“Адал азамат-Адал еңбек- Адал табыс”. Адалдыққа негізделген тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп, адал еңбек маңдай термен адал табысқа жету-нағыз адамдықтың белгісі. Әділетті әрі болашағы жарқын Қазақстан үшін адалдықты ту еткен азаматтардың ел тізгінін ұстауы, қоғам игілігіне қызмет ететін азаматтар болуы аса маңызды. Бұл жайлы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде “Адал азамат-Адал еңбек — Адал табыс” қағидасын ерекше тілге тиек етіп, осы бағытта атқарылатын жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Адал ұрпақты қалыптастыру- қоғамның маңызды міндеттері қатарында. Адалдық- әр іске жауапкершілікпен қарап, тек таза еңбек пен адал бағытты басшылыққа алып өмір сүру. Бойына адалдық қасиеті салтанат құрған әр адам өзінің әрбір ісін адал атқаруға бейім болады. Осылайша, адал еңбек ұғымы қалыптасады. Адал еңбекпен қол жеткізген адал табыстың да нәтижесі ерекше.
Адал азамат ретінде әрекет ету әр салада өзіндік маңызға ие. Бұл жоғары лауазым иелері үшін де, қарапайым еңбек адамдары үшін де маңызды құндылық. Адал азамат өз кезегінде Әділетті Қазақстанның негізін қалаушы маңызды элемент болып табылады. Осынау игі қасиет берік қалыптасқан елде естір құлаққа түрпідей тиетін жемқорлық дертіне де едәуір тұсау салынатыныны белгілі. Ардан аттап, құлқынқұмарлыққа бой беруді адалдыққа қарама-қайшы ұғым деп түсінетін адал азамат өзгелерден де соны талап етуге қабілетті. Осылайша, адал азамат өз айналасында және өз басында жемқорлықтың орын алмауына кепілдік бола алады. Бұл-жемқорлықтың алдын алудың бір жолы. Расымен де, жемқорлыққа тұсау салу елдің дамуын едәуір алға жылжытады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде, “Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс” деді. Осы тұрғыда мынандай міндеттер аясында жұмыстар жандандыру керегін атап өтті, оның алғашқысы- Мемлекеттік нышандарды жетілдіру, екіншісі- Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, үшіншісі — мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу, төртіншісі- Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне баса мән беру, бесіншісі — Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту, алтыншысы — Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізу, жетіншісі- Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту, сегізіншісі- қоғамдағы мемлекеттік аппарат жұмысындағы олқылықтарды реттеу.
Ақерке БИЖАН