9.7 C
Нарынкол
spot_img
ДомойЖаңалықтар | НовостиІСКЕР ӘЙЕЛДЕР БАСҚОСТЫ

ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР БАСҚОСТЫ

«Әйел кәсіпкерлігі — бұл жай кәсіп емес. Бұл — жүректен шыққан еңбек. Бұл — болашаққа салынған сенімді жол.

Бұл — жай ғана бизнес емес. Бұл-сенім. Бұл — табандылық. Бұл-үлгі».

Бүгінде біздің ауданымызда жүздеген әйел өз ісін дөңгелетіп, елге қызмет етіп жүр. Олар — отбасын ғана емес, кәсібін де қатар алып жүрген еңбекқор жандар. Бірі — шағын дүкен ашып, тұрмысқа серпін берсе, енді бірі — сұлулық салонын басқарып, сымбат пен сенім сыйлап жүр, тағы бірі — ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында қажырлы еңбек етуде.

Жуырда Райымбек ауданының Нарынқол ауылында Баққожа Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінде Райымбек ауданы іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Әйел кәсіпкерлігі: табыс пен даму жолы» атты алғашқы аудандық әйелдер форумы өтті.

Іс-шараның мақсаты – әйелдердің қоғам мен бизнестегі рөлін арттыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және тәжірибе алмасу болды.

Форумға Алматы облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляззат Қайсарқызы Ботабекова, Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанна Қырғызалықызы, аудан әкімінің орынбасары Жанарбек Жантөреұлы, облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы әйелдер қанатының төрайымы Меруерт Сағындыққызы Молдашева, сондай-ақ облыстың барлық аудандарынан келген іскер әйелдер кеңесінің төрайымдары мен кәсіпкер әйелдер қатысты.

Форумның шымылдығы ақ жаулықты аналардың шашуымен түрілді. Кәсіпкерлердің отандық өнімдер көрмесі мен қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдары жұрт назарына ұсынылды. Көрмеге болашақ кәсіпкер қыздар – мектеп оқушылары тәлімгерлерімен бірге өз бұйымдарын алып келіп, таныстырды. Мұндағы мақсат – мектеп оқушылары мен кәсіп иелерінің тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау еді. Көрме соңы форумның салтанатты ашылу рәсіміне ұласты.

Аудан әкімінің орынбасары Жанарбек Жантөреұлы қатысушыларды құттықтап, белсенді кәсіпкер әйелдерді марапаттады. Ол өз сөзінде әйелдердің аудан экономикасын дамытудағы және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудағы еңбегін ерекше атап өтті.

Алматы облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляззат Қайсарқызы Ботабекова «Іскер әйелдер – іргелі істің басында» атты баяндамасында бизнестегі әйел көшбасшылығын нығайту бағытында облыстық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Шалғай аймақтағы ауданымыздың кәсіпкер әйелдерінің қажырлы еңбегіне жоғары баға беріп, оларды Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының атынан арнайы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ аудандық іскер әйелдер кеңесінің жұмысын табандылықпен жүргізіп отырған, жас та болса бас болып жүрген кәсіпкер, көпбалалы ана, ауданның патриоты Іңкәр Бекдәулетқызына ерекше алғысын білдірді.

Облыстық мәслихат депутаты Меруерт Сағындыққызы Молдашева қоғамдағы әйелдің рөлі мен «AMANAT» партиясы жанындағы әйелдер қанатының бастамалары жөнінде баяндады.

Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанна Қырғызалықызы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік гранттарға қатысу жолдарын жан-жақты түсіндірді.

Ауданның қызмет көрсету саласындағы ірі кәсіпкері Сара Мухымжанова өз сөзінде қиындыққа мойымай, қара- пайым арманнан басталған кәсібін қалай дамытқанын айтып, жас кәсіпкерлермен тәжірибе бөлісті.

Қазіргі таңда Райымбек ауданында әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлер аз. Палата тарапынан кеңес берілгенімен, көптеген азаматтар тәуекелге бара бермейді. Ендігі мақсат — осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағыт кәсіп бастағандарға 5 млн теңгелік грантпен қатар өзге де қолдау тетіктеріне қатысуға жол ашады.

«Бір ауыл — бір өнім» жобасы «Атамекен» ҚР ҰКП және Кәсіпкерлік басқармасымен бірлесе жүзеге асырылуда. Алматы облысы бойынша отандық шикізаттан өнім өндіретін үздік кәсіпкерлердің ішінен алғашқы ондыққа, кейін үздік үштікке енген қатысушылар 5 млн теңге грантқа ие болады.

Осы жоба бойынша 2024 жылдың үздік үш кәсіпкерінің бірі, 5 млн теңгелік грант иегері, Райымбек ауданы Қайнар ауылының тұрғыны, кондитерлік өнімдер өндіретін Фариза Ақылбекқызы Молдабергенова, форум барысында грант алудағы өз тәжірибесімен бөлісті.

Форумда аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Әбуқызы Омарова бүгінгі маңызды іс шараның Райымбек ауданында өткізілуі – аудандағы аналар, іскер әрі нәзік жандар үшін үлкен мәртебе екендігін атап өтті.

Жергілікті кәсіпкер әйелдер пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Форумның қорытынды сөзін айт-қан аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Іңкәр Бекдәулетқызы қатысушы  әйелдерге мотивация беріп,  бизнестегі өз тәжірибесінен бағыт-бағдар берді. 

Кәсіптегі әйелдер — бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен кәсібін биікке көтеріп жүрген нағыз еңбек иелері – бүгінгі жас қыздарға үлгі, болашақ ұрпаққа жол көрсетуші, ауданымыздың мақтанышы екенін атап өтіп, форумға келген барлық қатысушыларға ризашылығын білдірді.

Шара соңында қатысушылар арасында лотерея ұйымдастырылып, жеңімпаздарға «Шоғансай» эко-туризм демалыс орнына екі адамға арналған жолдама және «Нарынқол массаж және сауықтыру орталығына» бес күндік сертификаттар табысталды.

Форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Іңкәр Бекдәулетқызы мен кеңес мүшелері: Берікбаева Сарсемхан Нұрбекқызы, Орманова Гаухар Халеловна, Роза Балықбайқызы, Молдабергенова Фариза Ақылбековна, Кулатаева Айгүл Нурданхановна, Бақыт Қарлығаш, Абдрахимова Айым, Уразымбетова Толқын Жұмағалиқызы, Сазабекова Әсел Болатбекқызы, Еңлік Қайырғалиқызы  зор үлес қосты.

Бұл форум – іскер әйелдердің ынтымақтастығын арттырып, жаңа идеялар мен серіктестікке жол ашқан маңызды диалог алаңы болды.

Г. Тукмулдаева,

Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының

Райымбек аудандық филиалының директоры

Жаңалықтар