8.1 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратҚАНАТ БІРЖАНСАЛ ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

ҚАНАТ БІРЖАНСАЛ ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Әке – бала өміріндегі ең үлкен ұстаз, ең сенімді қорған. Әкеңнің көзқарасы, ақылы, жүрегінің жылуы – бәрі бала санасында мәңгі қалып қояды. Мен үшін әкем Қанат Біржансал – тек асқар тау ғана емес, жан дүниемді тәрбиелеп, армандарымның жолын ашқан шын мәніндегі шамшырақ болды. Әкемнің өмір жолы – күреске, адал еңбекке және рухани тазалыққа толы үлкен тарих. Ол тек отбасымыздың тірегі емес, қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған кәсіби тұлға. Осы мақаланы жазу арқылы әкемнің әрбір ісіне деген құрметімді, сағынышымды және мақтанышымды жеткізгім келеді. Мен үшін журналистика — жай ғана кәсіп емес, бұл менің өмірлік жолым. Бұл жолды мен өз еркіммен емес, жүрегімнің үнімен, ұлы мұратпен таңдадым. Осы жолға мені жетелеген — өзімнің әкем, өмірден ерте өтсе де, маған қалдырған өнегесімен әлі күнге дейін жанымда жүргендей көрінетін Қанат Біржансал. Ол — шындықты ту еткен, ел үшін еңбегі сіңген, жоғын жоқтаған, әділдікті сөзбен қорғаған нағыз журналист болды.

Адам дүниеден өткен соң оның артына қалдырған ізі, сөзі, еңбегі ғана емес, мінезі мен адамдық болмысы да ел жадында сақталады. Ол қысқа ғұмырында артына өшпестей із қалдырып кетті. Журналистикадағы еңбегі, әдебиеттегі ақындық әлемі, туған жеріне деген сүйіспеншілігі – біз үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де үлкен мұра. Әкем 1962 жылы 7 шілдеде қасиетті Алматы облысы Райымбек ауданы, Қақпақ ауылында дүниеге келген. Қарапайым ауылдың топырағында өсіп, сол ортадан нәр алды. Жасынан еңбекқор, ізденімпаз, елгезек болып қалыптасты. Қақпақ ауылындағы қазіргі Жәмеңке атындағы орта мектепті бітіріп, үлкен арманның жетегінде Алматыға жол тартты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін таңдауы – әкемнің бойындағы қаламға деген сүйіспеншілігінің алғашқы көрінісі. Бірақ ол жоғары оқу орнына дейін-ақ ауылдың тіршілігіне ерте араласып, 1979 жылдан бастап шаруашылықта жұмысшы, құрылысшы болып еңбек етті. Жастайынан жауапкершілік арқалап, ауылдық клубтың меңгерушісі, комсомол ұйымының хатшысы қызметтерін атқару арқылы ұйымдастырушылық қабілетін, елге деген жанашырлығын көрсетті. Әкемнің шығармашылық өмірі 1987 жылдан басталды. Алғашқы еңбек жолы – Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газеті еді. Әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып, халықтың тыныс-тіршілігін, қуанышы мен мұңын газет бетінде бейнеледі. Кейін Қазақ радиосының Нарынқолдағы редакциясында жауапты редактор ретінде еңбек етті. Бұл кезеңде ол ауылдағы қарапайым еңбек адамдарын, елдік мәселелерді эфир арқылы тыңдарманға жеткізді. Уақыт өте келе «Хантәңірі» газетінде меншікті тілші, кейін бас редактор қызметін атқарып, журналистиканың шыңына шықты. 2000 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінің Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарындағы меншікті тілшісі болып, елдің жанынан табылды. «Жетісу» оқырмандары оның мақаласын асыға күтетін. Әкем әр мақаласында ауыл тіршілігінің бояуын қанық беріп, қарапайым адамдардың еңбегін биікке көтеріп, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап отырды.

