2025 жылғы 30 маусымда Мемлекет басшысы бірқатар нормативтік актілерге өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Соның ішінде «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңға енгізілген жаңа түзету қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әбдінұр Тасыбаев жаңа нормалардың мәні мен мақсатын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары алдымен халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл өзгерістің қоғамдық мүддеге сай екенін жеткізбек. Полицияның басты ұстанымы – тұрғындармен сенімді қарым-қатынас орнатып, қауіпсіз ортаны қалыптастыру. Жаңа талаптың негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейнебақылау жүйелері арқылы тұлғаны тануды жеңілдету. Бұл өзгеріс құқық қорғау органдары үшін қылмыстың алдын алуда және қылмыскерлерді анықтауда тиімді құрал болмақ. Алайда, заңда бұл талаптан тыс жағдайлар нақты көрсетілген. Медициналық қажеттілік туындағанда, қолайсыз ауа райында (мысалы, шаңды боран, қатты суық), сондай-ақ қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындау кезінде бетті жабуға рұқсат етіледі. Бұл, әсіресе, құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет мамандарына қатысты. Сонымен қатар, діни сенімге байланысты киілетін хиджаб, шейла, химар сияқты бет-әлпетті жаппайтын бас киімдерге бұл шектеу қолданылмайды. Бұл норма діни еркіндікке нұқсан келтірмей, тек қауіпсіздікке қатысты мәселелерді реттеуге бағытталған. Заңда бұл ереже профилактикалық сипатқа ие деп көрсетілген. Яғни, бастапқыда басты назар түсіндіру жұмыстарына аударылады. Әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолдану көзделмеген, заңнаманың өзге баптарына өзгерістер енгізілмейді.