-0.3 C
Нарынкол
spot_img
ДомойБас тақырып | О главномӘДЕМІ ҚАРТАЮДЫҢ ӨЗІ - БІР БАҚЫТ

ӘДЕМІ ҚАРТАЮДЫҢ ӨЗІ — БІР БАҚЫТ

Әдемі қартаю- өмір бойы еткен еңбегің пен тәрбиелеген перзенттеріңнің жемісін көру, айналаңа абыройлы, кемеңгер жан ретінде жағымды болу. Қарттық шақ — адам өмірінің айтулы белесі. Қарияларды “Қазынаға” балау тек әдемі сөз тіркесі емес, расымен де қариясы бар үйден ерекше жылулық пен ешнарсе тең келмес берекенің иісі аңқиды.

Бүтін бір отбасының ұйытқысы, ардагер дәрігер, кемеңгер әже, алтын алқа иегері Қасқырбаева Алтынбике Жылқыбайқызы 1948 жылы 8 қарашада Қарасаз ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек, білімге ерекше құштар болған. Әрдайым жан-жақты ізденісті жаны сүйетін, белгілі бір маман иесі болуды армандайтын жан 1956 жылы Карл Маркс атындағы орта мектептің 1 сыныбына қадам басып, 10 жылдық мектепті аяқтап, 1966 жылы Талғар республикалық медициналық колледжінің Нарынқолда ашылған филиалына медицина мамандығы бойынша оқуға түседі. Алтынбике Жылқыбайқызы отбасы мүшелерінің қалауымен және өзінің қабілет бейімділігімен медицина маманы болуды мақсат етеді. Медицина саласы тікелей адам өміріне байланысты болғандықтан оқу біршама күрделі еді. Медицина ғылымын игеру үшін орыс тіліне жетік болу қажеттілігі тағы бар.

Алтынбике әжеміз 1968 жылы оқуды аяқтап, Тайженбетов Бижан атамызбен отау құрып, Қаратоған ауылының медициналық пункт меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Қатал талап пен салмақты жауапкершілік жүктелген маман иесі ретінде өз міндетін мүмкіндігінше мүлтіксіз атқарған Алтынбике Жылқыбайқызы отбасындағы адал жар, өнегелі келін, қамқор ана ретіндегі рөлдерін қатар ала жүріп, халықтың алғысына бөленген. 35 жыл ауыл адамдарының денсаулығына жауапты білікті маман болып елеулі еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шықты.

Сонымен қатар, Алтынбике әжеміз 1989-1994 жылдары аудандық мәслихат депутаты болды. Депутат ретінде Қаратоған ауылындағы ауыз су мәселесінде бірқатар өнімді жұмыстар атқарды. Коммунистік еңбек екпіндісі төсбелгісімен, зейнетке шыққан соң, Еңбек ардагері марапатымен марапатталды. 7 перзент тәрбиелеп өсіріп, бүгінгі күні ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөберелерінің ортасында Бижан қария екеуі бақытты қарттықтың күйін кешуде. Көпбалалы ана ретінде, 2010 жылы арнайы Жарлыққа сәйкес, “Алтын алқамен” мадақталды. Жеті баланы өмірге әкеліп, әрқайсысының күтіміне көңіл бөліп, тәрбиесімен айналысу, таңнан қара кешке дейін қауырт жұмыс жасап, кез келген төтенше жағдайда сырқаттарға алғашқы көмек көрсетуге аттану оңай шаруа емес. Дегенмен, әр істің қайыры болатыны белгілі. Алтынбике анамыз өзінің екінші анасы, енесі Жібек әжейдің көмегінің көп болғанын тілге тиек етіп, әруағына ризашылығын білдіріп, дұғада жүреді.

Ақ жаулықты Алтынбике анамыз ұл-қыздарын тәрбиелеуде бірқатар маңызды адами құндылықтарды басшылыққа ала отырып, ғылым мен білімге құштар етіп тәрбиелеген. Ешкімнің ала жібін аттамауды, шарты келсе әрқашан қоғамға, жан-жағыңа шарапатын тигізе жүруді әркез насихаттайды.  Расымен де, абзал жанның ұл-қыздары өз алдына отбасын құрған, қоғамға пайдалы мамандық иелері. Саналы ұрпақ қатарындағы немерелері де бар, шөбере де сүйген.

Бижан атамыз Алтынбике әжеміздің әр шешімін қолдап, ұл-қыздарына тәртіп пен тәрбиенің озық үлгісін көрсетті. Отбасын ел қатарында асырап, перзенттеріне ешбір дүниеден таршылық көрсетпей, біршама жыл шофер қызметінде тер төкті.

Қадірлі қарт пен ақ жаулықты әжемізді қарттар күнімен шын жүректен құттықтай отырып, ұрпақтары арасында шат-шадыман күйде, мығым денсаулықпен ұзақ жасауларын тілек етеміз.

«ХАНТӘҢІРІ»

Жаңалықтар