Алматы облыстық «Алатау Арайы» және Кеген аудандық «Қарқара»  газетінде меншікті тілші қызметін атқарып, өзіне сеніп тапсырылған аудан өмірін қаламымен суреттеді. Шалғай ауылдағы шопанның мұңын, дәрігердің ерлігін, мұғалімнің еңбегін – бәрін терең сезініп, шынайы жеткізе білді. Ол ешқашан сенсация қуған жоқ, бірақ шындықтың өзі — ең үлкен жаңалық екенін ұмытпады. Қай мақалада болмасын, ар мен адалдық, терең талдау мен нақты дерек қатар жүрді. Қарапайым еңбек адамы — оның шығармашылығында әрдайым басты кейіпкер болды. Әкем — тек журналист қана емес, ақын еді. Оның «Мөлдір моншақ», «Тәңір тауға табынам», «Қарашада қара үй тұр» сынды кітаптары — елге деген сағынышын, туған топыраққа тағзымын айқын көрсететін сырлы туындылар. Журналистік мәтін мен поэзиялық иірім де бойынан үйлесім тапқанды. Ол деректі де, әсерлі сөзді де жетік меңгерген қаламгер болатын. Ол — Қазақстан Журналистер одағы және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын иеленген. Сонымен қатар, ҚР Президенті грантының иегері, «Еңбек ардагері» медалі мен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен мараптталған. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Райымбек ауданының Құрметті азаматы атануы – халқының берген бағасы. Бұл – оның еңбегіне берілген құрметтің бір бөлігі ғана. Мен үшін Қанат Біржансал есімі тек мықты журналист емес, адамдық пен адалдықтың үлгісі. Үйде де, түзде де бір мінезді, парасатты, ұстамды жан еді. Қаламын қолға алғанда өмірдің өзімен тілдесіп отырғандай болатын. «Журналист — шындықты қорғаушы» дейтін ол, әр мақаласына жанын салып, қарапайым жандардың тағдырын биік деңгейде көрсетуге тырысатын. Журналистиканы жай кәсіп емес, миссия деп қабылдады. Сол себепті ол бізге де: «Жұртқа пайдаң тисін, сөзің өтімді болсын, бірақ ешқашан біреудің көңілін басып, арын таптама» деп үйрететін. Әкемнің қаламы бүгінде тоқтағанымен, оның жазған сөздері, қалдырған ізі — мен үшін, көзін көрген әріптестері мен оқырмандары үшін — мәңгілік мұра. Қанат Біржансал — өз дәуірінің көзі ашық, жүрегі таза, сөзі өткір журналисті ретінде ел жадында қала береді.

Әкем отбасында ерекше мейірімді жан болды. Жанұяда 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Әрқайсымызды оқытып, еңбекке баулып, елге қызмет етуге бағыттап отырды. «Әкенің қадірін балалы болғанда білесің» дейді халқымыз. Қазір әкеміз қалдырған тәрбиенің, өмірлік ұстанымының шынайы маңызын ұғына түсудеміз. Немере сүйіп, қыз ұзатып, келін түсіріп отырған шағында өмірден озғанымен, оның өнегелі сөзі мен ісі біз үшін мәңгілік сабақ болып қалды.

2023 жылдың 30 мамыры… Ол күн менің өмірімді ғана емес, Алматы облысы  Кеген, Райымбек өңірінің рухын да өзгертті. Сол күн – Тәңіртаудай еңселі, жалынды журналист Қанат Біржансал мәңгілікке аттанған күн. Бұл — әке жоғалтқан перзенттің ғана қайғысы емес еді. Бұл — аудан журналистикасының үнін жоғалтуы, бұл — қарапайым халықтың сөзін сөйлеп жүрген жалғыз қаламгерінің тоқтауы еді. Кеген, Райымбек табиғаты сұлу, елі еңбекқор аудан. Бірақ бұл ауданда көп жылдар бойы бір ғана журналист болды. Ол – менің әкем. Ол – Қанат Біржансал. Бір өзі бірнеше басылымға аудан жаңалығын жеткізіп отырды. Аудан тұрғындарының мәселесін билікке, қуанышын елге, мұңын – қағазға жазды. Ол – халық пен ақпарат арасындағы тірі көпір еді. Әкем кез келген шараға барып, үнсіз тыңдап, сабырмен жазатын. Ол сөзді көтермей, тереңдетіп жеткізетін. Ауылды алыс деп санамайтын, шалғай деген сөзге ренжитін. Өйткені «сол шалғайдағы адамдардың үні естілмесе, біз не үшін жазамыз?» дейтін. Әкем дүниеден өткенде Кеген, Райымбек ауданының тынысы өзгерді. Халық қара жамылды. Көп адам: «Ол біздің үнімізді жеткізетін кісі еді ғой», «Енді бірдеңе болса кім жазады?», деп күңіреніп қалды. Сол кезде мен оның шын мәніндегі ұлттық қызметін ұқтым. Ол – лауазым иесі болмаса да, елдің алдында жауапты болған адам екен. Журналистика – бұл тек жаңалық тарату емес. Бұл – ұлттың шындығын көтеру. Әкем осыны жанымен түсінді және сол жолда өмірінің соңына дейін адал қызмет етті.

Әкемнің қаламы тоқтаған сәт – ауданның жан дауысынан айырылған сәт еді. Оның орнын ешкім баса алған жоқ. Себебі ол журналист емес — халықтың жаны еді. Оның бөлмесі бос қалды. Компьютеріндегі соңғы мақаласы ашық тұрды. Қарапайым ауылдағы жай күндер жайлы тағы бір мақала аяқталмай қалды… Бүгін мен әкемнің жұмыс үстелінде отырмын. Оның көзімен өмірге қарап, оның тілін ұққым келеді. Мен сол себепті: Қиын болса да, қаламды қайта қолыма алдым. Өйткені мен – оның қызы ғана емес, ақпарат саласындағы ізін жалғаған мұрагерімін. Мен әкемнің аманатын арқалап келемін. Аудан жұртына, оқырман қауымға уәде берем: Әкемнің жоқтығы білінсе де, оның сөзі өлмейді. Оның шындыққа, әділетке деген сенімі — менің де ұстанымым.

