Жуырда, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен “Менің елім-менің мақтанышым” атты мектеп оқушылары аясында зияткерлік сайыс өтті.
Жас ұрпақтың Отан мен туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, елжандылық пен азаматтық жауапкершілік сезімдерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған зияткерлік сайысқа 8-9 сынып оқушылары қатысып, өз білімдерін сынға салды. Сайысқа құрамы 4 оқушыдан тұратын 3 команда қатысты.
Алты кезеңнен тұратын сайыстың әрқайсысы еліміздің тарихына, мемлекеттік рәміздеріне, ұлттық құндылықтар жайлы сұрақтарға негізделді. Сайдың тасындай іріктелген үздік оқушылардан құралған әр команда мүшелері өз білімдерін ортаға салып, сайыстың көркін қыздырды.
“Бірлік”, “Ұшқыр ой”, “Ойқазық” командалары сайыста тек білімдерін ғана емес, шапшаңдықтарын, ой ұшқырлықтарын, өзара бірліктерін бір сынап алды деуге болады. Сайыс сұрақтарына жауап беру барысында, команда ретінде бірлікте, бірауыздан шешім қабылдауға дағдыланып, өз ойларын нақты әрі толық жеткізуге бейімделді. Сайыс барысында байқағанымыз, ойдағы дұрыс жауаптың болуы жеңіс үшін жеткіліксіз, шәкірттер ойындағы ойды сенімді түрде жеткізе білулері де маңызды. Осы тұрғыда, шәкірттер арасында дәл осындай сайыстар мен пікірталастарды жиі ұйымдастырудың маңыздылығы көрініс берді. Сайыс сипаты мен қойылған сұрақтар тіптен қос қолдап қолдауға тұрарлық. Еліміздің тарихын білу-жас ұрпаққа маңызды міндет. Сұрақтардың барлығы дерлік, тек мектеп қабырғасындағы оқу бағдарламасына негізделіп алынған, қарапайым бірақ маңызды сұрақтар.
Орталық жетекшісі Ақерке ханым, аталмыш сипаттағы шаралардың жиі әрі тұрақты өткізіліп тұруы, аудан жастарының құқықтық, танымдық сауаттылықтарын көтеру жолындағы маңызды қадам екенін ерекше атап өтті.
Аталған үш топтың жетекшілері де сайыста шәкірттеріне ерекше қолдау білдіріп, қорытынды бөлімде сайысқа қатысты пікірлерін айтып, ұсыныстарымен бөлісті.
Сайыс ұйымдастырушылары қатысушылар арасында арнайы сергіту сәтін ұйымдастырып, оқушылардың қиял-армандарына ерік беріп, Қазақстанды әлемдік аренада таныту үшін арнайы үш қажеттілікті атауды тапсырды. Оқушылардың басым бөлігі туризм саласы мен ұлттық құндылықтарды, табиғат байлықтарын тілге тиек етіп, жас ұрпақтан күтілер үміттің зор екендігіне тағы бір көзімізді жеткізді. Әсіресе бүгінгі жас буынның, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дамыту мен танытуды қолдайтыны үлкен ғанибет емес пе?!
Ақерке БИЖАН
Жас зияткерлердің ой додасы

