-3.5 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратЖАНҒА ЖАЙЛЫ – СҮМБЕ АУЫЛЫ

ЖАНҒА ЖАЙЛЫ – СҮМБЕ АУЫЛЫ

Сүмбе ауылдық округі ауданымыздағы жері шұрайлы, төрт түлігі мыңғырып, шаруасы шалқыған іргелі елдімекен саналады. Ел шекарасының ең шетінде Қытай халқымен шекаралас, теңіз деңгейінен 1831 метр биікте орналасқан. Сүмбе ауылы 1931 жылы Отырықшы Сүмбе ауыл советі болған. Ол жылдары жаңадан бірігіп артель болған «Большевик», «Қызыл шекара», «Ынтымақ» және «Үлгілі» шаруашылықтары Отырықшы Сүмбе ауыл советіне қараған. 1939 жылы 23 қаңтарда Алматы облыстық Атқару Комитетінің шешімімен Отырықшы Сүмбе ауыл советі Қызылшекара ауыл советі болып ауысқан. Ауылдың бір шеті Ойқарағайдан басталып Текес өзеніне дейін Қытаймен шектесіп, арасын Сүмбе өзені бөліп жатады. 1930 жылы Қарқара ауданына қараған. Сүмбе ауылында ұжымдасу кезінде «Большевик» артелі болып құрылған. Алғаш 1928 жылы 18 жанұямен бірігіп, 1930 жылы 25 жанбасынан кұрылған колхоз болып біріккен. 1936 жылы Нарынқол аудан болып құрылғанда Сүмбе ауылы осы ауданға қараған. 1937 жылы 45 жанұяға жетіп, 420 гектар астық, 740 гектар шабындық болған.

Бүгінгі күні аталған ауылдың тұрғындары заман талабына сай тіршілігін қамдастырып, уақыт үнімен үндесе еңбек етуде. Біреулері төрт-түлік мал өсіріп көл-көсір пайдаға кенелсе, енді бірі кәсібін нәсібіне айналдыруда. Мұның өзі ауыл мәдениетінің көтеріліп, тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына сүбелі үлес болып қосылуда.

Ауылды 2024 жылдың 4 ақпанынан бастап Саламат Азамат Серікұлы атты азамат басқарып келеді. Ол – осы ауылдың төл тумасы. Ауылдың жайы, жеткен жетістік, толайым табыс ауыл әкімінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетіне де байланысты десек қателеспейміз. Ауылдың қазіргі жағдайы жаман емес. Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі егіншілік пен малшаруашылығы болып есептеледі.

Сүмбе ауылдық округіне қарасты Сүмбе, Қызылшекара атты екі елдімекен бар. Барлығы 5165 халық тұрады. Халық игілігіне қызмет атқаратын заманауи нысандар да аз емес. Ауылдық округтің әр саласы бойынша тиісті жұмыстар да өз деңгейінде атқарылуда.

Шекарада бір жер бар Сүмбе деген

Оны мен көрмеген ем, білмеген ем…

Сезем бірақ Сүмбенің байлығына,

Көз алартып қарайды іргедегі ел… деп ақиық ақын М. Мақатаев өлеңіне қосқандай Сүмбе ауылының байлығы көрген көз қызығарлықтай екені рас. Төрт мезгілдің ауа райы да шаруаға қолайлы. Қысы қоңды, жазы жайлы. Сүмбенің құнарлы жерінде, жайлы жазында көкөністер мен жеміс-жидектердің барлық түрлері өседі. Қыстың қамын жаз ойла деген ағайынның қыстық азығы алыстан емес осы ауылдан-ақ дайындалады. Биылғы жылы ауыл тұрғындарының маңдай тер, табан ақысына қарай жер ақысын жеген жоқ. Аудан бойынша астық пен шөпті ең көп дайындаған да осы ауыл. Қысқы мал азығын қолжетімді бағада сатылымға шығарып жатқан да осы ауыл.

Қорыта айтқанда Сүмбе ауылдық округін қыдыр қонған құт мекен деп ауыз толтырып айтуға болады. Халқының да ынтымағы жарасып отыр. Бірлік бар жерде — тірлік бар деген де осы болар.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Сүмбе ауылы   

Жаңалықтар