекесі аталып өтілді

Бүгін Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаев қаласындағы мәдениет үйінде кәсіби мереке – Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара өтті. Бұл мереке 2023 жылдан бастап әлемнің 100-ден астам елінде атап өтілетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендіріліп, 5 қазанда аталып өтіледі.

Мерекенің басты мақсаты – ұстаздардың қоғам дамуындағы рөлін, олардың еңбегі мен білім саласына қосқан үлесін көрсету. Шараға 35 ардагер ұстаз, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, СДУ университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті сияқты оқу орындарының ректорлары, сондай-ақ білім саласына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткерлері қатысты.

Салтанатты шара білім саласының дамуы туралы бейнероликпен және Қонаев қалалық балалар шығармашылық орталығы оқушыларының орындауындағы «Ұстазым менің ұстазым» әнімен ашылды.

Облыс әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев құттықтау сөзінде білім саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар мен өзекті мәселелердің шешіміне тоқталды. Ол, атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш ауысымды білім беруді қысқарту мақсатында, жаңа оқу жылында инвесторлардың көмегімен 3 жаңа мектеп пен 5 орта білім беру нысанының ашылғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алматы облысының елді мекендерінде интернетке сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жол картасы әзірленгенін баса айтты.

«Мемлекет басшысы өз сөзінде білімді ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алатынын бірнеше рет атап өтті. Сондықтан білім беру мен адами капиталды дамыту мемлекеттік саясаттың өзгермейтін басым бағыты болып табылады. Бүгін мемлекет білім беру сапасын әлемдік стандарттарға сәйкес көтеру үшін барлық мүмкіндіктерді жасап жатыр», — деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.

Шара барысында білім саласының үздік өкілдері марапатталды. «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік кәсіптік білім беру мекемесі» және «Үздік балабақша» байқауларының жеңімпаздары ақшалай сыйлықтарға ие болды. Талғар ауданындағы №37 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Айнұр Жабаева «Жылдың үздік мұғалімі» атағы үшін автокөлік кілтімен марапатталды.

Сонымен қатар, 89 адам Ы.Алтынсарин медалін, ал 5 адам «Еңбек Ардагері» медалін алды. 1173 мұғалім ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 35 адам облыс әкімдігінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, облыстың білім саласына үлес қосқан 8 инвестор «Аймаққа еңбегі үшін» медалімен марапатталса, 650 ұстаз облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болды.

Жаңалықтар