Адам жанының арашашысы — дәрігер. Басың ауырып, балтырың сыздағанда жүгінетінің — дәрігер. Бойыңды сырқат дендеп, тәнің ауыртпашылық сезінгенде жаның мен тәніңе шипа ұсынатын да — ақ халатты абзал жандар.
Осынау маңызды мамандықты өмірлік таңдауымен ұштастырып, халықтың алғысы мен құрметіне бөленіп жүрген аудандық аурухананың тәжірибелі дәрігері Қасымбаева Назипа Нәкенқызы.
Назипа Накенқызы 1960 жылы 8 желтоқсанда Қарасаз ауылында қарапайым, көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала шағынан үстіне ақ халат киіп, дәрігер болуды армандаған Назипа апайымыздың бала арманы орындалып, Алматы қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. 1984 жылдан бастап, оқуын аяқтап, денсаулық сақтау саласында ерен еңбек етіп келеді. Өмірдегі алғашқы маңызды таңдауына қол жеткізіп, дәрігер атанған жас маман өмірлік серігін де сәтті жолықтырып, 1984 жылы отау құрады. Назипа Накенқызының жолдасы Сыдықов Сағындық Құсайынұлы 1960 жылы дүниеге келген. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып сан жылдар еңбек етіп, бүгінгі күні зейнеттік демалыста.
Осылайша, екі жас маман өз қызметтік жолдарын ауылда бастамаққа ниеттеніп, ауылға жол тартады. Жас дәрігер алғашқы еңбек жолын Қызылшекара ауылында балалар дәрігері болып бастайды. Дәрігерлік мамандық салғырттықты кешірмейді, жауапкершілік пен мұқияттылықты талап етеді. Дегенмен, Назипа дәрігер аталмыш мамандықты жан-дүниесімен жақсы көрді, сол себептен, қиындықтарға мойымады. Оның осынау күрделі мамандықты игеріп, шыңдалу жолындағы еңбегін атап айтар ұстаздары да жоқ емес. Мәселен, тіс дәрігері Лешов Секен, дәрігер Жазықбаев Кілем Көгенбайұлы, Ораз Өтемісұлы, білікті акушер маман Сақан аға, мейірбикелерден Дина, Әлия есімді кісілер, балалар дәрігері Қарлығаш апай сынды кісілерді әлі күнге дейін құрметпен есіне алып, Лешов Секен дәрігерді алғашқы ұстазым деп біледі.
Осылайша, 1990 жылы жұбайының жұмыс бабымен Сарыбастау ауылына қоныс аударып, Назипа Накенқызы Сарыбастау емханасында балалар дәрігері болып жұмысын жалғастырады. Өзінің айтуынша, ондағы ұжымы да аса ұйымшыл, өз жұмысын ұқыпты жасайтын жандар болған. 2000 жылға дейін осында халыққа қызмет етті, бұл жылдар елімізде тоқырау жылдары ретінде тарихтан белгілі, бұл тоқырау медицина саласын да айналып өтпеді. Дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың жетіспеушілігі дәрігерлерді біршама әуреге салды. Назипа дәрігер осынау қиын кезеңді де көзбен көріп, өз міндетін осынау қиын шақта да мінсіз атқаруға тырысқан нағыз дәрігер. Ізденістен шаршамайтын маман біліктілігін арттырып, 2000 жылы қайтадан Қызылшекара ауылдық емханасына жалпы тәжірибелі дәрігер болып қызметке келіп, күні бүгінге дейін осы ауылдың денсаулық сапасын арттырып, ауырғандардың дертіне шипа болып келеді. Қарап отырсақ, 41 жыл көлемінде осы салада еңбек етіп келеді.
Тыныш күннің өзінде жұмысы мазасыз дәрігерлер жаһанды жайлаған коронавирус індеті кезінде тіптен қауырт жұмыс режиміне көшті. Дегенмен, мұндай күрделі індет кезінде Назипа Накенқызы мен оның әріптестерінің қажырлы еңбегі нәтижесінде Қызылшекара ауылында індеттен адам өлімі тіркелмеді. Тоқырауды да, жаһандық індетті де еңсеріп келе жатқан Назипа дәрігердің еңбегі ел алдында, жұрт назарында.
Мұндай күрделі қызметтік жолда, абыройлы қызмет ете жүріп, елеусіз қалу әсте мүмкін емес. Назипа Накенқызы 2018 жылы “Медицина саласының Үздігі” төсбелгісімен, түрлі облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі марапаттармен мадақталып келеді.
Сондай-ақ, Назипа Накенқызы жуырда елордамызда өткен “Жалпы тәжірибелі дәрігер-МСАК көшбасшысы” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Бұл шара аясында еліміздің дәрігерлері өзара тәжірибе алмасып, саланың өзекті мәселелерін талқылады. Осы шарада, Қасымбаева Назира Накенқызы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің “Еңбек ардагері” медалімен марапатталды. Бұл-ұзақ жылғы адал еңбегі мен медицина саласына қосқан үлесінің жарқын дәлелі.
Отағасының қолдауымен мансабы мен аналық қызметін қатар алып жүрген ақ халатты абзал жан 3 перзент дүниеге әкеліп, оларға тағылымды тәрбие беріп, үлкен өмірге қанат қақтырды. Перзенттері ата-ана жолымен жоғары білім алған сауатты да парасатты тұлғалар.
Ауданымыздың денсаулық сақтау саласына едәуір еңбек сіңіріп, қыр-сырын толық меңгерген Назипа Накенқызының еңбегі жоғары бағаға лайық. Қаншама адамның алғысын арқалаған тәжірибелі дәрігер-келер ұрпаққа үлгі болатын нағыз еңбек адамы.
Ақерке БИЖАН