-0.3 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратБІЛІКТІ БАСШЫ-САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ

БІЛІКТІ БАСШЫ-САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ

Өнегелі өмірін шәкірт  тәрбиелеп, білім саласында биік жетістіктерге жетуге арнаған кезекті кейіпкеріміз, білім саласында 41 жылдық тәжірибесі бар, көргені мен түйгені мол ардақты ұстаз, Көмірші орта мектебінің директоры Иргимбаева Бағила Қалмақбайқызы.

Білікті ұстаз, абыройлы басшы Иргимбаева Бағила Қалмақбайқызы 1964 жылы Көмірші ауылында дүниеге келген.  Калинин атындағы мектепті бітіріп, Есік қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, 1983 жылы оқуын аяқтап, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын игерген. Оқуын аяқтаған жас маман  өзі түлеп ұшқан ыстық ұяға қайта оралып, Калинин атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі қызметіне орналасады. Еңбекқорлығымен, өз саласының білікітісі болуымен ерекшеленген бастауыш сынып мұғалімі 1993 жылы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және оқу ісінің орынбасары қызметтеріне тағайындалады. Табанды еңбек нәтижесінде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап Көмірші орта мектебіне директор қызметіне тағайындалады. Білім жолына белсене бет бұрған ұстаз бастауыш сынып мұғалімі білімімен шектелмей, 1986-1991 жылдары Абай атындағы педагогикалық институтта бастауыш сынып мұғалімі білімін, 2002-2004 жылдары Қазақ қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын игереді.

Туған жерге туын тігіп, өз ауылының өркендеуіне білім саласында ғана емес, түрліше сипатта өзіндік үлесін қосып жүрсе керек. Мәселен, ауылдың абаттандыру жұмыстарына, ауыз су мәселесіне, спорт алаңдарының салынуына, жол мәселелеріне өз мүмкіндігінше ықпал етіп жүргені ризашылық тудырады.

Бағила Қалмақбайқызының мұғалім мамандығын таңдауының себебін сұраған едік, жауабы жан сүйсіндірді. Ардагер ұстаздың айтуынша, дүниедегі мамандық атаулының төресі — мұғалім мамандығы. Олар түрлі  мамандық иелерін тәрбиелейтін, оқуға, дүниені тануға баулитын абзал жандар. Ұстаз берген білім мен тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтейтін шамшырақ секілді.

Бағила ұстаздың білім беру саласында өзіндік ұстанымдары бар. Ең алдымен білім беру мазмұнын жаңа сапаға көтеруді көздейтін ұстаздың балаларды ұлттық құндылықтарға негізделген білім беруі әркез өз нәтижесін беріп келеді. Сонымен қатар, қазіргі заманауи ұстаз келбетін – балалармен бір толқында жүретін адам деп түсіндіреді. Ғылым мен техника дамыған, өнер мен білімнің түрлі саласында тың жаңалықтар аса қарқынды үрдіспен ашылып жатқан заманда ұстаздар оқушыларға тек білім берумен шектелмей, заманауилыққа негізделген, десе де ұлттық құндылықтардан алыстамайтын тәлім-тәрбие бере білгендері абзал.

Бүгінгі күн Бағила ұстаз басшылық ететін Көмірші орта мектебінде 104 оқушы білім алады. 27 мұғалім жұмыс істейді.

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын”, демей ме, дархан халқымыз. Дәл осындай білікті басшылық қызметіне тағайындалған тұлғаның елеулі жетістіктері болатыны хақ. Иргимбаев Бағила ханым 2016-2020 жылдары Алматы облыстық Білім басқармасының “Құрмет грамотасымен” марапатталған және мектеп қабырғасында “Мен туған өлке”,  “Алтын сақа”, “Тұлғатану”, “Көне сурет тарихы” атты ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобаларды жүзеге асырып, ұжымның ұйытқысы болып жүр. 

41 жыл аз уақыт емес… Осынша жыл білім саласында тер төккен Бағила ұстаздың қандай да құрметке лайық екені даусыз. Ұстазға артылатын  жауапкершілік күші жеңіл емес. Сол себептен де, ұстаздық- Ұлы мамандық иесі деген. 5 қазан — Ұстаздар күні құтты болсын!

Предыдущая статья
Следующая статья

Жаңалықтар