




18 тамыз – ел шетін күні-түні күзетте тұрып қорғаған қызметкерлердің мерекесі, яғни Шекарашылар күні. Мемлекеттік шекара – елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын қасиетті ұғым. Елдік пен еркіндіктің басты белгілерінің бірі де дәл осы шекара екені даусыз.
Мереке қарсаңында аудан көлеміндегі шекарашылар аудандық мәдениет үйінде бас қосты. Мерейлі мерекені салтанатты түрде атап өтті. Жиынның басын аудан әкімінің орынбасары Жанарбек Жантөреұлы құттықтау сөзімен бастады. Сонымен қатар, шекара шебінде күн демей, түн демей, жаздың ыстығы, қыстың суығына қарамай ел шетін жаудан күзетіп жүрген жауынгерлерге аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті. Келесі кезекте аудандық ақсақалдар мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев шекарашыларды төл мерекесімен құттықтады. Ендігі құттықтау сөз кезегі Нарынқол шекара бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы капитан Айдарханов Серікбосын Жанболатұлына берілді. С. Жанболатұлы барша әріптестерін мерекесімен құттықтай келе, салтанатты шараны ұйымдастыруға атсалысқан кісілерге алғысын білдірді.
Еліміздің тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген сайдың тасындай шекарашылардың мерекесі аудандық өнерпаздардың арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