5.8 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратҚолөнер  бұйымдарының  шебері

Қолөнер  бұйымдарының  шебері

Мектеп қабырғасындағы технология пәнінің маңыздылығын көпшілігіміз ұғына бермейміз. Негізінен оқушының жан-жақты қабілетін ашып, еңбекке баулып, ерекше сергітетін пән, дәл осы технология пәні. Расымен де түрлі қабілеті мен бейімділігі бар оқушылар жетерлік, бойдағы қабілетті дамытып, бейімділікке баулу үшін дәл осы — технология пәнінің маңызы зор.

Айжан Әлнұрқызын аудандық байқаулардан жиі көзіміз шалады. Көркі көз тартар қолөнер бұйымдарымен талайдың таңданысын тудырып жүр. Сонымен қатар, Айжан Әлнұрқызы — технология пәнінің мұғалімі. Ендеше, неге осындай шебер жанмен  жақын танысып, өнер бұйымдарына қанық болмасқа.

Жексенбай Айжан Әлнұрқызы 1993 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Қаратоған ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. “Алматы техника және сервис” колледжін бітірген. Қолөнерге деген қызығушылық Айжан ханымда балалық шақтан бастау алған. 1 сыныпта-ақ үлкен әпкесінен қолғап тоқуды үйренген. Өзінің айтуынша, бұл өнер әлдекімнен дарыған өнер емес, қажеттіліктен туындаған өнер.  Бала кезден түрліше бұйымдар жасап ерекшеленгенді жақсы көретін. Қолынан келсе де, келмесе де, ең бастысы шексіз ұмтылысы мен таудай талабы болды.

Қабілеті мен қызығушылығы ұштасқан Айжан Әлнұрқызы бүгінгі таңда Қаратоған ауылында Нұрбапа Өмірзақов атындағы орта мектепте технология пәні мұғалімі. Технолог педагогтің айтуынша,  еңбек сабағы мектеп оқушылары үшін (оның ішінде қыз баласы үшін) аса қажет. Айжан ханымның ұстаздық тәжірибесіне биыл 4 жыл. Осы төрт жыл ішінде ата-аналардың ерекше ризашылығына бөленіп жүр. Себебі, шәкірттер аталған пәннің маңыздылығын ұғынып, болашақ өмірлері үшін біршама қажеттілікті үйреніп келеді. Технология пәні арқылы біліммен қатар, еңбексүйгіштікке тәрбиеленуде. “Ұлттық нақыштағы бұйымдарымызды, ұлттық қол өнерімізді осы пән арқылы жандандырып отыруға мүмкіндігіміз зор.  Әрине ол пән мұғаліміне байланысты. Оқушыларды қолөнерге, еңбек пәніне қызықтыру үшін қазіргі тренд болып жатқан бұйымды үйреніп алып оны оқушының алдында жасап тұрсаңыз және сол өнермен табыс тапсаңыз көптеген қыздар әр ісіңді асқан қызығушылықпен үйреніп алады екен”-дейді Айжан ұстаз. Айжан ханым қолөнердің бірнеше түрімен айналысады, атап айтсақ, тоқыма тоқумен, құрақ көрпе құраумен және киімді пішіп тігумен айналысады. Моншақ тастармен сөмке сынды әртүрлі бұйымдар тоқып, кесте тігеді, алдағы уақытта оқушыларға үйрету мақсатында киіз басу және жүннен неше түрлі сүйретпелер басуды меңгеруді қолға алып жатыр. Технология мұғалімінің айтуынша, оқушыларға өздері жасаған бұйымның жерде қалмай, табыс көзіне айнала алатындығын көрсету қажет.

Айжан ханым қолөнер бұйымдарына сұраныс көптігін, көп жағдайда үлгермей жататындығын айтып таңғалдырды. Сол себептен, неше түрлі бұйымдар жасау арқылы табыс тауып жатқан оқушылары да бар көрінеді.    Инстаграмм парақшасы арқылы онлайн шеберлік сабақтарын да өткізеді. Ол да нәтижесіз емес.

Қолөнер бұйымдары жайлы толығырақ білу немесе тапсырыс беру үшін маманның арнайы инста парақшасын қалдыруды жөн көріп отырмын. aizhan_brand  7 жылдық тәжірибесі бар маманның инста парақшасы оқырманның игілігіне жарап қалар.

Жексенбай Айжан Әлнұрқызы ұстаз болғалы, мектеп оқушыларының технология пәніне деген қызығушылығы артқанын ата-аналардың өз аузынан естідік. Дәл осындай өз ісінің шеберлері білім ордаларына ауадай қажет.

Ақерке БИЖАН

Жаңалықтар