


Той- егемендіктің ерен үлгісі, дархан көңілдер мен жеткен жетістіктердің нәтижесін саралайтын, берері мол көңілді жиын. Қазақ халқы «той» ұғымын тереңнен қарастырып, оны тек ысырапшылдық көрінісі емес, ғибратты жиын, өткен мен болашақтың есебі деп санайды. Дәл осындай мән-мағынасы тереңге бойлаған, екі бірдей жақсылық болған торқалы той күні кеше Сарыбастау ауылында өтті. Ауданымыздан шыққан асыл ер, дала академигі атанған еңбек ері Нүсіпбек Әшімбаевтың 115 жылдығы мен бірлігі мен тірлігі жарасқан Сарыбастау ауылының 95 жылдығына арналған үлкен той күллі аудан халқын бір серпілтіп тастады.
Тарихы бір ғасырға жуықтаған Сарыбастау ауылы халқы асқан бірлік пен тасыған ынтымақтарының арқасында осындай кең көлемдегі той жиынын өткізіп, аудан тарихынан ойып орын аларлықтай ғибратты қуаныштың көрінісін көрсетті. Өнегелі азаматын ұлықтап, тарихи тұлғаларға әркез тағылыммен қарайтын ұрпақ өкілдері ретінде сонау ілгері уақыттарда аудан үшін айтарлықтай еңбек еткен еңбек ері, академик Нүсіпбек Әшімбаевтың 115 жылдығын назардан тыс қалдырмай ұлықтаған ұрпақтың ұтары көп болып отыр.
Сарыбастау халқының Нүсіпбек Әшімбаевқа айтар алғыстарының түкпірінде үлкен негіз бар. Социалистік Еңбек ері атанған Нүсіпбек атамыз Сарыбастау ауылында ұжымшар басқармасы төрағалығында болған жылдары Сарыбастау ауылы ауқымды экономикалық өсіп-өркендеу кезеңін бастан кешірді. Ауылда екі бірдей мектеп, Мәдениет сарайы, кірпіш заводы, стадион, 30000 бастық мал бордақылау кешені, инкубатор станциясы, әк күйдіру цехы сынды маңызды кәсіпорындар ашылды. Мұның бәрі мемлекет жәрдемінсіз, таза колхоз қаражаты көмегімен жүзеге асырылды деген нақты деректер бар. Мінекей, осынау қажырлы еңбегінің нәтижесінде, Нүсіпбек Әшімбаевтың өзі өмірден өткенімен, есімі мен ерен еңбегі ел есінде қалып, үлкен тойға арқау болып отыр.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, тойға деген ауыл тұрғындарының дайындығын естіп, әлеу желілер арқылы байқап жүрген едік, үміт ақталғандай болып, жоғары деңгейде ұйымдастырылған тойға куә болдық. Ауылды аңсап, торқалы тойға алыстан ат артып келген қонақтар қарасы көп. Тарихи тағылымы бар маңызды шараның ашылу салтанатының алғашқы сөз кезегі Алматы облысының әкімінің бірінші орынбасары Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлына берілді, Сондай-ақ мәдени іс шара барысында Н.Әшімбаевтың 115 жылдығына орай, жарық көрген «Ғасыр абызы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. 16-17 тамыз күндеріне жоспарланған тойдың алғашқы күні қонақтарды қарсы алумен басталып, әр ісін Алла қолдауымен бастауды құп көретін ауыл халқы ата-баба әруағына арналған арнайы Құдайы тамақ ұсынды. Артынша арнайы ауыл тарихы мен Нүсіпбек атамыздың өнегелі өмірін байланыстыра отырып түсірілген фильмнің тұсаукесерімен жалғасты. Танымдық ақпараттар мол ұсынылған фильм көптің көңілінен шықты, артынша Еңбек ерінің өмір жолы өрнектелетін спектакль көрермен назарына ұсынылды. Спектакльде еліміздің есімі дүбірлі актер, жерлесіміз Бауыржан Қаптағаев бастаған театр майталмандары кәсіби түрде жоғары бағаға лайық өнер көрсетіп, ауыл халқының ақ пейіліне бөленді. Аңқылдаған ауыл халқын қуанту мен таңғалдыру аса қиынға соқпайтыны анық, олар тек шынайылықты көріп, шынайы бағаларын беруге дағдыланған. Спектакльдегі жан тебірентер көріністерге көзайым болған көрермендердің әңгімесінен әлі түспеген. Жүрекке жетсе керек-ті.
Өнерді ерекше бағалайтын ауыл халқы кешке гала концертті тамашалап, сүйікті әншілерін құлақ құрыштары қанғанша тыңдады. Гала концерт ашық аспан астында орталық стадионда өтті. Орталық алаңға жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлауға, ауылдың алыстығына қарамастан өнерлерін көрсетуге келген біршама эстрада жұлдыздарын көріп халық дән риза. Атап айтсақ, Нұрлан Албан, Роза Әлқожа, Қуандық Рахым, Құрмаш Махан, Лашын Мұратқызы, Бағлан Әбдрайымов, Гүлшат Тәкежанова, Тахмина Әшімбекова, Алатау серілері, Айбар Серкебаев сынды өнер жұлдыздары әсем әнмен әрлеп, ауыл тұрғындарын мерекелерімен құттықтады. Тойдың келесі күні ұлттық спорт түрлеріне негізделген сайыстарға арналды. Ұлттық спорт ойындарының арнайы ашылу салтанаты өтіп, артынша, қазақ күресінен, өзге де ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар тігілді. Қазақ күресінен 1 орынды Кеген ауданынан Ануарұлы Бексұлтан иеленсе, 2 орын Еңбекшіқазақ ауданынан Байғазы Аянның еншісіне бұйырды. Жетісу облысының палуаны Жұмабай Жансерік 3 орынға ие болса, 4 орынға Тараздық Ахметқали Әділет ие болды. Арқан тартыстан 1 орынды Қазақ күресі палуандары иеленсе, 2 орынды Сарыбастау азаматтары қанжығалады, 3 орынға Қарасаз ауылы ие болды.
Қазақтың тойының маңызды бөлігі, атбегілердің бабы мен бағы қатар сынға түсетін кез — бәйге. Тойдың екінші күнінің басты сәні де осы бәйге еді. Нағыз жүйрік тұлпарлар сынға түскен бәйгені тамашалауға келгендер ауа райының қолайсыздығына қарамастан, кіл жүйріктердің шабысына таңырқай қарап, бір марқайып қайтты. Аламан бәйгеден 1 орынды Қырғызстан елінің тұлпары Тоқтосартов Шабидиннің «Қаракері» иеленіп, автокөлік ұтса, топ бәйгеден Қаратоған ауылының «Қарқын» атты тұлпары топ жарып, автокөлік ұтты. Құнан бәйгеден «Ізбасар» атты тұлпар 1 орынға ие болды.
95 жылдық тойдан түйгеніміз, Сарыбастау ауылы осынау уақыт аралығында бірқатар оң өзгерістерді бастан кешіріп, дамудың даңғыл жолында бірлікпен, ынтымақпен өрлеп келеді. Мұндай үлкен жиынды абыроймен атқару- қалың бұқараның ырыс-ынтымағының нәтижесі. Той көптің көңілінен шықты, демек, ұйымдастырушылардың, басшылық өкілдерінің еңбегі ақталды деген сөз.
Ақерке БИЖАН