Қанат Біржансал – тек менің әкем емес, елінің сөзін сөйлеген шыншыл журналист, Райымбек жұртының жанашыры. Ол кісінің ең үлкен байлығы – артында қалған жақсы аты, адал жары, аманат еткен перзенттері мен іні-қарындастары. Мен бүгін әкемнің сара жолын жалғап, қаламын қасиет тұтып еңбек етіп келемін. Журналистік жол – мен үшін мансап емес, ата жолын ардақтау.

Журналист — қоғамның көзі мен құлағы ғана емес, жан жарасын сезе алатын, ұлттың үнін сөзге айналдыратын ерекше мамандық. Мен бұл сөздің мағынасын, салмағын бала күнімнен сезіндім. Себебі әкем Қанат Біржансал осы қасиетті мамандықтың нағыз жүгін арқалап өткен, шынайы қаламгер, ақиқаттың адамы еді.

Әкем өмірден өткен соң қалам алу маған аса қиынға соқты. Себебі мен үшін қалам – жай құрал емес, әкемнің рухын жалғайтын қасиетті дүние еді. Ол кісі өмір бойы қаламды шындықтың қаруы етіп ұстады. Ал сол кісіден айырылған соң, мен қаламды қолыма қайта қалай аларымды білмедім… 30 мамыр. Бұл күн мен үшін жай ғана күнтізбедегі дата емес. Бұл – уақыттың тоқтаған күні, үнсіздіктің ішке орнаған күні. Әкемнің дауысы, «міне, мына жолыңды қайта қара» дейтін кәсіби ескертпелері, мақаласын оқып беріп, «қандай әсер қалдырды?» деген ізетті сұрақтары – бәрі кенеттен үзіліп қалғандай сезілді. Көп уақыт бойы қағазға қарап тұрып, қаламым жүрмейтін. Себебі әр әріптен әкемнің саусағы, әр ойдан – оның дауысы сезіліп тұратын. Сол үнге деген сағыныш – қалам ұстауға кедергі болды. Бірақ, бір сәтте түсіндім: Мен қаламнан емес, өз-өзімнен қашып жүрген екем. Уақыт өте келе әкемнің қалдырған ізімен, оның үйреткен рухымен қайта жолға шықтым. Журналистика – маған таңдалған мамандық емес, маған сеніп тапсырылған аманат екенін түсіндім. Бүгінде мен әр жазған сөзімде оның салмақты тілін, шындыққа адалдығын, адамға деген құрметін жүрекпен сеземін. Ол қалдырған рухани ізді жоғалтпай, сол жолмен еңбек етіп келемін. Қарапайым оқырманнан келген алғыс – мен үшін әкемнің «мақұл» деген жылы үні секілді естіледі. Бәлкім, мен ол кісі секілді өткір публицист емеспін. Бірақ мен – оның жолын жалғаушы перзентпін. Сол жолда жүргенім үшін шүкір деймін. Себебі бұл – менің өмірлік миссиям. Әрбір мақаламды жазарда: «Бұл мәтін әкеме ұнар ма еді?..» деп ойлаймын. Бұл – менің ішкі сыншым да, ішкі темірқазығым да. Қазір мен қаламды сенімді түрде ұстаймын. Себебі ол — менің әкемнің ізі, оның үнсіз мұрасы. Ол кеткенімен, мен бармын. Ол үнсіз қалды, бірақ мен оның үнін жеткізу үшін сөйлеп тұрмын. Әкемнің өмірден өткеніне екі жарым жылдан асса да, бейнесі көз алдымнан кетпейді. Әр мақаласын қайта оқыған сайын, әр өлеңін парақтаған сайын жүрегім елжірейді. Ол – туған жердің жыршысы, елдің сөзін сөйлеген шыншыл журналист, отбасына қорған болған асыл әке, көпке қадірлі азамат еді. Әкемнің қалдырған мұрасы – бізге аманат. Сол аманатты арқалап жүру – біздің перзенттік парызымыз. Бүгінде мен әкемнің есімін мақтанышпен айтып, оның жолын жалғастыруды өзіме парыз санаймын. «Әкемнің рухы мені әрдайым қолдап жүр»,- деген сеніммен алға қадам басамын. Қанат Біржансалдың өмірлік жолы – менің жүрегімдегі мәңгілік шамшырақ.

ИНДИРА БІРЖАНСАЛ

Жаңалықтар