4 C
Нарынкол
spot_img
ДомойБас тақырып | О главномСІБІР ЖАРАСЫ - ӨТЕ ҚАТЕРЛІ АУРУ

СІБІР ЖАРАСЫ — ӨТЕ ҚАТЕРЛІ АУРУ

Сібір жарасы – жануарлар мен адамдарда болатын аса жұқпалы ауру. Ауыл шаруашылық малдарының барлығы және жабайы жануарлардың көптеген түрлері ауырады. Сібір жарасымен ауырған кезде карбункалар шығады, түрлі ағзалары серроздық-геморрагиялық қабынады. Қоздырғышы капсула мен спора құратын Bacіllus anthracіs бацилласы жер қыртысында көбейеді және ондаған жылдар бойы сақталады. Сондай-ақ суыққа да төзімді болады. Ауру қоздырғыштарын таратудың негізгі көзі – сыртқы ортаға бөлініп шығатын ауру малдардың зәрі, сүті, сілекейі. Сібір жарасынан өліп, кезінде жиналмаған қой өлексесі өте қауіпті. Қоздырғыштары тері зауыттарының, мал көмген орындардың маңайында, жайылымдарда, мал су ішетін орындарда жиі кездеседі. Ауру көбіне жазда (шілде – тамыз айларында) байқалады. Ауырған мал жүріп келе жатып тоқтап қалады, мойнын соза береді, танауы делдиіп, аузын ашып, ауыр тыныс алады, кейбіреулері қанды зәр шығарады. 2 – 16 сағат ішінде мал жүре алмай, жығылып қалады, аяқтары тартылады, мұрны мен аузынан қанды көбік ағады. Өлексесі өте тез ыдырайды. Малдың іші кеуіп, ісінеді, көкбауыры тым үлкейіп, қанға толып тұрады. Күйіс қайыратын малдарда және жылқыда жүрек соғысы мен тыныс алуы жиілейді, сілекейлі қабығы көгереді, тәбеті нашарлайды, дірілдеп, денесінің әр жерінде жаралар пайда болады. Шошқалардың мойнында ісік пайда болып, тыныс алу мен жұтыну қызметі бұзылады. Сібір жарасының алдын алу үшін бүкіл малға СТИ-1 немесе ГНКИ вакцинасын егеді. Вакцина егілгенен кейін имунитет (ауруға қарсы тұру қабілеті) 12-14 күнде пайда болып 1 жылға созылады. Бұған қоса жайылымдар, қой суаратын орындар, үй маңындағы телімдер малдәрігерлік-санитарлық талаптарға сай болуы тиіс. Адамдарға Сібір жарасы ауру малдарға күтім жасағанда, мал өнімдерін өңдеу кезінде, ауру малдардың сүті мен етін тағамға қолданғанда жұғады. Көбінесе тері жамылғысында көрініс береді, өкпе мен ішекте сепсиз түрінде өтуі – сирек кездеседі. Сібір жарасы  ауруының қоздырғышы қоршаған ортаға төзімді болып келеді: топырақта ол ондаған жылдар бойы сақтала алады. Ауру жеке органды ғана емес, тұтас ағзаны да зақымдайды. Инфекция көзі науқас жануарлар болып табылады: ірі қара мал, жылқылар, есектер, қойлар, ешкілер, бұғылар, түйелер. Сібір жарасы (қойда — топалаң, жылқыда — жамандат, ірі қарада — караталак, түйеде — ақшелек, қарабез, адамда күйдіргі немесе түйнеме) деп аталады.  Сібір жарасынан өлген малды сойған кезде оттегінің әсерінен қоздырғышы спораға айналатындықтан мұндай малды жарып көруге қатаң тиым салынады. Спора әр түрлі химиялық заттар мен физикалық құбылыстарға аса төзімді, тіпті ол тікелей түскен күн сәулесінен 4 күнге дейін өлмейді, қайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа, 1 пайыз формалин мен 10 пайыз күйдіргіш натрий ерітіндісінде 2 сағатқа төзеді. Ол тұздалған теріде де тіршілік ете береді. Ауру қоздырғышы сыртқы ортада сапрофит ретінде өмір сүріп, шаң-тозаң, ағынды су, қан сорғыш кенелер арқылы бір жерден екінші жерге ауысып жаңадан індет ошағын құрайды. Аталған аурудың клиникалық белгілері барлық мал түлігінде негізінен ұқсас болады. Соның ішінде қой топалаңын сипаттауды жөн көрдік. Бұл індет қойда аурудың клиникалық белгілері білінбейтін және білінетін болып екі түрде жүреді.

