-5.8 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАУДАНЫМЫЗҒА ЖАҢА ӘКІМ САЙЛАНДЫ

АУДАНЫМЫЗҒА ЖАҢА ӘКІМ САЙЛАНДЫ

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активтерінің жиыны өтті. Аталған жиынды Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлы басқарды. Басқосудың күн тәртібіндегі мәселе ауданымызға жаңа сайланған әкім Құдабаев Дастан Сұлтанмұратұлын халықпен таныстыру.

Актив отырысының басын облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев ашты. 3 тамыз күні өткен сайлау қорытындысы туралы баяндау үшін сөз аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айдын Бексұлтановқа берілді. А. Бексұлтанов өз мәлімдемесінде «2025 жылғы 3 тамызда Райымбек ауданы әкімінің сайлауы өтті. Сайлау күні аудан аумағындағы 24 сайлау учаскесінде дауыс беру ұйымдастырылып, ол сағат 20:00-де аяқталды.

Сайлаушылар тізіміне 19707 азамат енгізілді. Дауыс беруге — 13854 сайлаушы қатысты, оның ішінде есептен шығару куәліктері бойынша — 0, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс – 484 қатысты.

Кандидаттардың жалпы саны – 3.

Райымбек ауданы әкімінің сайлауының мынандай қорытындылары белгіленді:

Байқоныс Ержан Ділданұлы үшін сайлаушылардың 2061 дауысы берілді;

Құдабаев Дастан Сұлтанмұратұлы үшін сайлаушылардың 9626 дауысы берілді;

Нүсіпқожаев Айбол Баратбекұлы үшін сайлаушылардың 1882 дауысы берілді.

«Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны — 250.

Сайлау қорытындыларымен  Райымбек ауданы әкімі болып:

1971 жылы туған, Алматы облысы Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары, Шонжы ауылының тұрғыны, Құдабаев Дастан Сұлтанмұратұлы сайланды» деді.

Дастан Құдабаев 1971 жылы Райымбек ауданы Шалкөде ауылында дүниеге келген. 1993 жылы Алматы зооветеринарлық институтын «зоотехния» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын сол жылы «Шалкөде» шаруа қожалығында зоотехник болып бастаған. Мемлекеттік қызметке 2008 жылы Шалкөде ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы ретінде қабылданған.

Әр жылдары Қарасаз және Шалкөде ауылдық округтерінің әкімі, Райымбек пен Кеген аудандары әкімдерінің орынбасары, сондай-ақ Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2023 жылдан бастап Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа әкімнің мол тәжірибесі мен өңірдің мәселелеріне терең бойлай алатын қабілетіне назар аударып, оның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді.

Жиын барысында сөз кезегін алған аудан басшысы Дастан Құдабаев аудан жұртшылығына сайлау кезінде сенім білдіргені үшін алғысын айтып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмысын жақсарту жолында бар күш-жігерін арнайтынын айтты. 

Жиынның соңы ақсақалдарымыздың ақ батасымен аяқталып. Көпшілік болып жаңа әкімді өз орнына отырғызды.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ

Жаңалықтар