Бірінші түрінде қой бірден, 1-2 күнде өліп тынады, ауру өте жіті өтеді, көп ретте ішектер қабынады. Екінші түрінде қой денесінде жара мен тері және тері асты ісіктері пайда болып, індет 5-7 күнге созылады. Әуелгі кезде қой денесінің әр жерінде көлемі онша үлкен емес, ұстап көрсең, мал ауырсынып, қолға қатты тиетін қызулы қайтқан ісікке, одан қайтадан ортасы сарғыш қатерлі жараға айналады.

Топалаң әдетте аса жіті және жіті, сирегірек жітіден төмен өтеді. Созылмалы түрі шошқада кездеседі. Аса жіті топалаң негізінен қой мен ешкіде, сирегірек жылқы мен сиырда байқалады. Ауырған мал кенеттен, аурудың клиникалық белгісі байқалып үлгермей-ақ, өліп кетеді. Мұндай жағдайда қой ентігіп, дірілдеп-қалшылдап, кейде орнында секіріп барып құлайды да, бірер минуттың ішінде өледі.

Топалаң ауруынан өлген жануардың қаны қара май түсті болады, ұйымайды, сондықтан өлген жануарлардың ішін жаруға немесе терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін.

Топалаң ауруының түрлері:

• тері түрі – қоздырғыш енген жердегі теріде жазылмайтын жара пайда болады. Қоздырғыш енген тері жамылғысында 2-3 күн өткен соң қызылтым немесе көкшіл түсті дақ пайда болады. Сол жер қышып, теріні сәл күйдіргендей боп басталып, үдей түседі. Бөртпе 12-24 сағат өткеннен кейін диаметрі 2-3 мм, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген бөртпеге айналады, уақыт өте келе оның ішіндегі сұйықтық қою түске боялып, қан араласады. Бөртпе қышып шыдатпаған соң, ауруға шалдыққан жануар оның  бетін жаралап тастайды. Ірінді бөртпенің орнына беті ашылған өлі етті қабыршақ пайда болады. Дәл осы қабыршақ сібір жарасының негізгі белгісі, дерттің атауы да осы қара даққа байланысты шыққан (anthracis-углевик). Қабыршақ қатты, тығыз, күйдірілген сияқты болады, оның айналасын қызыл түсті жиек қоршайды. Алғашында қабыршақ көлемі үлкен емес , диаметрі 2-3 мм. құраса, бірте-бірте оның мөлшері ұлғайып, оның шығыңқы бөлігі тері деңгейінен төмен түсіп, түсі қап-қара болып, тығызданады..

Сібір жарасы ауыруы бойынша сиппатама 18 ғасырда жасалған- аталмыш дерт Сібірде кеңінен таралғандықтан сібір жарасы атауына ие болған. Ауру көбінесе Азия, Африка, Оңтүстік Америка, Ресей, Татарстан, Қазақстан және басқада елдерінде бар. Қазақстан Республикасы аумағында соңғы 60 жыл ішінде 1700-ден астам сібір жарасы бойынша стационарлы –қолайсыз пунктер тіркелген, бұл пунктерде 2600-ден аса сібір жарасы анықталған ошақтар тіркелген.

Адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы – жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Бүгінгі күнде егу жұмыстары жоспарлы түрде ветеринария мекемелерінде тегін жүргізіледі. Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау – дерттің кең етек жайылуына себепші болып, мұның салдарынан адамдар сібір жарасына шалдығатының естерінен шығармаса игі болар еді.Топалаңға ауруына қарсы вакцина егілгеннен кейін 15-20 күнге дейін етін пайдалануға қатаң тиым салынады. Егер екпе егілгеннен кейін 10-күнде жануар өліп қалса оның терісін сыдыруға болмайды.

Берік ҚАСЫМХАНОВ,

аудандық ветеринариялық

станциясының эпизоотолог

мал дәрігері  

Жаңалықтар